Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы – Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің басшысы Е.Әбдірахманов ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті өкілдері оны 250 000 теңге сомасындағы кезекті парасын алу үстінде қолға түсірді.
Е.Әбдірахманов қол астындағы қызметкерлердің бірін жұмыстан шығарамын деп қорқытса, тағы біреуіне қызмет бабы бойынша қамқорлық көрсететінін айтып, олардан жүйелі түрде ақша алып келген.
Өзінің қылмыстық әрекеттері барысында департамент басшысының заңсыз түрде 1 500 000 теңге алғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта лауазымды тұлға Петропавл қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
(Өз тілшіміз).