Ұлттық кәсіби музыка өнерінің қарашаңырағы, халықаралық конкурстардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған “Ұлы дала мұрасы” атты концерттік бағдарламасымен біздің өңірімізде болып қайтты.
“Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Петропавл қаласына араға жеті жыл салып келіп отыр. Оркестр – 1934 жылы құрылған. Ұжымда кезінде Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев және т.б. қазақ өнерінің жарық жұлдыздары қызмет істеген. Оркестрдің қазіргі таңда алға қойған мақсаты – төл өнерімізді дамыту, келешек ұрпаққа, жастарға насихаттау. Осыған дейін оркестр әлемнің сексеннен астам елінде болып, шетелдіктерді өнеріне тәнті етті. “Біздің ұжым арқылы қазақ музыка мәдениетін әлем танып, оған Мемлекет басшысы “Қазақтың інжу-маржаны” деген ат бергені өздеріңізге мәлім. Қазіргі таңда оркестрдің құрамында 80 музыкант жұмыс істейді. Жалпы репертуарымызда 4 мың шығарма бар”, – дейді оркестрдің директоры Нұрғиса Дәуешов.
Оркестр гастрольдік сапарын Мамлют, Қызылжар, Аққайың, Есіл және Жамбыл аудандарынан бастап, облыс орталығындағы Жастар сарайында өнерсүйер қауымға күмбірлеген күйлері мен қазақтың төл туындыларынан және әлемнің классик композиторларының шығармаларынан шашу шашты. Қорытынды концерт Түркештің “Көңілашар” күйімен ашылып, ішекті аспаптың майда қоңыр әуезі тыңдаушысын бірден баурап әкетті. Кеште Ш.Қалдаяқовтың, Ә.Бейсеуовтің әндері шырқалып, халықаралық конкурстардың лауреаттары Фархат Кубиев пен Гүлнұр Көшенованың орындауында әлем классиктерінің шығармаларымен жалғасты.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, “Құрмет” орденінің иегері Шахмардан Әбілов сөз арасында осы Жастар сарайына Ермек Серкебаевтің есімін беруді ұсынды.
Концертке қатысушылар сахна саңлақтарына қошемет көрсетті. Оркестрдің бас дирижері Арман Жүдебаев пен дирижер Жексен Айсин бастаған шығармашылық ұжымның өнеріне көрермендер тәнті болып, ризашылықтарын білдірді.
Концерт соңында оркестрге облыс әкімінің ықылас гүлі ұсынылды. Одан кейін облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Нұрмұқанова сахнаға көтерілді. Нақ осы арада концерттен жақсы әсер алып, шат-шадыман болып отырған көрерменнің көңілі су сепкендей басылды. Оркестрдің құрамында бірде-бір басқа ұлттың өкілі болмаса да, басқарма басшысының орынбасары ескі әдетке басып орысша сайрасын?! Жарайды, ауру қалса да, әдет қалмайдының кері делік, ал тамам жұрттың алдында дипломға жазылған бір-екі ауыз сөзді ежіктеп оқып, жұртқа күлкі болғанын қалай түсінеміз. Сахнаға шығып, сөз сөйлейтінін білген болар, бірақ мәдениет қызметкеріне сай киім кимей, шалбармен жүргені де жұртқа ерсі көрінді. Өнерде жүрген аға-апаларымыздан сахна киелі дегенді көп естиміз. Сол сахнаны алдымен мәдениет саласында қызмет атқарып жүрген азаматтардың өздері құрметтегені жөн емес пе?!
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.