«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙУАНДАР ЖАЗАСЫН АЛДЫ

Кеше Петропавл қалалық сотында адам өлтіру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іске нүкте қойылды. Айуандықпен кісі өлтірген қылмыскерлер бар болғаны – 22 және 19 жастағы Петропавл қаласының тұрғындары.

Қанды оқиға осы жылдың ақпан айында облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Тергеу барысында анықталғандай, Сергей Ханин мен Игорь Маламыжев сол күні қосылып арақ ішеді. Дастарқанның сәніне айналған бөтелкелердегі арақ таусыла бастағанда Игорь Маламыжев дүкенге тағы да ішімдік алып келу үшін жүгіріп кетеді. Жол-жөнекей жәбірленуші Рафаиль Латфуллинмен танысып, оны да өзімен бірге ала келеді. Жаңа таныстар көңіл көтеруді әрі қарай жалғастырады. Бірақ ащы суға сылқия тойып алған қылмыскерлерге жәбірленушінің сөзі ұнамай қалады.

Дастарқан басындағы әңгіменің шырқы кетіп, соңы қып-қызыл жанжалға ұласады. Мұны олар өздерінің тергеушіге берген жауаптарында айтқан. Тепсе темір үзетін жігіттер пәтер ішінде Рафаиль Латфуллинді соққыға жығады. Мұнымен де тоқтамай, оны сыртқа алып шығып, бас-көз демей тағы да тепкінің астына алады. Жәбірленушінің бірауыз сөзіне бола ашуға мінген әлгілер әрі қарай сазайын тартқызу үшін оны сүйреп, қала сыртына шығарады. Ол жерде Игорь Маламыжев ес-түссіз күйдегі Р.Латфуллиннің оң құлағын кесіп, басқа да адамның ойына келмейтін айуандық қылықтар жасайды. Осылайша, олар жәбірленушіні әбден азаптап өлтіреді. Соңында оның өлі денесін жасырып, өздері қылмыс орнынан қашып кеткен.

“Арақ – бар жамандықтың басы”, – деп бекер айтылмаған ғой. Қылмыскерлер мұндай айуандыққа мас күйінде барғандарын айтып, өткен іске өкініш білдіргендерімен, лайықты жазаларын алды.

Судья олардың әрқайсысын 9 жыл 6 айдан бас бостандығынан айырды. Қылмыскерлер жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтейтін болады.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp