«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНДА

Бүгіндері облыс аумағында 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Олардың 7,4 пайызын мүгедек балалар құрайды. Жыл сайын мемлекеттік бюджет есебінен мүгедектер техникалық оңалту құралдарымен, протездік-ортопедиялық көмекпен, санаторлық-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі мамандарының әлеуметтік қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Кембағал жандарға берілетін арнайы жүріп-тұру және техникалық оңалту құралдарының тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы №754 қаулысымен бекітілген.

2015 жылы аталмыш тізбеге мүгедек балаларға кохлеарлы имплантпен сөйлеу процессорлары енгізілді. Сонымен қатар, міндетті гигиеналық құралдардың нормасы өсірілді.

Денсаулығы сыр берген мүгедектердің өмір сапасын барынша арттыруға мүмкіндік беретін оңалту техникалары мен жабдықтары әлемдік нарықта серпінді дамуда. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 желтоқсандағы №1036 қаулысымен тізбеге бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

2017 жылдың қаңтарынан бастап ескірген сурдо-, тифлотехникалық құралдар (бейнекомпьютерлер, компьютерлік тифложинақтар, тифломагнитолалар, телефакстер, диктофондар) орнына көру немесе есту органдары бұзылған кембағал жандар үшін көпфункционалды жаңа заманғы ноутбуктер және мобильді телефондар сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, талапқа сай бірқатар техникаларды ауыстыру, қолданудан шығару қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2017 жылы көзі нашар көретін адамдар үшін тифлотехникалық құралдар тізімін (термометр, тонометр, сөйлеу дыбысымен глюкометр) және басқа да қажетті міндетті гигиеналық құралдар тізімін кеңейтуді ұсынды.

2018 жылдан бастап қолданысқа Брайл бойынша жиылмалы әліппе енгізілмек. Денсаулығына байланысты өздігінен жүріп-тұруы қиындық туғызған мүгедектер үшін қосымша техникалық құралдарды (киіну, шешіну үшін бейімделу және заттарды алуға құрал; дәретхана бөлмесіне қайырмалы тұтқа, жуыну бөлмелері үшін тұтқа, дыбыс бергіш аппарат) қолданысқа шығару жоспарлануда.

2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жоспарының үшінші кезеңін іске асыру жөнінде мемлекеттік органдар тұрақты негізде жұмыстарын жалғастыруда. Мұндай қадамдардың барлығы мүгедектіктің алдын алу және ескерту, денсаулық сақтау және медициналық-әлеуметтік сараптама қызметтерін біріктіруді қамтамасыз етуді көздейді.

Қазір істеліп жатқан және бірер жылда жүйеге енгізілетін игі шаралардың барлығы мемлекет тарапынан үнемі қолдау тауып, қамқорлыққа бөленіп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсарта түсуге бағытталған.

Ринат ЕЛЖАСОВ,

облыстық жұмыспен қамтуды

үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp