Облысымызда аудандардың мәдениет күндері өткізілуде. Бұған дейін Есіл ауданы мағжандықтар алдында өнерлерін көрсеткен болатын. Енді Мағжан Жұмабаев ауданының әртістері ел Тәуелсіздігінің 25 және облысымыздың 80 жылдығына арналған концерттік бағдарламасын ұсынды.
Аудандардың мәдениет күндеріне арналған шара қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығымен тұспа-тұс келді. Сондықтан аталмыш шараға мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы шақырту алды. Өнер десе ішер асын жерге қоятын халық аудандық Мәдениет үйіне ерте жиналды.
Мағжан Жұмабаев ауданының әртістері есілдік көрермендерге жиырмадан астам концерттік нөмір ұсынды. “Біздің өнерсүйер қауымға ұсынатын концерттік бағдарламамыздың жанры әртүрлі. Оның арасында халықтық, эстрадалық әндер, аспапты ансамбльдердің орындауындағы және түрлі жанрдағы туындылар бар”, – дейді Мағжан Жұмабаев аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Арман Бұхаров.
Концертке аудан орталығына жақын орналасқан елді мекендер тұрғындары да жиналды. Олар әр этностың халықтық ән-жырларымен қатар Қазақстан, Отан, туған жер, атамекен және басқа да тақырыптарға арналған патриоттық рухтағы шығармаларды тыңдап шабыттанса, эстрадалық жеңіл әндер көңілдерін көтерді.
“Нұр Отан” партиясы аудандық филиалынан концертке шақырту алған Явленка ауылының тұрғыны Максим Дмитриев аталмыш шараға келгеніне риза. “Осындай концертке бармағаныма көп болып еді. Бүгін әртістерді бетпе-бет көріп, жанды дауыспен шырқалған әндерін тыңдап, бір сергіп қалдым. Біздің ауданда өнерлі адамдар көп. Мағжан Жұмабаев ауданының әртістері де жақсы екен. Концерт ұнады”, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай шаралар өнердің дамуына септігін тигізіп, өңір тұрғындарын бір-бірімен жақындастыра түседі.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
журналист.