
Республикалық ардагерлер ұйымының облыстық филиалында “Досуг” деп аталатын ардагерлер клубы ашылды.
Қарттар күні мерекесінің қарсаңында облыс әкімі Ерік Сұлтанов соғыс ардагері Сұлтан Мұхамеджановтың үйіне барып, мерекемен құттықтаған болатын. Әңгіме барысында соғыс ардагері өңір басшысына қатарластарымен бірге бос уақыттарын өткізетін орынның жоқтығын айтқан еді. Енді, міне, аз уақыттың ішінде жөндеуден өткізіліп, жиһаздар қойылған клуб өз жұмысын бастады. Бұл – аға буын өкілдеріне жасалған тарту.
Ардагерлер клубына келген өңір басшысы Ерік Сұлтанов ақсақалдарды клубтың ашылуымен құттықтап, үстел ойындарын сыйға тартты. Кездесу барысында облыс басшысы өңірде болып жатқан өзгерістер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, ел ағаларының талап-тілектерін тыңдап, емен-жарқын әңгімелесті. Ардагерлер болса, өтініштеріне құлақ асып, көңіл бөлгені үшін облыс басшысына ризашылықтарын білдірді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізовтің айтуынша, облыс орталығында 40 мыңнан астам зейнеткер болса, соның 112-сі – Ұлы Отан соғысының ардагері. Олардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында әртүрлі шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, жуырда шахмат, тоғызқұмалақ және дойбыдан жарыс өткізілген. Енді облыс орталығында тұратын ардагерлер клубта тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, домино және лото ойнау мүмкіндігіне ие болды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.