Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалындағы кезекті баспасөз мәслихатында метрология, стандарттау және сертификаттау жүйесінің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері сөз болды. Техникалық реттеу және метрология департаментінің басшылығы мекеменің құрылу тарихы және саланың заңнамалық құжаттары туралы әңгіме өрбітті.
Техникалық реттеу мен метрология адам өмірі мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сауда-саттықтағы техникалық кедергілердің жолын кесуге, қолданыстағы тауарлар мен бұйымдардың дәлдігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Департамент басшысы Василий Чепухин бүгінгі таңда елімізде 68883 нормативтік-техникалық құжат қолданыста жүргендігін атап көрсетті. Соның 6118-і – Қазақстан Республикасы бекіткен стандарттар болса, қалғандары – халықаралық ұйымдардың қолданыстағы өлшемдері. Департамент техникалық реттеу және регламенттер бойынша соңғы 10 жылдың ішінде 3036 тексеру шараларын жүргізіп, 1572 заңсыздықты әшкерелеген. Яғни, тексерістен өткен әрбір екінші нысан техникалық регламенттер мен стандарттардың тиісті өлшем бірліктерін сақтамаған. Жауаптылар әкімшілік жазаға тартылып, 25987372 теңгенің айыппұлын төлеген.
Аталмыш департамент басшысының орынбасары Бейбіт Әбілев Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне белгіленген стандарттар және оларды қадағалау барысын сөз етті. Мемлекеттік рәміздер бейнеленген бұйымдар біздің өңірге сырттан әкелінетіндіктен, департамент жергілікті атқарушы органдармен бірге олардың пайдалану тәртібін ғана қадағалайды. Рәміздерді пайдаланған кезде ұлттық стандарттардың талаптары сақталмаса, 50-ден 500 айлық есептік көрсеткіште дейін айыппұл салынады. Биыл департамент 50-ге жуық тексеріс жүргізген.
Департаменттің бас маманы Вадим Маршаков денсаулық сақтау саласы адам өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты болғандықтан, тексерістер жиі ұйымдастырылатынын айтты. Әсіресе, медициналық құрал-жабдықтардың өлшем бірлігінің дәлдігі маңызды. Құралдың дәлме-дәлдігі диагнозды анықтап, ем-домның дұрыс белгіленуіне де зор ықпал етеді. Соңғы 10 жылдың ішінде департамент медициналық қызмет көрсететін мекемелерді тексерген кезде 3013 өлшем құралын қолдануға тыйым салған.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.