Апта басында облысымызға “Kyzylzhar Invest – 2016” халықаралық форумына қатысу үшiн Индонезия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Фостер Гултом бастаған делегация келген болатын. Жұмыс сапары аясында өңірдің кәсіпкерлер палатасының басшылығымен және жергілікті кәсіпкерлермен кездескен елші Солтүстік Қазақстан облысы мен Индонезия арасында экономикалық байланыс орнатуға ниетті екенін білдірді.
Кездесу барысында Фостер Гултом жиынға қатысушыларды Индонезия Республикасының экономикалық ахуалымен таныстырып, екіжақты экономикалық байланыстардың мүмкіндіктерін тілге тиек етті.
Фостер Гултомның айтуынша, шетелдік делегация Қазақстанның бірнеше облысымен келісімшарт жасамақ. Ал біздің өңір ауыл шаруашылығы саласымен тартымды. Ол Индонезияда өсімдік майы, каучук және жиһаздарды экспорттау әлеуеті зор екенін жеткізді. Сауда-саттықты “Қорғас” шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы және “Ляньюган” порты арқылы ұйымдастыру ұсынылды.
Шара барысында жергілікті кәсіпкерлер де өзара әріптестік орнатуға қызығушылық танытты. Атап айтқанда, өңірдегі ірі ұн өндіруші кәсіпорындардың бірі “DEZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Индонезияға жылына 50 мың тонна ұн жеткізуге ниетті.
Екіжақты кездесу барысында қадірменді қонақ тиімді жұмыс істеу мақсатында солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер палатасының басшылығына индонезиялық әріптестерімен меморандумға қол қоюды ұсынды. Бұл екі ел арасындағы сауда-саттық саласына серпін бермек.
Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов экономикасы дамыған Индонезиямен байланыс орнату облыс үшін маңызды екенін айтып, екі ел арасында ұзақмерзімді ынтымақтастық орнайтындығына сенім білдірді.
Кездесу барысында қос тарап сауда және инвестиция салалары бойынша тәжірибе алмасу, екі жақты сауда және экономикалық байланысты дамыту мәселелері бойынша әріптестік байланыс орнату туралы келісімге келді. Екi жақ дайын өнiмдi тасымалдау мүмкiндiктерi мен ынтымақтастықты дамытудың өзге де жолдарын талқылады.
Динара БЕКТҰРОВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.