Айыртау ауданындағы береке қонып, түтіні түзу ұшқан ауылдардың бірі ғана емес, бірегейі – Бірлестік десем, асыра айтпаспын.
Бірлестік дегенде есіме кеңес заманында Қызылжар-Көкше өңіріне атағы жайылған суырып-салма ақын Байжұман Ғабдуллин оралады. Оның күнделікті өмірде орын алған кемшіліктерді сын садағымен нысанаға алып, жебедей шаншыған әзіл-сықақ жырларын жұрт жатқа айтып жүруші еді.
“Орманшының “жақсысы” –
Ағаш кессең, ұстайды.
Қойнына тықсаң бір “жарты” –
“Тағы да кес!” – деп, қыстайды, – деген бір шумақ өлеңі сонау бала кезімнен бері менің де жадымда сақталып қалыпты. Маскүнемдік дерті меңдеп, азғынданған кеңестік қоғам шындығын қалай қатыра шенеп айтқан десеңізші?!
Байжұман ағаның ізін басқан ауылдас інілері Тайлақ Жалмұрзенов пен Бекболат Махметов те ақындық өнерлерімен танылған. Бұл ауылдан басқа да талай жақсы-жайсаң азаматтар шыққан.
Бірлестік бір кезде “Карасев” кеңшарының бөлімшесі болған шағын ауыл еді. Еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға бағытталған экономикалық саясатына сәйкес берілген қолайлы мүмкіндікті мүлт жібермей пайдаланып, қораларындағы мал басын барынша көбейтуге күш салған тұрғындардың айы оңынан туған. Сөйтіп, заман өзгерген өтпелі кезеңде көршілес үлкенді-кішілі елді мекендердің көбі “Мамай шауып өткендей” мүсәпір күй кешіп, жастары мен жасамыстары қалаға үдере көшіп жатқанда бұл ауылдың іргесі сөгілмей, қаймағы бұзылмай, құдды бір құт-береке аралындай кейіп танытқандығы кімді болсын қайран қалдырарлықтай.
Ауылдың арқа сүйер азаматы, жергілікті орта мектептің директоры Әнуарбек Махметовтің айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Бірлестікте жаңадан 65 тұрғын үй салынып, шаңырақ саны 150-ге дейін ұлғайған. Ал тұрғындар саны биыл 621-ге жеткен. Мұнда жыл сайын кемінде 10-12 сәби дүние есігін ашады екен.
Тағы бір таңғаларлығы – Қызылжар өңіріндегі бірталай ауылдың тәуелсіздік жылдарында жұлдыздары жарқырай жануына бүгінде есімдері көпшілікке белгілі, іскер азаматтар басшылық жасап жүрген ауыл шаруашылығы құрылымдары қомақты үлес қосқан болса, Бірлестіктің ондай “жарылқаушысы” да жоқ болып шықты. Ауыл тұрғындары өз еншілеріне тиген егіншілік жерді басқа елді мекенде орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестікке беріп, одан үлесақы ретінде күзде аз-мұз астық алғандары болмаса, біреуден жәрдем сұрап, алақан жайып отырған жоқ. Бәрі де төрт түлік мал өсіріп, табыс көзін таба білген. Мәселен, қазір кей ауылдар бие байлап, қымыз баптауды ұмытқан болса, Бірлестікте бұл шипалы сусынды өндіру, тіпті, қыстыгүні де үзілмейді екен. Қалай еңбек етуді осы елді мекен тұрғындарынан үйрену керек шығар, ағайын!
Осындай еңбекқор ауылдың балалары да өз ата-аналарынан қалыспауға тырысып өсетіндігі талассыз. Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілгелі бері Бірлестік орта мектебінің 2 түлегі “Алтын белгіге” ие болғандығы, ал өткен оқу жылын 2 түлек үздік аттестатпен бітіргендігі – соның айғағы. Қызылжар өңіріндегі ауылдық мектептердің ішінде мұндай жетістікке ие болғандар некен-саяқ.
Алайда, аталмыш білім ордасының материалдық-техникалық негізі жұтаң болып шықты. Атап айтқанда, оқушылар Тәуелсіздік таңы атқан 1991 жылы салынған екіқабатты жатақхана үлгісіндегі, спорт залы, асханасы жоқ ғимаратта екі ауысыммен оқуға мәжбүр. Өйткені, мектептегі оқушылар саны жылдан-жылға артып, қазір 128-ге жеткен. Бұған қоса, даярлық тобында 22 бала, мектеп жанындағы шағын орталықта 30 сәби бар. Білім мекемесінің тарлығына қарамастан, мұнда “Халықтық көркемөнерпаздар ұжымы” атағын алған домбыра ансамблі, әртүрлі үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істейді.
Биыл жазда Қызылжар өңіріндегі бірқатар елді мекенді аралап, Бірлестік ауылының азаматтарымен де кездесіп, олардың көкейлерінде көптен жүрген мұқтаждықтары – ауыл мектебінің тарлығы, спорт залының жоқтығы екендігін өз ауыздарынан естіп, білгенмін. Осыған орай жуырда облыс әкімі Ерік Сұлтановқа хат жазып, алтын ұя – мектебінде бүгінде 180 бүлдіршін тәлім-тәрбие алып жүрген, болашағы жарқын елді мекеннің көкейкесті мәселесін шешу қажеттігі жөнінде өтініш білдірген едім. Таяуда Ерік Хамзаұлының өзі қол қойған ресми жауапты алдым. Онда Айыртау ауданының келесі жылға арналған бюджетінен Бірлестік қазақ орта мектебіне спорт залын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасын жасауға қаржы бөлінетіндігі және ол 2018 жылы облыстық бюджет есебінен салынатындығы хабарланыпты. Өңіріміздің бірінші басшысының сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмайтындығын білетіндіктен, осы жақсы хабарды бірлестіктіктерге сүйіншілей жеткізуге асықтым.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты, “Нұр Отан” партиясы фракциясының мүшесі.