«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛОРДАДАН ПЕТРОПАВЛҒА тура қатынайтын пойыз бағытын ашу қарастырылуда

Ел ертеңін ойлаған Елбасымыздың бастамасымен 2014 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» – «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы бойынша бүгінгі таңда Петропавл қаласының жоғары және орта арнаулы оқу орындарында еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен келген 1036 студент тегін білім алуда. Олардың көпшілігі – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының жастары.

 

Серпіндіктердің өкілдері біз үстіміздегі жылдың шілде айында «Нұр Отан» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында өткізген қоғамдық қабылдауға келіп, өздерінің әртүрлі тұрмыстық себептермен, сондай-ақ, қысқы және жазғы каникулдар кезінде туған өңірлеріне барып-қайтуы қиынға соғып тұрғандығына шағымданған еді. Өйткені, қазір еліміздің оңтүстік және солтүстік аймақтары арасында тура қатынайтын жалғыз-ақ «Қызылорда – Көкшетау» пойызы бар. Бұл пойыз бір кезде «Қызылорда – Петропавл» пойызы деп аталып, Петропавл қаласына дейін қатынаған болатын. Алайда, кейін «Петропавлға дейін қатынайтын жолаушылар жеткіліксіз болғандықтан, өзін-өзі экономикалық жағынан ақтамады» деген себеппен оның бағыты қысқартылып тасталғанды. Соның салдарынан серпіндіктер қазір өздері тұратын ауылдардан аудан мен облыс орталықтарына, одан көкшетаулатып Петропавлға жету үшін автобустар мен пойыздарға үш-төрт рет билет алып, сапаржайлар мен вокзалдарда сағаттап көлік күтіп, қиналып жүр екен.

Қазір «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасының жүзеге асырылуына орай, оңтүстік пен солтүстік өңірлер арасындағы жолаушылар ағынының артқандығы анық. Бұл әлеуметтік жобаға қоса, Үкімет биылғы жылдан бастап «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыруды қолға алып отыр. Бекітілген квота бойынша үстіміздегі жылдың соңына дейін оңтүстік облыстардан Қызылжар өңіріне 201 отбасы көшіп келмекші. Аталмыш әлеуметтік бағдарламалар алдағы уақытта жалғасын табатындығын ескерсек, солтүстік және оңтүстік өңірлер арасында пойызбен қатынайтын жолаушылар саны жылдан-жылға ұлғая түсетіндігі айқын.

Осыны ескере отырып, «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында «Қызылорда – Көкшетау» пойызының бағытын Петропавл қаласының темір жол станциясына дейін қайтадан ұзартқан жөн. Міне, осы жөнінде біз өткен қыркүйек айында еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке депутаттық сауал жолдаған едік. Жуырда одан мынадай ресми жауап алдық:

«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Сіздің «Қызылорда – Көкшетау» қатынасындағы №55/56 жолаушылар пойызын Петропавл қаласына дейін ұзарту туралы депутаттық сауалыңызды қарастырып, келесіні хабарлайды:

Оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірге тікелей жету үшін теміржол көлігіне деген халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында күнара қатынайтын «Қызылорда – Астана» қатынасындағы №75/76 жолаушылар пойызын Петропавл қаласына дейін ұзарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл, өз кезегінде, жол жүру кестесін Ресей тарабымен қысқа мерзімде келісу және 2017 жылға бөлінген республикалық бюджет қаражаты есебінен қосымша қаржы қарастыру секілді шараларды қамтиды. Аталған мәселелер оң шешімін тапқан жағдайда «Қызылорда – Астана» қатынасындағы №75/76 жолаушылар пойызын Петропавл қаласына дейін ұзартуды 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асыру жоспарланып отыр».

Сонымен, Алла тағала сәтін салса, серпіндіктердің орынды өтініштері орындалып, оңтүстік пен солтүстік өңірлердің арасында тура қатынайтын пойыз бағыты ашылатын күн де алыс емес.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Парламент Мәжілісінің

депутаты, “Нұр Отан” партиясы фракциясының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp