«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құны түсті-ау нағыз адал еңбектің!

Қалижан Тәшкенов – “Солтүстік Қазақстан” газетінің байырғы авторларының бірі.

Ол ауыл мектебінде ұстаздық етіп, педагогика, әсіресе, ұлттық ұстаным, тәлім-тәрбие хақындағы ой-пайымдарын ашық айтып, анық жазып, газет арқылы оқырмандар назарын аударады.

Сонымен бірге, көптен бері өзінің шыншыл да сыршыл жырларымен, қоғамымыздағы болып жатқан оқиғаларға өзіндік көзқарасын, ой-толғамдарын өзек еткен өлеңдерімен көпшілікке танымал.

Біз ауылда тұратын ақынның бір топ жаңа жырларын жариялауды жөн көрдік.

 

Нандық ақша

Анда-санда уақыт салып араға

Жолым түсіп, келген сайын қалаға

Қолын жайып, нандық ақша сұраған

Кездесуші ем ондардағы балаға.

Дүкен алды ұдайы оның мекені.

Қысылудан қашан да ада беті-өңі.

Ағылған жұрт. Бірі тиын ұсынса,

Енді бірі елеместен өтеді.

Қараушы едім оған ұдай қала таң–

Әп-әдемі, сүп-сүйкімді балақан.

Бір кемі жоқ теңдестерден өзіндей,

Жалғыз міні – жұртқа жайған алақан.

Үсті таза, киімі де бүтін-ді.

Түрі де оңды, жан секілді күтімді.

Жасқанбайды, өзі өткір, көзі де

Аңдатпайтын ішкі нала-түтінді.

Тағдыры оған қандай сынақ жіберді?

Аз ба бүгіп жіберетін жүк ерді?

Жүретінмін қайыспаған қиынға

Жүнжімейтін жанға балап жігерлі.

…Қалаға жол түсті-дағы кезекті,

Сол дүкеннің алдында оны кез етті.

Кес-кестеді мәселемен алдымды

“Нандық ақша беріңіз”, – деп өзекті.

Қымсыну жоқ, бүгежектеу қорынып.

Дауысы да талапқа өктем толы, нық

Қалған жандай көптен жүрген ұстатпай

Қарыз берген адамына жолығып.

Қозғап кетті секем – перне қатарын

Сұсты жанар, өтінішсіз қатал үн.

Босқа өмірім өткен жоқ қой, бурылдан

Аққа ауысып бара жатса сақалым.

“Өзге сырын қашан кімдер біле алды?

Қателессем, кешер Тәңір күнәмді”

“Күте тұр”, – деп кіріп кеттім дүкенге

Ішке терең тығып әлсіз күмәнді.

Шықсам, әлгі тоқтатып ап жас тағы

Алақанмен арбап-ақ тұр басқаны.

Сол дүкеннен сатып алған бөлкені

Созсам, қолды бала қағып тастады.

Содан кейін сәл шегініп бір адым

Әлгі ісімді үлкен күнә, қыла мін,

Сұсты жүзбен, қатқыл үнмен тіл қатты:

“Мен нан емес, нандық ақша сұрадым…”

 

Өз ойымды жеткізбек ем сынай тік,

Үлгермедім бірақ оған түк айтып.

“Есек артын жусаң да мал тап”,– деген

Жауыр сөзді тосты алдыма мұңайтып.

…Қоғамым – қор. Айтам жара тіле мен.

Мешіт алды – бала қайыр тілеген.

Тиын берсең, өзге есікті аңдыған

Жолдасына бас бармағын білеген.

Қайда барсаң, жайып тұрған алақан

Көру алдан болмай қалды бала таң.

Тек қайсысы шын қайыршы, қайсысы

Бас пайдасын күйіттеп жүр қарақан?

Аттап өтіп ұят атты көпірден,

Сол алақан жайып тұрған нөпірден

Тауып алшы: қалтыратты қайсысын

Тағдыр лебі, қайсы тойып секірген?

Менсінбейтін нәсіп – адал еңбекті

Адам болып шығады олар енді “епті”.

Пайда үшін ештеңеден тайынбас

Илей-илей қылып алған көн бетті.

Тиын қуу дерті кетті-ау меңдеп тым.

Құны түсті-ау нағыз адал еңбектің!

Қысқы Есілдің жағасында

Сібірдің сары аязы қысты-дағы

Маңайдың кетті қашып ұсқыны, әрі.

Сәбидей құндақтаулы ерке Есіл

Астында қалың мұздың қыстығады.

Қарайған десем неге мұнша қаны,

Сол мұздың өзі зарлай мұң шағады.

Аяу білмес долының жылтыр бетін

Белуардан қарымен қыс тұмшалады.

* * *

Дәл осы кезде сәтсіздік қаптап, көп келіп,

Қалғандай еді бір маған бәрі кептеліп.

Қуаныш емес, реніш емес, кеудемді

Қажулы едім қылғандай қоныс өкпе нық.

Құр мақтау естіп, марапат, сыйдан қағылып,

Есектер түсіп алдыма, тауым шағылып

Жүргенмін жүнжіп, жүдетіп жанды, жүрегім

Бөленіп қою, жабысқақ мұңға, жабығып.

Қалижан ТӘШКЕНОВ.

Есіл ауданы,

Мектеп ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp