«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ДӘУІР КЕЛБЕТІ

Тәуелсіздік бабаларымыздың сан ғасырғы арманы болғанын Елбасымыз өзінің халыққа Жолдауында: “Мәңгілік Ел” идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан XIII ғасыр бұрын Тоныкөк абыз “Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел” деп өсиет қалдырған”, – деп атап көрсетті. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты бастауын көне тарихтан алатынының дәлелі. “Мәңгілік Ел” идеясы таза беттен басталып отырмағанын, оның арғы тегіміз Түркі дәуірінен бастау алатынын, Тоныкөк – Күлтегін жырларындағы: “Түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым”, – деген жолдарынан анық көруге болады. Осы жыр жолдары арқылы “ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен” қазіргі кең-байтақ жерімізді “жан алып, жан берісіп” қорғаған ата-бабаларымыздың тарихын көреміз.

Түркі дәуірінен кейінгі “Дешті Қыпшақ” атанған кезіндегі түркі тайпаларының осы ұлан-байтақ жерді қол астына бағындырып көршілес елдермен терезесін тең ұстауы, Керей мен Жәнібектің Қозыбасыға тіккен алғашқы Қазақ хандығының туы, кейіннен осы жерлерді Ресей империясының отарлауынан азат ету үшін күрескен Исатай мен Махамбет, Сырым мен хан Кене, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, “Мен қазақ мүддесін көздейтін үкіметті ғана жақтаймын”, – деген Ахметтің жақтастары, Алаштың ардақтылары… міне, осының бәрі біздің ата-бабамыздың бізге жеткен тарихы.

“Мәңгілік Ел” идеясы жоғарыда атап көрсеткеніміздей ер түркілер дәуірінен бастау алып, Қазақ хандығы мен Алаш мемлекеті кездерімен жалғасып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті кезінде тағы бір мәрте жаңғырып отыр. “Түркі өркениеті, оның мәңгі өшпестей болып тура мың жарым жылға жуық уақыт бұрын Еуразия құрлығының төсінде бедерленген көне жазбалары жалпы адамзат өркениетінің үлкен қазынасы болып отырғаны бүгін баршаға мәлім. Ал Күлтегін ескерткішіндегі қасиетті жазулар – ежелгі түркі жазба мұраларының ішіндегі ең көрнектісі. Есік қорғанынан табылған сақтар заманынан қалған күміс тостағандағы руникалық ойма жазуды айтпағанда, ғалымдарымыз Алтайда, Шығыс Түркістанда, Жетісуда, сондай-ақ, Хакасия мен Тувада тапқан екі жүзден астам ежелгі түркі жазуларының ішіндегі мазмұндысы осы саналып отыр”, – деп Елбасымыз ерекше атап көрсеткен Күлтегін жазуының қазақ елімен қауышуы бұл айтқандарымыздың дәлелі болмақ.

Осы орайда Шәкәрім Құдайбердіұлының “Кез келген қазақ жеті атасын айтып берсе, ешқандай паспорттық дерек мағлұматтарға сүйенбей-ақ, оның қай ел, қай жерден шыққанын шежіре білген саңылауы бар қазақ баласы дөп басып тауып береді”, деген сөзі мен ата-бабамыздан қалған “Жеті атасын білген ұл, жеті рулы елдің қамын жейді” деген нақылының үндесіп жатқанын көруге болады. Бұл келтірілген мысалдардың бәрінде халқымыздың тарихы, салт-дәстүрінің ежелден-ақ қалыптасқанын, өзіндік ерекшеліктерін байқауға болады. Сондықтан “Мәңгілік Ел” идеясы негізінде тарихқа жаңаша көзқарас қалыптастырып, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығы күннен-күнге арта түсуде.

“Мәңгілік Ел” ұлттық идеясы өткенімізді таразылап, сабақ ала отырып, жарқын болашағымызды баянды ету жолында, қазақтың мәңгі жасайтын ұлттық мемлекетін құруды мақсат тұтады. Осы жолда білім беру саласының атқарар ісі маңызды. Себебі, білім беру деңгейі – еліміздің өркендеуінің, экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің бастау көзі, мемлекет пен қоғамның қарқынды дамуының, бәсекеге қабілеттілігінің кепілі. Қазақстанда, тарихи тұрғыда білім беру, тәрбиелеу идеялары әрдайым берік рухани-адамгершілік бағдарларға сүйеніп келген. Қазақтардың өзіндік рухани ұстанымы туған жеріне деген сүйіспеншілікке, елі үшін күрескен хас батырларды, қара қылды қақ жарып, әділін айтып, елді аузына қаратқан шешендер мен көсемдерді, хандар мен билерді, халық арасынан шыққан даналардың даналығын құрметтеуге, ата-анаға қамқорлыққа, төзімділікке толы болған. Бірақ, өкінішке қарай, “қызыл империяның” билігі кезінде объективті әрі субъективті себептерден біздің көптеген құндылықтарымыз жоғалып, ұмыт болды және кеңестік идеологияның қатаң қыспағына түсті.

