
Н.Погодин атындағы орыс драма театрында Шығыс Қазақстан облысының Солтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет күндері аясында “Проделки Ханумы” атты спектакль қойылды. Сахналық қойылымды тамашалауға облыс әкімі Ерік Сұлтанов келді.
Бұл күні киелі сахнада көрсетілген қойылымды көруге жиналған қауымның қарасы қалың болды.
Сонау 1882 жылы грузин драматургі Авксентий Цагарели “Ханума. Проделки свах” атты комедия жазған. Шығарма желісімен 1947 жылы “Котэ мен Кето” атты фильм де түсірілген. Махаббат, достық, татулық, өзара сыйластықты арқау еткен қойылым бүгінгі таңда да көрермендердің ыстық ықыласына бөленуде. Екі бөлімнен тұратын спектакльде басты рөлдерді Варвара Пак (жеңгетай Ханума), Светлана Степанова (жеңгетай Кабато), Юрий Савин (князь), Алексей Егоров (Котэ) және Надежда Коровина (Сона) сомдады. Спектакль желісі бойынша жеңгетай Ханума жасы келіп қалған князьге өмірлік жар табуына көмектеседі. Сонымен қатар, ол өзінің тапқырлығы арқасында Котэ мен Сона есімді екі ғашықтың үйленуіне қолғабыс беріп, шынайы сезімнің ешқандай байлықпен де, ақшамен де өлшенбейтінін игі істерімен дәлелдеп береді. Көптің алғысына бөленген жеңгетай Ханума өзінің де тұрмысқа шығатынын жеткізеді. Спектакль соңында бірден үш адам үйленіп, той-тойға ұласады.
Қызыққа толы шытырман оқиғаның ерекше атап өтетін тұстары аз емес. Әсіресе, басты кейіпкерлердің жанды дауыспен өлең айтып, би билеген кездері қойылымды одан сайын әсерлі ете түсті.
– Бұл спектакльді біз 2008 жылдан бері көрсетіп келеміз. Адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, риясыз, ынтық, нәзік сезімі – махаббат тақырыбындағы қойылым солтүстікқазақстандықтардың көңілінен шығады деп ойлаймыз. Мұндай кездесулер әріптестерімізбен тәжірибе алмасуға өзінің оң ықпалын тигізеді деген сенімдемін, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық орыс драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Кристина Кирдяпкина.
Қойылым соңында әртістерге облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан ықылас гүлі ұсынылды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.