Петропавл ет комбинатының бұрынғы еңбеккерлері зейнеткерлікке шыққан соң өздері жұмыс істеген кәсіпорынмен байланысын үзіп алған. Бүгінде қаламызда тұрып жатқан кәсіпорын зейнеткерлерінің жалпы саны – 292 адам. Үстіміздегі жылы оларды өз қамқорлығына алған “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының бастамасымен Қарттар күніне арналған мерекелік шара өтті.
Кәсіпорын ардагерлерін “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов құттықтады. “Сіздер біздің атадан бабаға жалғасып келе жатқан қастерлі құндылықтарымызды сақтап, оны өскелең ұрпаққа бұлжытпай жеткізіп келе жатырсыздар. Сондықтан елімізде қазыналы қарттарымыз ретінде өздеріңізге деген құрмет пен ықылас ерекше. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен жүріп өткен жолдарыңыз жастарға үлгі”, – деген Артур Молдағұлов қаламыздың дамуына өзіндік үлес қосқан алдыңғы толқын ағаларға шексіз алғысын жеткізіп, денсаулық тіледі.
Қадірменді қонақтардың назарына Петропавл қаласындағы эстетикалық тәрбие мен білім беретін №8 орта мектеп-кешенінің оқушылары мен қаламыздың шығармашылық ұжымдарының концерті ұсынылды. Қарттар “Мың бала” балалар хоры мен аталмыш мектеп мұғалімдерінің вокалдық тобының Қазақстан, туған жер, еңбек және лирикалық тақырыптардағы әндер мен домбыра, скрипка, фортепьяно, балалайка аспаптарында орындалған шығармаларды зор ықыласпен тыңдап, қошемет көрсетті. Өздерінің жастық шақтарында шырқалған әндерді естіген алдыңғы толқын өкілдерінің көңілдері жадырап, бір марқайып қалды. Олар өздеріне Қарттар күні аясында көрсетілген сый-құрметке ризашылықтарын білдірді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.