«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛШІМЕН КЕЗДЕСУ

 

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Kyzylzhar Invest – 2016” халықаралық инвестициялық форумына келген Индонезия елшiсi Фостер Гултоммен кездесті. Кездесу барысында құрметті қонақ форумға қатысып, Қызылжар өңiрінің бүгінгі әлеуетімен танысқанын айтса, өңір басшысы облыста инвесторларға қолайлы жағдай жасалып отырылғанын жеткізді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев инвесторларға қолдау көрсету жөнiнде нақты тапсырмалар беріп, оның орындалуын назарда ұстайды. Бiздiң өңiрде ресейлiк, қытайлық және финляндиялық инвесторлар белсендi жұмыс істеуде. Бұл компаниялар мүмкiндiктерiмiзбен толық танысқаннан кейін ынтымақтастық орнатудың тиімді екенін түсінді. Бiз инвесторларды 5 жылдан 10 жылға дейiн салық төлеуден босатамыз.

Сонымен қатар, мемлекет нысан пайдалануға берілгеннен кейін инвестициялық қаржының бір бөлігін қайтарады. Автокөлiк жолдарынан басқа барлық инженерлiк коммуникация жұмыстары мемлекет есебінен жүргiзiледi, – дедi Ерiк Сұлтанов.

Инвесторларға, шын мәнінде, қолайлы жағдай жасалғанын түсінген Фостер Гултом өңiрмен ынтымақтастық орнатуға ынталы екендігін бiлдiрдi.

– Индонезия кәсіпкерлеріне Солтүстік Қазақстан облысы жайлы айттым. Олар қызығушылық танытып отыр. Бiз үшiн ауыл шаруашылығы саласы тартымды. 253 миллион тұрғыны бар Индонезия халқының саны жағынан әлем бойынша төртiншi орын алады. Осыған байланысты астық, бидай мен ұнға сұраныс өте жоғары. Бiздiң елдегі тропикалық ауа райы бидай өсiруге мүмкiндiк бермейдi. Жыл сайын шетелден 5 миллион тоннадан астам астық сатып аламыз, – дедi Фостер Гултом.

Жиын барысында дайын өнiмдi Индонезияға тасымалдау мүмкiндiктерi мен ынтымақтастықты дамытудың өзге де жолдары қарастырылды. Ал кездесу соңында екі тарап бір-біріне естелік сыйлықтар тарту етті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp