«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЛСЕНДІЛІК ЖОҒАРЫ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында қазақстандықтардың жылжымайтын мүлік пен ақшаны жария ету акциясына қатысу жайы сөз болды.

“Мүлікті жария ету акциясы басталған кезде өңірімізде әрі кетсе 1 миллиард теңгенің қаржысы заңдастырылады деген болжам жасалған еді. Бүгінде отандық банк филиалдарында 9 миллиард теңгенің есепшоты ашылып, заңдастырылды”, – деді Қазақстан Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымов.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мүлікті жария ету акциясы өтуде. Аталмыш акцияның мақсаты – Қазақстан экономикасының көлеңкелі айналымында жүрген қаржыны заңды капитал түрінде экономикаға қосымша қаражат ретінде тарту болатын. Былтыр мерзімі тағы бір жылға ұзартылған акцияның аяқталуына аз ғана уақыт қалды. Аталмыш шараны үйлестіріп отырған органдар екі жыл бойы жүргізілген жұмыстың барысын баяндап, ауқымды іс атқарылғандығын алға тартты.

Ұлттық банктің деректері бойынша қаржысын заңдастырған 3 мыңнан астам қазақстандық елдегі қаржы институттарына 1620,1 миллиард теңге құйған. Соның ішіндегі 29 шот немесе 8815,8 миллион теңге солтүстікқазақстандықтарға тиесілі. Ал жылжымайтын мүлікті жария ету үшін 1089 өтініш білдіріліп, 1741 нысан заңдастырылды. Соның ішіндегі 346-сы тұрғын үй болса, қалғаны басқа мақсаттарда пайдаланылатын нысандар. Олардың жалпы құны 5 646 078 мың теңгені құрады. Сондай-ақ, құжаттары дұрыс болмай тапсырған арнайы декларациясы өтпеген 336 меншік иесі мен 30 нысан бойынша 16 өтініш қаралу үстінде.

Мүлік, ақша, жарғылық капиталға қатысу үлесі бар қазақстандықтардың және осы елде тұруға ықтиярхаты бар адамдардың, оралмандардың көлеңкелі айналымда жүрген байлықтарын заңдастыру акциясы осымен үшінші рет қолға алынып отыр. Соңғы науқан – елімізде кірістер мен мүліктердің жалпыға бірдей декларациясын қолдану тәсілінің алдындағы шара. Бүгінде дүние-мүлкін заңдастыруға қазақстандықтардың қаншалықты үлгергенін дөп басып айту қиын. Бірақ көпшілік заң талаптарына бағынып, мүмкіндікті пайдалана білді. Акция жыл соңына дейін жалғасады, ал жаңа жылдан бастап қаржылары мен мүлкін заңдастыруға бейжай қарағандарға әкімшілік жаза қолданылады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp