Аға буын өкілдерін сыйлап, құрметтеу қанға біткен қасиет. Бұл дәстүр үстіміздегі жылғы қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығында да жалғасын тапты. “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы құрметті демалысқа шыққан зейнеткерлерімен кездесті.
“Қызылжар су” ЖШС-нің ардагерлер кеңесінің төрайымы Валентина Налимованың айтуынша, бүгінде серіктестікте 250 зейнеткер бар. Олардың басым бөлігі кәсіпорында өмір бойы жұмыс істеп, одан зейнеткерлікке шыққан. Зейнет жасындағы азаматтардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту, олардың қоғамдық, мәдени өмірге араласуы үшін көптеген жұмыстар тындырылуда.
Зейнеткерлермен тығыз қарым-қатынас орнатудың, бастарындағы қиын мәселелерін шешудің жолдары көп. Солардың бірі – олардың ізін басып келе жатқан жас қызметшілермен таныстырып, екі ұрпақ арасында сабақтастық орнату. Осыған орай, өндіріс майталмандарын ұлықтау, олардың еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі етуді көздеген шара барысында қарт жұмысшылар кәсіпорынды аралап, жас қызметкерлермен өткен кезеңдер туралы естеліктерімен бөлісті.
Мерекелік шараға келгендердің бірі – Байзолла Әбілдин. Мекемеде 27 жыл жұмыс істеп, 1996 жылы зейнет демалысына шыққан ол кәсіпорынның қарамағындағы коллекторлар, камералар мен құдықтарға жауап берген. Өз ісіне жауапты маманның учаскесі әрқашан басшылық сенімінде болған. Әлі де қимылы ширақ қария көрсеткен қошеметтері үшін әріптестеріне алғысын жеткізді. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, ақ пейілді, жаны қайырымды Байзолла атаны әр кез ақылын айтып, қарайласып тұратын асыл жан ретінде танимыз. Қазыналы қартқа қашанда қамқорлық бар.
Ал 20 жыл экскаваторшы болып жұмыс істеген Валерий Курченков – әріптестері арасында ұйымдастырылатын шахмат пен шаңғы жарыстарына белсене қатысып, саламатты өмір салтын ұстанушылардың бірі. Зейнет демалысына шықса да кәсіпорын жиындарының белсенді қатысушысы. Ол өзінің әріптесі Алексей Новожиловпен бірге істен шыққан екі экскаватордан жұмысқа жарамды бір техника құрастырып, сонымен 14 жыл бойы жұмыс істеген. Қадірменді қонақтарға арнайы ұйымдастырылған экскурсия барысында Валерий Васильевич мекеме автопаркінде болып, сужаңа техниканың тізгінін ұстап көру мүмкіндігіне ие болды. Ал кәсіпорында жүргізуші, құрылысшы, фильтрлеуші, инженер және диспетчер болып еңбек еткен зейнеткерлер өздерінің бұрынғы жұмыс орындарында болып, жастармен тәжірибе бөлісті.
Кәріз тазартқыш құрылғы кешенінің бастығы Андрей Новиков еңбек ардагерлерін күрделі жөндеуден өткен ғимаратпен таныстырып, жөндеу жұмыстары барысында пайдаланылған жаңа технологиялар туралы баяндады.
Қарттарға қол ұшын созып, шын жүректен жасалған бұл қайырымдылық бір аймен шектеліп қалмайды. Қарияға деген қамқорлық – қартайғанда өзіңе қайырылар қарыз деп білетін мамандар шара соңында аға буын өкілдеріне сыйлықтар жасап, дастарқан жайды.
Салтанат ЖӘКЕНОВА,
“Қызылжар су” ЖШС-нің баспасөз хатшысы.