Бүгінде Қазақстанда шағын және орта бизнес саласына мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілуде. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ауылды жерде өз ісін дөңгелетіп отырғандардың бірі – жас кәсіпкер Руслан Мансұрбаев.
Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаево қаласында да кәсіпкерлік кең қанат жаюда. “Қалауын тапса, қар жанады” деген қағиданы ұстанатын Руслан бүгінде аудандағы танымал кәсіпкерлердің бірі. Осыдан 10 жыл бұрын кәсібін шағын дәріхана ашудан бастаған ол өзінің маңдай тері еңбегінің арқасында шаруасын дөңгелетіп отыр. Жас жігіттің кәсіпкерлікпен айналысуына оның ата-анасы Серік Сүнниятұлы мен Галина Александровнаның жол сілтеуі себеп болған.
Жас жігіттің еңбекқорлығына қолға алған жұмысымен танысқанда көзіміз жетті. Бүгінгі таңда “Мансұрбаев” жеке кәсіпкерлігінің аудан бойынша автокөлік құрал-саймандарын сататын 3 дүкені, 4 дәріханасы және Булаево қаласындағы техникалық бақылау стансасы аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде. Қажетті тауарын қолжетімді бағамен сатып алатын ауыл тұрғындары да жеке кәсіпкердің ісіне дән риза.
– Кәсіпкерлікпен айналысуыма өзімнің алдыма қойған арман-мақсатым жетеледі. Әлемнің өркениетті мемлекеттерінің барлығы шағын және орта бизнеске жағдай жасау арқылы экономикасын жақсартып отырғандығы жасырын емес. Ол елдердің кәсіпкерлері отандық өнімдер өндірудің дамуына, мемлекет бюджетінің толығуына, адамдардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне жағдай туғызып отыр. Демек, бизнес адамның өз материалдық жағдайын ғана түзеп қоймай, қарапайым халыққа да, мемлекеттің экономикалық жағдайының көтерілуіне де ықпалын тигізе алады. Сондықтан кәсіпкерлік саласына бел шеше араласып, өз жолымды таңдадым, – дейді талапты жігіт.
Ол бірден мол табысқа ие болу мүмкін емес екенін, теңге тиыннан құралатынын жақсы түсінеді. Ресейдің Омбы қаласындағы Сібір бизнес және ақпараттық технологиялар университетін сырттай оқып, білмегенін үйренген. Кәсіпкерлікпен айналыса жүріп, білімін шыңдаған ол он алты ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Руслан болашақта аудан тұрғындары үшін авто-кешен ашуды жоспарлауда. Қазіргі кезде оның құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,
журналист.
Мағжан Жұмабаев ауданы.