Покровка-Ильинка бағытындағы тасжолға жергілікті бюджеттен 120 млн. теңге қаржы бөлініп, қалпына келтірілгеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда, жөндеу көрген тасжолдың бүгінгі күйі адамды күйіндіреді. Оған не себеп?
Бұл мәселені облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері бұған дейін де талқылап, онда тасжолдардың сұрын кетірген жүк көліктерінің жүргізушілерін жауапкершілікке тарту жайы сөз болған еді. Осы жолғы отырыста облыстық көліктік бақылау инспекциясы мен құқық қорғау органдарының мамандары жүк көліктеріне қатысты атқарылған жұмысты баяндауы тиіс болатын. Алайда, қоғамдық кеңес мүшелерінің “Қанша жүк көлігі тоқтатылды, қаншасына айыппұл салынды?” деген сұрақтары жауапсыз қалды. Облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Сұңғат Рахымжанов та, өңірдің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Айдын Байматов та мұндай ақпараттан хабарсыз болып шықты.
– Сіздерге бір ай бойы жолды бақылап, жүк көліктерін анықтау тапсырылды. Алайда, тапсырма орындалмаған. Енді бұл мәселені шешу үшін облыстық әкімдікке хат жазамыз, – деді қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырлы Едіресов.
Айыртау және Шал ақын аудандарында туризм саласын дамыту әрқилы. Мәселен, көрікті табиғатымен мақтана алатын Айыртау ауданында соңғы үш жылдың ішінде республикалық, облыстық маңыздағы жолдарды жөндеуге 3,5 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Володар станциясына “Қостанай-Қызылорда” бағытындағы “Тұлпар-Тальго” жүрдек пойызының келуіне байланысты демалушылардың саны артқан. Жаз айларында Имантау мен Шалқар көлдерінің жағасында еліміз бен көршілес Ресейден 30 мыңнан астам адам демалыпты. Ендігі мақсат – аудандағы туризм нысандарының ішіндегі жолдарды жөндеу. Себебі, биыл ауданда бес жаңа туристік нысан қолданысқа берілсе, ендігі жылы тағы жетеуі тапсырылмақ. Шалақындықтар мұндай жетістіктерімен мақтана алмаса да, әлеуеттерінің зор екенін алға тартты. “Біз туризмді дамытудың қағидасын енді ғана жасадық”, – деген аудан әкімі Ербол Сағдиев туристерді тартуда Сергеевка су қоймасына зор үміт артылып отырғанын атап көрсетті. Алайда, бұл ретте кедергілер де аз емес екен. Заң бойынша өзен жағасынан 500 метр жерге дейін ғимараттар салуға болмайды. Ал бұл шектеу Есіл өзені жағасында туристік нысан саламын деген инвесторларға тиімсіз болып отыр.
Мағжан АХМАДИНА.