
Небәрі ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде қарышты қадаммен көш түзеп, өркениеттің керуеніне қосылған қуатты Қазақстанның өмірінде жастардың алатын орны ерекше. Оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен қамқорлық та айрықша. Жастар сарайында өткен “Тәуелсіздіктің жас жұлдыздары” атты облыстық жастар форумында аға ұрпақ өкілдерінің ізін жалғастырушы – болашақтың бағбандарына артылатын сенім мен үміттің еселене түскені байқалды.
Өңір өрендерінің бастарын бір арнаға тоғыстырған жиында сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастармен кездесуінде: “Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі де биік болады”, – деген болатын. Жас ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, оларды жұмыспен қамту, саламатты өмір салтын ұстануға дағдыландыру, талантты өрендерді қолдау мемлекеттік жастар саясатының басты басымдықтары болып саналады. Бұл басымдықтар Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында, Елбасының Жолдауларында, “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар тәжірибесі” сияқты тағы да басқа мемлекеттік бағдарламаларда көрініс тапқан. Бүгінде “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымызға қарасты бес ауданда алты жатақхананың құрылысы басталды. Сіздерге аға буынның ізін жалғастыру, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, XXI ғасырда Қазақстанның өркендеуі мен әлемге танылуын қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр. Өңіріміздің белсенді жастары жаңа Қазақстанды құруға өз үлестерін қосады деген сенімдемін, – деді.
Содан кейін өңір басшысы өмірдің әртүрлі саласында жемісті қызмет етіп келе жатқан бірқатар өрендерге он бір аталым бойынша Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етті.
Форум барысында жұмысшы және ауыл жастарының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жас кәсіпкерлер мен тәуелсіздік құрдастары сөз алып, еліміздің егемендік жылдары жеткен жетістіктері, айтулы асулары жайында әсерлі әңгіме өрбітті. Тұғырлы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шара соңында облыстық филармонияның өнерпаздары ел , Отан, туған жер туралы патриоттық әндер шырқап, қатысушыларды тәтті сезімге бөледі.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.