“Мәңгілік Ел” патриоттық идеясын іске асыру мақсатында оқушыларды, жастарды тәрбиелеуде және оқытуда ғасырлық тарихи дәстүрі бар қазақ халқының ұлттық тәрбиесінің негізгі идеялары мен құндылықтарын қалпына келтіріп, кеңінен пайдалануымыз керек. Мәселен, “Алаш” мемлекетінің басшысы Әлихан Бөкейханов: “Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден” – десе, Міржақып Дулатұлы: “Қазағым менің, елім менің! Ең алдымен қазақ халқы – Ресейге тәуелді халық. Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. … Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді… Автономия алу – мемлекет болумен бірдей. Біз енді өз алдымызға мемлекет боламыз деп тұрмыз. Бірақ “боламыз” бен “болудың” екі арасы – жер мен көктей. Сондықтан “боламыз” деген соң, болуға аянбай қам қылу керек”, – деген. Барша Алаш қайраткерлерінің армандарын ақиқатқа айналдыру барысында өскелең ұрпаққа олардың жалынды, қанатты сөздерін қазақ халқы алдында атқарған абыройлы істерімен дәлелдей отырып тәрбие беру тиімді. Осылайша, жас ұрпақ бойында елге, ұлтқа деген мақтаныш, сүйіспеншілік сезімдерін оятып, болашақ мемлекет иелері өздері және ұрпақтары екенін үнемі естеріне салып, үлгі етіп отырсақ олардың бойында ұлтына, Отанына деген жауапкершілік қалыптасады. Осы арада тағы да бір Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың мына бір ұлағатын келтірсек деймін: “Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын. Балаға осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. …Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды”. Қандай дәл, нақты айтылған сөздер. Тура қазіргі біздің жағдайымызды болжап тұрғандай.

“Мәңгілік Ел” ұлттық идеясын жүзеге асырудағы басты бағыттардың бірі – халық пен билік арасындағы сенімді нығайта отырып, қоғамды ортақ мұратқа жұмылдыру. Халықтың билікке сенімсіздігін көрсететін бірден-бір фактор – сыбайлас жемқорлық. Жемқорлық қоғамның іргесін рухани тұрғыдан шайқалтып, тәуелсіздікке нұқсан келтіріп, қауіп төндіреді. Жастардың санасын дана халқымыздың: “Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы” деген сан ғасырлық ұстанымына негіздеп, жемқорлық мінез-құлыққа қарсы иммунитетті қалыптастырып, адал еңбекке тәрбиелеу “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асыруға көмектеседі.

Қазақ елі бірлігінің мызғымастығы, өркендеуі дәстүрлі ұлттық тәрбие және рухани құндылықтармен сабақтаса жүзеге асады. Сол құндылықтардың ішіндегі ең бастысы – қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде нығайту, қазақстандықтардың үш тілде еркін сөйлеуіне жағдай жасау. Мемлекет билігінің құдіреттілігі мен күштілігі қазақ тілінде сөйлеуімен бағаланады. “Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтырып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?” – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, мемлекет қай тілде сөйлесе, сол тілдің құдіреті қашанда үстем болып, елдің ішкі бірегейлігін нығайтып, өркениеттік, мәдени бағытын арттырады. Ана тіліңді құрметтеу – ұлттық намысты ояту мен жаңғыртудың, ұлттық тәрбие берудің бастауы.

“Мәңгілік Ел” идеясының негізінде ерекше назар аударатын мәселе – ұлттық тәрбие. “Ел боламын десең, бесігінді түзе!” демекші, ұлттық тәрбие отбасынан бастау алады. Отбасылық тәрбиеде үлкенді құрметтеу мен ата-ананы сыйлауды, ар, намыс, ұят сынды құндылықтарды жастар санасына сіңіруді басты идеологиялық ұстанымға айналдыру маңызды. Отбасы мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелей отырып, олардың санасына патриоттық сезім ұялатуы қажет. “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асырып, одан әрі дамытатын жастар болғандықтан олардың, ең алдымен, білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білген, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуын үнемі басты назарда ұстауымыз қажет.

Шолпан ШЫРЫЛДАҚОВА,

№2 Чкалов орта мектебінің

тарих пәнінің мұғалімі.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp