Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы көпэтносты мемлекетіміздегі келісім мен бірлікті сақтауға негіз болуда. Сәбит Мұқанов атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназияның “Леденцы” хореографиялық ансамблі жанындағы “Сударушки” этномәдени орталығы да осы мақсатты көздейді. Оның құрылғанына жиырма жылдан асты. Осы аралықта әр этнос балаларының басын біріктіріп, түрлі фестивальдарға, байқаулар мен бұқаралық шараларға қатыстырып, олардың арасында достық қарым-қатынас орнығуына атсалысып жүрген хореограф маман Марина Пикуланың еңбегі зор.
“Сударушканың” мүшелері славян халқының салт-дәстүрімен қатар өзге этностардың мәдениетін, тарихын, тілі мен ділін білуге тырысады. Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндік аясында орталық мүшелері ауданымызда тұратын әр этнос өкілдерінің салт-дәстүрлерімен танысты. Бұл ретте Марина Михайловнаға оның қызы Евгения Игоревна да қолынан келгенше көмек көрсетуде. Осы орталықтың белсенді мүшесі болған жиені Василиса бүгінде Астана қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясында білім алуда.
Үстіміздегі жылы өткен “Салт-дәстүр” фестивалінде “Сударушка” этномәдени орталығы орыс, белорус, молдаван, украин сияқты славян халықтарының ұлттық киім үлгілері мен “Единение на Калиту”, “Хна геджеси” “Яблочный спас”, т.б. дәстүрлерін көрсетіп, 1-орынға ие болды.
Антонина ГАБОВА,
“Сударушка” этномәдени
орталығының төрайымы.