«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕЛІ АТА-АНА, ҮЛГІЛІ ҰРПАҚ

Шаттығы жарасып, салт-дәстүрді насихаттап жүрген іргетасы мықты, керегесі кең шаңырақтар қашанда көпке үлгі болулары керек. Осы мақсатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 2013 жылдан бастап “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсын ұйымдастыру жақсы дәстүрге айналған.

Ұлттық тәрбиені ұлықтап, отбасылық институтты нығайтуға бағытталған байқауға қатысушылар саны жыл санап артып келеді. Аз ғана уақыттың ішінде көптің көңілінен шыққан ұлттық байқауға биыл қатысқан үміткерлер арасынан Мамлют ауданының тұрғындары Жаркеновтар отбасын ерекше атап өтуге болады.

Отағасы Қайыржан Елубайұлы мен зайыбы Раиса Ивановна – еңбектері еленіп, өскелең ұрпаққа үлгі болып отырған шаңырақ иелері. Төрт бала тәрбиелеп, бүгінде жеті немере сүйген қамқоршы ата мен аяулы әженің отасқандарына биыл 48 жыл. Жарты ғасырға жақын уақыт бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып келе жатқан ерлі-зайыптылар “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының аудандық кезеңінде бірінші орынға лайық деп танылды. Қарттыққа аяқ басып, бейнетінің зейнетін көріп, бала-шағасының қызық-қуанышына кенеліп отырған Қайыржан ақсақал мен Раиса апай аталмыш конкурстың облыстық кезеңінде “Интернационал отбасы” аталымы бойынша жеңімпаз деп танылып, арнайы сый-сияпатқа бөленді.

Бала жасынан еңбекке шыңдалып өскен отағасы кәсіптік-техникалық училищесін тамамдаған. Еңбек жолын қарапайым тракторшы болып бастаған ақсақал 18 жылдан кейін кеңшар бөлімшесінің басқарушысы қызметіне дейін көтерілген. Ер-азаматын құрмет тұтып, қос тізгінді қатар ұстай білген зайыбы Раиса Ивановна мамандығы бойынша құрылысшы болғанымен, ұзақ жылдар сиыр сауған. Өзара бірлік пен береке, татулық пен түсіністік, сыйластық пен жарасымдық тапқан отбасы “Еңбек түбі – береке” деген қағидаға сүйенеді.

– Балаларымыз үлгілі, өнегелі, еңбекке жақын болып өссін десек, бастысы өзімізден бастауымыз керек. Жақсы жұмыс істеп, тер төкпей бір тілім нанның өзіне қол жеткізуге болмайтынын сөзбен ғана емес, іспен көрсете білген жөн. Қазір жастар үшін барлық жағдай жасалған. Білім алып, ғылыммен айналысып, өз кәсібін дөңгелетемін деп алға ұмтылғандар үшін мемлекетіміз барлық жағдайды жасап отыр. Тек мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алуға болмайды. Отан отбасынан басталатынын ескерер болсақ, әр әулеттің іргетасы мықты болуы керек. Сол кезде ғана еліміз көркейіп, жас мемлекетіміз одан сайын гүлдене түседі , – дейді ақсақал.

“Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” дегендей, шаңырағының ұйытқысы бола білген Раиса апай балаларына қолынан келгенше жақсылықты үйретіп, үлкенге қашанда құрметпен, кішіге қамқорлықпен қарауды айтудан жалыққан жан емес.

– Қазақ халқында “Кішілік – кісіліктің белгісі” деген жақсы нақыл сөз бар. Түп-тамырын түсіне білген адам үшін бұл дуалы сөзден көп нәрсені ұғынуға болады. Негізінде осының барлығы тәрбиеден бастау алады. Баланы дұрыс жолға бағыттап, дер кезінде қажетті кеңес беріп, жүрегіне ақылмен жол таба алған кезде ғана оның болашақта нағыз азамат болып өсуіне оң ықпал ете аламыз. Негізсіз айтылған сөзден пайда болмайды. Өзіміз дұрыс жүріп, жақсы жұмыс істеп, өнегелі істер атқарсақ, балалар үшін одан артық қандай өнеге керек? – дейді Раиса Ивановна.

Еліміздің ертеңі, ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне үлес қосып отырған Қайыржан Елубайұлы мен Раиса Ивановна – мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған отбасы. Еңбекқор жандардың еліміз үшін орны ерекше болып табылатын “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауына қатысып, жеңімпаздар қатарынан көріне білгені, олардың көп жылғы тынымсыз жұмыстарының жемісі мен жеңісі.

“Отбасы – біздің қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты” деген болатын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Әр адам алғашқы тәрбиені ыстық ұя, яғни отбасынан алады. Ата-анаға деген құрмет, жерге деген махаббат сол “Туған үй” атты шағын мемлекеттен басталады. Отбасында жауапкершілікке, өзара сыйластыққа, татулыққа, ауызбіршілікке үйренеміз. Осы құндылықтардың барлығын Жаркеновтар әулетінен көруге болады. Сөзімен де, ісімен де қоғамға үлгі бола білген осындай отбасылардың қатары қалыңдай түссе, құба-құп.

Бақыт ТҰРМАҒАНБЕТОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp