«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ ЖҮРЕГІНІҢ ЖЫЛУЫ

 

Халқымызда “Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жайқалған құрақ” деген қанатты сөз бар. Отбасындағы үш адамның орнын дәл айқындап берген осы мақалдың мән-мағынасына, қазақтың сол кездегі талғам-таразысына таңғалмасқа шара жоқ. Әкенің биіктігі, ананың мейірімділігі, баланың сол кісілерге қарап бой түзейтіндігі айна қатесіз айтылған ғой. Сондықтан да болар, ананы тәрбиенің де, тағылымның да, мейірім мен қайырымның да мөлдір бұлағына теңейміз. Соңғы жылдары күллі әлемнің шуағы іспеттес сол аяулы жандардың міндетін атқарып, ана орнына ана, әке орнына әке болып отырған жалғызбасты әкелердің қатарының күрт көбейіп бара жатқандығы алаңдатады. Бүгінде елімізде жетпіс мыңға жуық азамат бала-шағасын бір өзі бағып, шаңырағының шаттығын асырып отырғандығын біреу білсе, біреу білмес.

Егер елімізде жетпіс мыңға жуық жалғызбасты әке болса, жалғызбасты аналардың санына кім жеткен? Бүгін тұрмыс құрып, ертеңіне ажырасу, оң жақта отырып сәбилі болу сөкет көрінбейтін жағдайға жеткен қазіргі заманда бір миллионға тарта жалғызбасты ана бар деп айтсақ жағымыз жаңыла қоймас. Тіпті, біздің өңірімізде осындай ер-азаматтардың бастарын бір арнаға тоғыстырған “Жалғызбасты әкелердің клубы” да бар екен. Мамандар бауыр еті балаларын өздері тәрбиелеп отырған ер азаматтарға психологиялық қолдау көрсетуде осындай бірлестіктердің атқаратын рөлі зор десе, қай кезде де елдің еңсесін көтеріп, намысын тіктеген түздің адамдарының ыдыс-аяқтың ортасында жүргеніне қынжылыс та білдіресің. Әрине, өмір болған соң адамның басына нелер келіп нелер кетпейді? Дауасы жоқ дертке, айтып келмейтін ажалға кім қарсы тұра алар? Осындай жағдайлардың қасіретін тартқан азаматтардың тауқыметті тағдырлары өз алдына бөлек әңгіме. Себепсізден себепсіз шиеттей бала-шағасын тастап, ең жақын адамдарымен, туған-туыстарымен ат құйрығын үзіскен әйелдердің жағдайы мүлдем басқа емес пе? “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда, аспанда Ай, Күн дін аманда сәбилер неге жалғыз әкенің алақанына телміруі керек?” деген сұрақ мазалайды сананы.

Сөз орайы келгенде айта кетейін. Мен тұратын ауылда жуырда жұрттың жағасын ұстатқан бір оқиға орын алды. Үш баласы бар келіншек әлеуметтік желі арқылы танысқан, тіпті, бұрын-соңды жүзін көрмеген ақтөбелік жігіттің соңынан еріп кете барды. Атпал азаматы мен бүлдіршіндерін қиып, кете барған оның бұл әбес қылығының астарын түсінбей, абдырап, әр жерден көзге шұқып айтатындар көбейді. Бір жастыққа бас қойып, бір табақтан ас ішкен жұбайын танымайтын бөтен еркекке айырбастаған келіншектің бұл сорақы қылығы әлі күнге дейін елдің аузынан түспей келеді. Жұрт жауабын дөп басып айта алмаса да, оның туған үйін, ең алдымен көздері жәутеңдеп, аналарын сарғайып күткен балаларын сағынып оралмауы кімді де болсын тұңғиық ойдың түбіне жетелемей қоймайды…

Бүгінде Петропавлдағы “Жалғызбасты әкелер клубының” үш жүзге тарта мүшесі бар. Клубтың еліміз бойынша жалғыз біздің облысымызда құрылғандығы да көңілге күдік ұялатады. О заман да, бұ заман халқымыздың арғы-бергі тарихында балаларын өздері тәрбиелеп отырған ер азаматтардың бас қосып, шүйіркелесетін, жандарын жегідей жеген мәселелерін ортаға салып, бірге шешетін орындары болып па еді?

Клуб мүшелерінің көздеген мақсаттары бір-бірлерінің арман-мұраттарына ұқсаса да, өткен өмірлері мүлдем қабыспайды, әрқайсысының күлкісі мен күрсінісі қатар өрілген тағдырлары алуан түрлі. Олардың көбі іштерін удай ашытқан, өзектерін өртеген өкініштерін айналасынан жасырғысы келеді. Мәселен, Айдос Рахымовтың (есімі өзгертілді – Н.О.) ұлы мен қызын жалғыз өзі асырап отырғанына аттай сегіз жыл болыпты. Ол сүйіп қосылған келіншегінің екі баланы қалдырып, аяқ астынан бейтаныс еркектің үйіне кіріп алғандығына налиды. Күн сайын тәтті қылықтарымен тамсандырып, өсіп келе жатқан балапандарын бір көру үшін талайдан бері атізін салмаған келіншекті қызықтырған не нәрсе екен? Бала-шағасының қарындарын тойдыру үшін қара жұмысты жатсынбай атқарған Айдостың азын-аулақ табысына қанағаттанбады ма? Мәселе ақшаға тірелген күннің өзінде де жанынан жаратылған нәрестелерін көзі қиып қалай тастауға болады? Қаржы жетіспеушілігі балағынан тартқан осындай күрделі кезеңде Айдостың Петропавлдағы екі бөлмелі пәтері жанының жұбанышына айналыпты. Екі қолға бір күрек табылар-ау. Ең бастысы қызғалдақтай қызы мен алтын асықтай ұлының қасында болғандығына шүкірлік етеді.

Біз әңгімеге тартқан Берік Исмайловтың (есімі өзгертілді – Н.О.) жағдайы, тіпті, өзгеше. Ол бүгінде “болған іске болаттай беріктік керек” деген қағидамен өмір кешуде. Баянды бақытына балаған сол бір арудың өмірінің астан-кестенін шығарғанын ағынан жарылып баяндамақ түгіл есіне түсіргісі де келмеді…

“Жалғызбасты әкелер клубында” психолог болып қызмет атқаратын Татьяна Демидованың айтуынша, клуб мүшелерінің көбі өздерінің өткен өмірлері туралы айтудан қашқақтайды. “Біз, әдетте, ер-азаматтарға қарағанда әйелдерді байсалды, шыдамды деп қабылдаймыз. Шын мәнінде олай емес. Әйелдер бастарына түскен ауыртпалықты айқаймен, ұрыс-жанжалмен көтеруі мүмкін, көп жағдайда ер-азаматтар сияқты үнсіз төтеп бере алмайды. Осы жағынан алғанда еркектердің шыдамдылығына шек келтіруге болмайды. Клуб мүшелері өздерін алаңдатқан немесе тығырыққа тіреген мәселелерді тіс жарып айтқысы келмейді. Кейде суыртпақтап өзіміз айтқызамыз. Өйткені, ананың да, әкенің де жауапкершілігін бірдей арқалап отырғандықтан олардың мазасыздығы бала тәрбиесіне қауіп төндіруі ықтимал. Біздің міндетіміз оларға ақыл-кеңес айтумен шектелмейді, қажет жағдайда дұрыс бағыт-бағдар беріп, тығырықтан шығуларына көмектесеміз”, – дейді ол.

Клубтың мүшелері мұнда өздері қалаған уақытта келіп, психолог мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ түреді. Бір-бірлерімен әңгіме-дүкен құрып, сыр шертіседі. Осылайша, зілмауыр мұңдарын жеңілдетіп алады. Клуб мүшелерінің әрқайсысының тағдырлары өзгеше десек те, біз жолықтырған Жанат Сейпиевтің жағдайы тіпті басқаша.

Алғашында онымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесейік деген қолқамызға қарсы болғандығының астарын жанын жаралайтын әлде-бір оқиғаның себебімен байланыстырып бақтық. Кейін сұхбаттасуға келіскенде жанымыз жадырап қалды. “Жастық шақта сезім де, махаббат та болады ғой. Алайда, сол сырлы сезімдердің кесірінен күнәсіз балалардың зардап шегіп жататыны жанға батады”, – деп бастады әңгімесін ол.

Жанат орда бұзар отыз жасында бір қызға ғашық болып, шаңырақ құруға бел байлаған екен. Отбасы екі адамның ортақ пікірімен бүгін-ертең құрыла салатын бұйым емес қой. Оның ерлі-зайыптыларға артатын жауапкершілігі орасан. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, ыдыстың сылдырынан шаңырақты шайқалтпау керек. Жанаттың басында мұндай жағдайлар, түсініспеушіліктер, ұсақ реніштер орын алғанымен, жас жұбайлар алғашында сабырмен жеңе білді. Тайыншадағы тілеуін тілеп отырған анасы мен бауырлары қоңырау шалып, хал сұрағанда, оларды үнемі жақсы жаңалықтармен қуантатын. Жанат жан жарының аяғы ауырлағанда отбасы, ошақ қасы деген сөздердің шын мәніндегі мағынасын ұғына бастапты. Бірақ, одан кейінгі өмірлері, тіпті, басқаша.

– Зайыбымның кішігірім кәсібі бар еді. Баланы өмірге әкелгеннен кейін оған аналық мейірім төгіп, емізіп, күтім жасаудың қиындығынан қашқақтай бастады. Небәрі он төрт күндік баладан бас тартты. Міне, екі апталық болған нәрестемді осы уақытқа дейін табандай он екі жыл бойы жалғыз өзім өсіріп келемін, – дейді Жанат.

Майлықожа жырау айтқан “жыласа шошып оянған, мұздайда бесік таянған” ананың барлық машақатын басынан өткерген Жанат жанын жегідей жеген көп қиындықтардан қашып баласын далаға тастамады. Керісінше, кездескен ауыртпалықтарға мойымай, өзін ширата түсті. Ауылдағы қарындастарының балаңды буыны бекігенше қарап берейін деген өтініштеріне құлақ аспады, жанынан жаратылған Болатын өзі өсіруге бел байлады. Балаға мейіріммен қарау, оның тамағын талғаммен уақытында дайындап, киімін таза ұстау, жуындыру бәрі-бәрі жалғыз өзіне қиынға соққаны рас. Жас нәрестенің қас қабағын күзете отырып, ақша табу, жұмыс істеу кез келген ер жігіттің қолынан келе бермейтін іс қой.

– Сол қысылтаяң кездердің барлығы бүгін ойласам түс секілді әсерге бөлейді. Көп қиындықты көргенімді жасырмаймын. Тіпті, ұлымды жаялыққа орап, тамақтандырып, көлігімнің артқы орындығына жатқызып кетіп, жұмысқа баратынмын. Бір-екі сағаттан кейін келіп, жылап жатқан оны уатып, біраз ойнап қайта жұмысқа аттанатынмын. Алайда, осы қиындықтарым бүгінде маған өзімнің өмірдегі сырласым Болаттай үлкен азаматымды сыйлады, – дейді жалғызбасты әке.

Он төрт күндік сәбиді жалғыз өзі қарап, жетілдіру кейде жалған әңгіме сияқты көрінгенімен, даусыз шындық. Бүгінде Болат он екі жасқа толды. Әке мен баланың арасында ешқандай жасырын сыр жоқ. Оларға қуаныш та, қайғы да ортақ. Болат әкесін әке деп қана емес, анасы ретінде бағалайды, құрметтейді. Сабақтан қолы қалт еткенде әкесінің шағын кәсібімен шұғылданады. Сабақты бірге оқиды. Бірге серуендейді. Ас үйдегі ұсақ-түйек шаруаларды да бірге тындырады.

Олар қазіргі уақытта Қызылжар ауданындағы жекеменшік тұрғын үйлердің бірін жалға алып тұруға мәжбүр. Оның үстіне, Болаттың мектебі де үйдің жанында орналасқан. Ай сайын пәтерақыға да ақша үнемдейді. Жанаттың тұрақты жұмысы болмаса да, жер үйлердегі пештің ысын тазарту, пеш аспаптарын орнату және алмастыру сияқты күнделікті қызметінен түсетін табысы екеуінің күнкөрісіне жетеді.

Жалпы клубтағы ер азаматтардың барлығы дерлік әйелдің тірлігін бір кісідей меңгеріп алған. Оларға ыдыс-аяқ жуу, тамақ пісіру, балалардың тазалығын қадағалау, оларды балабақшаға, мектепке дайындау, тіпті, қыздардың шашын күту сияқты майда тірліктердің бәрі жат дүние емес.

Мамандардың айтуына қарағанда, ес білгеннен әкесінің тәрбиесін көрген балалар да аналық махаббатты көп қажет етпейтін көрінеді.

– Біздің клубқа жалғызбасты әкелер балаларын ертіп келіп жатады. Балалармен де әңгімелесіп, шама-шарқымызша ақыл-кеңес береміз. Қыздардың бойынан көбінесе ермінезділікті, ұяңдықты байқаймыз. Олар ашылып әңгіме айтуға келгенде сараңдау. Ал ер балалар әкені бірінші орынға қояды. Жақында жалғысбасты әке жасы сегіздер шамасындағы қызын ертіп келді. Әлгі бүлдіршінмен әңгімелесу барысында оның анасын іздейтінін, сырласқысы келетінін аңғардым. Осыдан-ақ қанша жерден айналып-толғанса да әкенің ананың орнын баса алмайтынын білуге болатындай, – дейді психолог.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

(Суретте: жалғызбасты әке

Ж. Сейпиев ұлы Болатпен).

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Ер адам әйелдің жұмысын қанша жерден игергенімен, отбасына сән мен мән кіргізетін ананың орны қашанда бөлек емес пе! Мұны біз кездесіп, әңгімелескен жалғызбасты әкелер жақсы біледі. Кейде оларды жақсы қызды жолықтырып, отбасын құру арманы мазалайды. Жарым деп алғаным балаларыма қорған бола ала ма, әлде тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген балапандарымның көңіліне қаяу түсіре ме деген жауапсыз сұрақтар да санада көлбеңдейді. Өз бақытын балапандары үшін құрбан еткен әкелердің үміттері ақталып, армандары орындалар. Әйтсе де, отбасы, бала бақыты сияқты Алланың берген ғажайып нығмет-терін ойыншыққа айналдырған қатігез әйелдердің не ойлағаны бар екен?

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp