Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары “Аутсорсинг и лизинг персонала” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына байланысты тергеу жұмыстарын жүргізді.
Тергеуді бастауға серіктестіктің “Тaxi 2 – ең тиімді такси + қызметті әр пайдаланғаныңыз үшін бонустар бар” деген баннердегі сыртқы жарнамасы бойынша департаментке түскен материалдар негіз болып отыр. Тексеріс барысында такси қызметі жарнамада жазылғандай арзан еместігі белгілі болды, тіпті, кейбір бәсекелестерінің қызмет құны аталған серіктестік ұсынатын бағадан төмен екендігі анықталды. Аталмыш серіктестік біздің облыстың аумағында тіркелгенімен, көрші Ақмола облысының Көкшетау қаласында да такси қызметін көрсетіп келген.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 177-бабына сәйкес аталмыш субъектіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды.
Наталья ШАЯХМЕТОВА,
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.