Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалындағы кезекті баспасөз мәслихатына облыстың денсаулық сақтау және білім саласының басшылары қатысты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов өз саласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің барысына тоқталды. Облыста мемлекеттік қызмет көрсетудің 17 регламенті жасалып, бекітілген. Ол бойынша үстіміздегі жылдың 8 айында 800 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының жүргізген зерттеулеріне қарағанда, “дәрігер қабылдауына жазылу”, “науқастың стационарлық медициналық картасының көшірмесін алу”, “дәрігерді үйге шақыру” сияқты қызметтер ең көп сұранысқа ие болған.
Аталмыш саладағы қызмет көрсетуде айтарлықтай ілгерілеушілік бар. 37 ауру түрі бойынша 120 мың адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Оған үстіміздегі жылы 1 млрд. 600 млн. теңге қаражат бөлінген. “Біз қазір емханалардағы кезекті мейлінше азайтып, науқастарды барынша көп қабылдаудың жолдарын қарастырып жатырмыз”, – деді облыстың бас дәрігері.
Журналистер ересектер мен балалар емханаларын біріктіруге, дәрігерлердің мемлекеттік және жекеменшік емдеу мекемелерінде қатар жұмыс істеуіне, №083 және №86 анықтамаларының ақылы екендігіне қатысты сұрақтар қойды.
Аралас емхана жұмысы жайлы қойылған сұраққа жауап берген Қабдырахман Сақтағанов бұл жаңашылдық қалалық №1 және Ульянов көшесіндегі балалар емханаларын біріктіру арқылы жүзеге асырылғанын айтты. Осы арқылы отбасындағы балалар мен ересектердің барлығы бір емханаға қаралу мүмкіндігіне ие болған.
Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова жаңартылған мазмұндағы білім беру өткен бір айдың ішінде өзінің жағымды жақтарын байқатқанын алға тартты. “Бірақ, ата-аналар арасында әлі де түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Біз оқу жылы басталысымен еліміз бойынша бірінші сыныпқа келген оқушылардың ата-аналарымен жиналыс өткізіп, жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ол жұмыс әлі де жалғасатын болады. Бірінші тоқсанның соңында да осындай жұмыс жүргізіледі. Қоғамға дұрыс түсінік беруге сіздер де белсене аралассаңыздар екен”, – деген тілегін айтты.
Петропавл қаласының білім бөлімі және білім беру ұйымдарында мемлекеттік қызмет көрсетудің 24 түрі жүзеге асырылады. Биылғы жылдың сәйкес мерзімінде 9363 қызмет көрсетілген. Соның ішінде 4 қызмет түріне сұраныс жоғары екені байқалады. Олар жалпы білім беру ұйымдарына, мектепке дейінгі мекемелерге құжаттар қабылдау мен тіркеу, аз қамтылған отбасылар балаларына қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерлерьге жіберуге құжаттар қабылдау мен жолдамалар беру, 7 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру мәселелеріне байланысты қызметтер. Биыл 2 психико-педагогикалық коррекция кабинеті ашылып, жұмысын бастаған. 24 мемлекеттік қызметтің 22-сі тегін көрсетіледі. Оқушылардың 76 пайызы қосымша білім берумен қамтылған. Жаппай оқыту қорынан балаларды тамақтандыруға 47 млн. 131 мың теңге қаражат бөлінген. Қаланың үш мектебінің (№16, №31 орталау және №19 бастауыш мектептері) асхана жабдықтарының талапқа сай келмеуі салдарынан оларға ыстық тамақ жеткізіліп берілуде.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
”Солтүстік Қазақстан”.