Елімізде спорт қанша дамып жатыр десек те жоқтан бар жасап, жастарды баулып, тәрбиелеп жүрген спорттық үйірмелер аз емес. Солардың бірі – облыс орталығындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі каратэ-до шотокан үйірмесі.
Жуырда аталмыш үйірменің тәрбиеленушілері Шымкент қаласында өткен ел біріншілігінен жүлделі оралды. Осыған орай облыстық каратэ-до шотокан федерациясының президенті әрі аға бапкері Асқат Сақыпкереевпен әңгімелесудің сәті түсті. Өңір жастарын каратэнің қыр-сырына баулып жүрген бапкер тәрбиеленушілерінің жетістігіне көңілі толып отырғандығын жасырмады. Маманның айтуынша, байрақты бәсекеге еліміздің 10 облысынан сайдың тасындай іріктелген үздіктер келіп, ұзын-ырғасы 400-ге жуық спортшы турнир кубогын сарапқа салған.
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған сайыста жоғары нәтиже көрсете алдық. Екі күнге жалғасқан жарыстың қорытындысы бойынша, 8-9 жастағылар тобында өнер көрсеткен №6 орта мектептің 2-сынып оқушысы Санжар Рамазанов жеңімпаз атанды. Ал Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 4-сынып оқушылары Мирас Нұрахматов пен Елдар Әбдірахман сәйкесінше, екінші, үшінші орындарға ие болды. 10-11 жастағылар тобында №6 орта мектептің өкілі Ұлхан Ерғали үшінші орынға тұрақтады. Бұл бәйгеде бәсі артық болғандарды ірі спорттық додалар күтіп тұр. Алла қаласа, Жаңа жылдан кейін Қырғызстанның Бішкек қаласына жол жүреміз. Ал сәуір айында Ресейдің Новосібір қаласында өтетін “Кубок успеха” атты халықаралық сайыста ел намысын қорғамақпыз, – дейді Асқат Жоламанұлы.
Білікті бапкер үйірмеде алпыстан астам каратэшілерді жаттықтыруда. Каратэ-до шотокан бұқаралық спорт түрі болғандықтан, шұғылдану аса ауыр емес. Олимпиадалық ойындар қатарына кірмесе де, бүкіл әлемде, елімізде бұл спортпен айналысатындардың саны көп. Жаттықтырушы өз сөзінде каратэде адамның дене дайындығы, күш, шапшаңдық, шыдамдылық, ептілігі ғана сынға түспейтінін, сонымен қатар, жақсы жетілген әдіс-тәсіл, айла, спортшының бойындағы рух мықтылығы да сыналатынын айтып өтті. Жаттығу залындағы балалар бәсекесі екеуара спаринг ретінде өтеді және мұндай жағдайда каратэнің көп әдістерін қолдануға рұқсат етілмейді. Яғни, жекпе-жек кезінде спортшылар бір-бірін жарақаттап алмас үшін сақтық шаралары жасалған.
– Біз балаларды арнайы бағдарлама бойынша жаттықтырамыз. Алдымен базалық білім беріледі. Бұл үй салғанмен бірдей, іргетасы мықты болу керек. Каратэден мықты базасы болса, алға қарай жекпе-жектің муай-тай, кикбоксинг және қоян-қолтық ұрыс сияқты түрлерімен айналысуға үлкен септігін тигізеді. Өйткені, көптеген жекпе-жек түрлерінің базасы бір. Сондықтан да тәртіп, жалпы физикалық дайындық, қозғалыс және бір реттік соққыларға дағдылану ғылымынан бастаймыз. Бұған бір-екі жыл уақыт кетеді. Сондай-ақ, біз шәкірттерімізді жақсы оқуға шақырамыз, күнделіктерін тексереміз, түсіндіреміз, нашар бағаларын жоямын деген сөздерін аламыз, ата-анамен тығыз жұмыс жасаймыз, – деп ағынан жарылды бапкер.
Білікті бапкердің Абылайхан Рүстемов, Әмір Әбіров, Серік Арғын, Олжас Құсайын, Мансим Тагиев, Алдияр Жаңабергенов, Саян Асқаров және Арман Тайжанов сияқты шәкірттерінің спортта мақтанарлық жетістіктерге қол жеткізгенін білеміз. Олардың арасында ел біріншіліктерінің жеңімпаздары да бар.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.