Бүгінде болашақтықтар алған тәжірибелерін сәтті жүзеге асыру мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде өмірдің сан алуан саласында жемісті қызмет етуде. Солардың бірі – мемлекеттік қызметші, жерлесіміз Самат Ыбыраев. Жуырда Астанаға барған сапарымда онымен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Самат Сабырұлы, алдымен өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз …
– Мен – біздің өңіріміздің ғана емес, исі қазақ жұртының даңқын әйгілеген, небір ұлы тұлғаларды құндақтаған Шал ақын ауданының тумасымын. Атам Смағұл Ыбыраев – Екінші дүниежүзілік соғыстың куәгері, қан майданда көрсеткен ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған Ысқақ Ыбыраевтың туған інісі, ал нағашы атам Қошан Жантілеуұлы – сөзі мірдің оғындай Шал ақынның тікелей ұрпағы. Осындай ардақтылардың артына қалдырған өсиетін тыңдап өскенімді мақтанышпен айта аламын. Ата-анам осы кісілердің көздері тірі кезінде жасаған ерліктерін, өнегелі істерін бізге үлгі ретінде майын тамызып айтып отыратын. Әкем Сабыр Ыбыраев пен анам Айжан Қошанқызы да – саналы өмірлерін білім саласымен, бала тәрбиесімен сабақтастырған жандар. Петропавлдағы М. Жұмабаев атындағы колледж жанындағы лицейді тамамдағаннан кейін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих және құқық факультетіне оқуға түстім. Университет қабырғасында өткізілетін қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуым жан-жақты шыңдалуыма жол ашты, “Еңбек ширатады, өмір үйретеді” деген қағидамен алға қарай адымдауға дағдыландырды. Спортта да, оқуда да, өнерде де белсенділік танытып, ұстаздарымның зор ықыласына ие болып жүрдім. Тіпті, жастар саясатына қатысты бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырғаным үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Алғыс хат алуым мені одан сайын қанаттандыра түсті. Одан өзге облыс әкімінің, университет ректорының Құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталғанымды еңбегімнің, ізденісімнің жемісі деп есептеймін.
– Содан кейін еңбек жолыңыз басталды ғой …
– Әрине. Кейде еңбек жолым студент кезімде басталғандай көрінеді маған. 2006 жылы оқуды жақсы бағамен тамамдаған соң “Казкоммерцбанк” акционерлік қоғамына қызметке орналастым. Банктегі қай жұмыс та оңай емес. Оны игеру үшін адамға, ең алдымен, талант пен білім, мінез бен тәрбие керек. Адамдармен қарым-қатынас орнату, тез тіл табысу, қаржылық сауаттылық өте маңызды. Оны игеріп, тәжірибемен ұштастыру үшін осы саланы жетік меңгеру қажеттігі айдан анық еді. Ойланбастан, банк ісі мамандығына оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп шықтым. 2008 жылы Астана қаласындағы Сарыарқа ауданы әкімінің көмекшісі болып жұмысқа қабылдандым.
– “Болашақ” бағдарламасы талапты, дарынды жастардың жолын ашып, үлкен өмірге қанаттандырып келеді. Сіз де осы бағдарламаның игілігін көріп, Англияда мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алдыңыз.
– Мемлекет басшысы сол бір қиын-қыстау кезеңде талантты жастарды шетелдерде оқыту жөнінде нақты байлам жасағанда, Қазақстанда ұзамай басталатын нарықтық экономика мен жаңа, заманауи реформаларды жүргізетін білікті мамандар, жас кадрлар екенін болжай білді. Тарихқа көз жүгіртсек те, бүгінін емес, болашағын ойлайтын елдер қашан да осындай тың бастамаларға барып отырған ғой. Өркениетті елде білімімді жалғастыру бақытын алдымнан ашылған зор мүмкіндік деп түсіндім. Емтихандардан сәтті өткен соң Англияның Кембридж және Лондон қалаларында ағылшын тілін меңгеріп, Шейфельд университетіне қабылдандым. Шыны керек, екі мыңыншы жылдарға дейін ел билігінде осы саланың нағыз мамандары аз ұшырасты. Еңбек жолдарын ұстаз, дәрігер, заңгер болып бастап, кейін осы салаға ауысқандардың саны басым болатын. Дамыған елдерде бұл мәселе әлдеқашан бір жолға қойылған. Билік пен қоғам арасындағы қатынас өте күрделі. Оны осы модельді жан-жақты білетін, мемлекеттік басқару жүйесінде пісіп-жетілген, маман ретінде қалыптасқан билік өкілдері ғана шеше алады. Олардың мемлекеттік қызметтің әдісі мен тәсілін бес саусақтай игерген, жаңа көзқарасы қалыптасқан, еліміздің болашақтағы саяси және экономикалық моделін болжай білетін қабілеті болуы тиіс.
– Бүгінде Астана қалалық әкімдігінде жауапты қызметтердің бірін атқарып отырсыз. Мемлекеттік қызметші ретінде сізді еліміздегі және өңіріміздегі жастардың қандай мәселелері толғандырады?
– Еліміз әлемнің өркениетті отыз мемлекетінің қатарына қосылуы үшін, ең алдымен, жоғары білімді жастардың ресурсы қажет. Өрендер алған білімдерін ел мүддесі жолында пайдалана білулері маңызды. Әрине, бұл жастардың жаппай жоғары білімді болуы қажет деген сөз емес. Олар қандай мамандықты игерсе де, өздері таңдаған саланың нағыз майталманы болуға бар күш-жігерлерімен ұмтылғаны жөн. Қазірдің өзінде биотехнология, нанотехнология, робототехника, ақпараттық технология сынды көптеген жаңа мамандықтар пайда болды. Оларды игеру үшін ғылым мен техниканың тетігі – ағылшын тілін үйрену қажет. Шыны керек, өз өміріне ғана емес, елдің болашағына деген көзқарасы қалыптасқан жастарды еліміздің бас қаласынан көп кездестіремін.
Кез келген елдің экономикасының дамуының тетігі кәсіпкерлікке келіп тіреледі. Ендігі кезек осы салаға жастарды тарту, өрендердің кәсіпкерлік білім көкжиегін арттыру. Жапония, Малайзия сияқты өркениетті елдерде шағын кәсіпкерлік нысандарының саны барлық кәсіпорындардың жалпы санының 95 пайызынан асады екен. Бұл мемлекет кез келген қаржылық дағдарысқа төтеп бере алады деген сөз. Еліміздегі жоғары және арнаулы білім беретін оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастарының көбі болашақта өз мамандықтары бойынша қызмет атқарғысы келетіндігі жасырын емес. Олардың көкіректерінің түбінде жасырынып жатқан армандарына қозғау салу үшін жастардың бойына кәсіпкерлік сана қалыптастыру, ынта-жігер орнықтыру қажет. Канада, Германия, Италия сияқты елдердегі колледждерде, университеттерде оқитын студенттерге сабақтан тыс қосымша білім ретінде кәсіпкерлікке үйрететін арнайы курстар, үйірмелер жұмыс істейді. Біздің отандық білім жүйесіне де осындай тың тәсілдерді енгізу дұрыс деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.