Өткен сенбі күні Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында маусымның жабылуына және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған атжарысы өтті. Дәстүрлі дода биыл он алтыншы рет ұйымдастырылды.
Ұлттық ат спорты маусымының жабылуына арналған сайыстарға Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан, Астана және Ақтөбе қалаларынан 50 шабандоз қатысты. Олар жорға, құнан жарыстарда, ұшқыр және аламан бәйгеде сынға түсті.
Делебені қоздыратын дүбірлі доданың шымылдығын желіс аттары ашты. Ауыздықтарымен алысқан сәйгүліктер 1600 метр қашықтықты бағындырды. Бұл сайыста мәреге желдей есіп жеткен “Геркулестің” тізгінін ұстаған Мейірбек Ахметовтің мерейі үстем болды.
Одан кейін тұлпарлар 2400 метрде сынға түсті. Бәсекеде “Палуан” атымен қарсыластарын шаң қаптырған Геннадий Исаков мәреге бірінші келді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин жеңімпаздарға арнайы кубок, диплом және ақшалай сыйлық табыс етті.
Бұдан кейін көрермен қауым жорға жарысын тамашалады. Бес тұлпар бақ сынаған сайыста Қызылжар ауданының атынан шыққан Светлана Крылованың “Метрополі” топ жарды. Мамлют ауданының өкілі Артем Чибисовтың “Прокы” екінші болса, Фархат Жайлиевтің “Гайгон” сәйгүлігі жүлдегерлер қатарына ілікті.
Ат спортының ең айшықты сәті – аламан бәйге. Көпшілік асыға күткен 15 шақырымдық жарыста екі-үш айналымнан кейін шын сәйгүліктер алға суырылып шығып, тағы екі-үш айналымнан кейін қалғандарынан аралары алшақтай бастады. Соңғы айналымдарда аттардың біразы жарыс жолынан шығып қалды. Сонымен, бұл жарыста бас жүлде “Варпед” атты күреңнің иесі көкшетаулық Артем Элинбергке бұйырды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.