Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қатысты.
Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Айдын Байматовтың айтуынша, биыл өңірде тұрмыстық жанжалдың нәтижесінде орын алатын отбасылық қылмыстардың саны 50 пайызға азайыпты. Сондай-ақ, өткен 9 айда облыс бойынша 1317 әйел қорғалса, былтыр бұл көрсеткіш 1301 болған екен. Мұндай құқық бұзушылықтар ішімдікке үйір жандар, нашақорлар тарапынан жиі жасалады.
Отырыс барысында Аққайың, Тимирязев аудандары мен Петропавл қаласында гендерлік теңдіктің жүзеге асырылу жайы сөз болды. Мәселен, әйелдердің үлесі басым Аққайың ауданында биыл “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы 6 қыз-келіншек несие алып, өз ісін ашқан. Ал Тимирязев ауданында кәсіпкерлік саласы қыз-келіншектердің арқасында гүлденгендей. Себебі, бұл ауданда көңілдері қалаған кәсіпті дөңгелетіп отырған қыз-келіншектердің үлесі 41 пайызды құрап, олар қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Облыс орталығында да осындай жағдай қалыптасқан. 22 мың бизнес субъектісінің 9 мыңнан астамына әйелдер жетекшілік етеді. Осылайша, жергілікті әйелдер өңір дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосуда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәриям Бапанованың айтуынша, сәбилердің шетінеуін азайту үшін екпе жұмыстарын уақтылы өткізу қажет. Алайда, кейбір аналар сәбилерге алғашқы екпелерді қоюға қарсылық білдіретін көрінеді. Бір жасқа дейінгі нәрестелер негізінен туабіткен дерттердің салдарынан шетінеп кететіндігін тілге тиек еткен Мәриям Қалауқызы кейбір ауруларға бүгінгі күнге дейін ем табылмағандығын жасырмады.
Отырыс соңында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова жанжал жиі шығатын отбасыларды ұдайы бақылауда ұстау қажет екендігін ескертіп, туындаған мәселелерді ұйымдасқан түрде шешуді тапсырды. Сондай-ақ, ол бір топ белсенді қыз-келіншектерді облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Ақбөпе ТӘҢІРБЕРГЕН.