
Емдеу мекемесінің ашылу салтанатына жиналған ауыл тұрғындарын құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова денсаулық сақтау саласын дамыту Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойып отырған жоғары талаптарға сәйкес болуы керектігін айтты.
– Әлем елдерінде медицина саласы қарқынды дамып, адамзат алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Бір орында тұруға болмайтынын, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау керектігін уақыт өзі көрсетті. Уақыт талабына сай жабдықталған мына ғимараттың ашылуы бәйтеректіктер үшін үлкен сый деп ойлаймын. 2016-2020 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 2021 жылға қарай 73 жасқа дейін ұлғайту. Сондықтан жаңа ауруханада еңбек ететін дәрігерлер қауымы Елбасының қойған талаптарын орындауда біліктілік танытады деген сенімдемін. Істеріңіз сәтті болсын! – деді Анархан Қалиқызы.
“Бітер істің басына, жақсы келер қасына” демекші, фельдшер Айнұр Әбірова да жерлестерін жаңа емдеу орталығының ашылуымен құттықтады. Алқызыл лента қиылған соң келген қонақтар мен ауыл тұрғындары емдеу нысанын аралап, медициналық қондырғылардың жай-күйімен танысты.
Фельдшерлік-акушерлік пункттің аға дәрігері Нұржан Партизанқызының айтуынша, енді ауылдықтарды аудан орталығына сенделтпей, өздерінде алғашқы медициналық көмек көрсетпек. Үш маман Бәйтерек ауылының бір жарым мыңға жуық тұрғынының саулығына жауапты.
– Қазіргі таңда мүмкіндік зор деп айтсам да болады. Барлық жағдай жасалған. Енді науқастарымызды өзіміз қадағалап, емдейтін боламыз. Соңғы заманауи құрылғылармен жабдықталған медициналық пунктте бір жасқа дейінгі балалар мен аяғы ауыр әйелдердің жағдайы жіті қадағаланады, – дейді аға дәрігер.
Пайдалануға берілген ғимаратта науқастарды қабылдау бөлімі, акушерлік, зертхана, фельдшерлік бөлмелер бар және олар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.