«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҢҒЫ БАЗАСЫ ЖЕТІСПЕЙДІ

Спорт сарайында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналиннің төрағалығымен өткен алқа отырысында өңірімізде қысқы спорт түрлерін дамыту мәселелері талқыланды. Жиынға облысымыздың аудандары мен Петропавл қаласының спорт бөлімінің басшылары да қатысты.

Руслан Бахыттыұлы, ең алдымен, жақында кісі қолынан қаза тапқан баскетболшы Игорь Нанаев пен жол-көлік апатына ұшырап, көз жұмған жаттықтырушының туған-туысқандарына көңіл айтты.

Бірінші мәселе бойынша дене шынықтыру және спорт басқармасы білім және спорт бөлімінің басшысы Серік Қасымов баяндады. Облыс бойынша 9 қысқы спорт түрінен 99 жаттықтырушы 1448 адамды жаттықтыруда. Спортшыларды ынталандыру мен қолдау көрсету мақсатында жыл сайын облыс әкімінің стипендиясы мен гранты бөлінеді. Қазақстанның ұлттық құрамасында өнер көрсететін өңір спортшыларының саны соңғы төрт жыл ішінде едәуір өсіп, бүгінде 70 адамға жеткен.

– Спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатқа биыл Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы, Уәлиханов, Аққайың, Есіл, Мамлют аудандары мен Петропавл қаласынан 9 бала қабылданған. Өткен жылдармен салыстырғанда өскеніне қарамастан, бұл – төмен көрсеткіш, – деді Серік Қасымов. Осы мәселеге қатысты Руслан Бахыттыұлы аталмыш білім ордасына облысымыздың үздік жаттықтырушыларын шақыру міндетін жүктеді.

Ал күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Аққайың ауданы спорт бөлімінің басшысы Фарида Жандосбаева сөз алып, үстіміздегі жылы 10 жұп шаңғы мен 43 жұп коньки сатып алынғанын айтты. Аудандағы 15 мектеп оқушылары үшін жалғыз шаңғы базасы жұмыс істейді екен. Бұл мәселе алты ай қыс болатын облысымыздың басқа аудандарында да шешімін таппаған.

Басқарма басшысы жиын соңында аудандардағы мектеп санына байланысты, әр білім ошағында шаңғы базасын ашуды қарастырып, осы іспен мықтап айналысуды тапсырды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp