«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ АЖАРЫ

Мамлют ауданындағы Бексейіт ауылы – түтіні тік ұшқан елді мекендердің бірі. Қазақылықтың исі аңқыған осынау шағын елді мекеннің жұпар ауасымен тыныстап, шаңына аунап өскендердің бірі – менмін.

Мен болашағымды механизатор мамандығымен байланыстыруға ұйғардым. Петропавл кәсіптік-педагогикалық колледжінде оқи жүріп, осы саланың қыр-сырына қаныға бастадым. Колледжді ойдағыдай тамамдағаннан кейін екі қолға бір күрек табу мәселесі де оңай шешілді. Бүгінде “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінде механизатор болып жұмыс істеймін. Серіктестікте екі жүзге жуық адам қызмет етуде. Олардың әрқайсысы дәл қазіргі күзгі егін орағы қызып тұрған уақытта күн демей, түн демей жұмыс істеуде.

Еліміз соңғы жылдары әлем елдерін тығырыққа тіреген экономикалық дағдарысты бастан өткеруде. Мемлекетіміздің негізгі қазынасы – мұнай бағасының екі-үш есеге төмендеуі, ел бюджетін қырық пайызға дейін қысқартқандығын естіп, біліп отырмыз. Алайда, ауыл шаруашылығы өнімдері ешқашан құлдырамайтыны, оған деген сұраныстың кемімейтіні анық. Сондықтан да осы салада ерінбей еңбек етіп, оның өнімдерін ұтымды пайдалану дәл қазіргі уақытта өте маңызды деп ойлаймын.

Еңбектің наны тәтті демей ме? Адал еңбегімізбен алған еңбекақымызды пайдаланғанда оның берекелі болатынына талай мәрте көз жеткізіп жүрмін. Жуырда өткен “Парыз – 2016” байқауының өңірлік кезеңінде облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолынан “Ең үздік жас слесарь” аталымы бойынша Алғыс хат алуым мені одан сайын қанаттандырып, өз кәсібіме деген ынтамды арттыра түскендей болды.

Ауыл – жастарымен ажарлы емес пе?! Байқасам, сол ауылдардың көбі жұмысшы мамандықтарын игеріп, туған жерімде түтін түтетіп, оның дамуына атсалысамын деген арманы бар жігерлі, жалынды жастармен көркеюде. Бүгінде мемлекет тарапынан жастардың кәсіптік білім алуларына барлық жағдайлар қарастырылған.

Адамның қабілеті мен мақсаты үндескен мамандық қана өз жемісін береді. Сондықтан да әрбір өреннің біздің басты байлығымыз – құнарлы топырақтың, қасиетті ауылдың қорғаушысы болуы маңызды деп білемін.

Тұрар ҚАСЫМОВ,

“Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің механизаторы.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp