Кешегі Алаш азаматтарының “Ел болудың алғашқы тірегі – білім” деген аманатын арқалаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ білім жүйесін дамытуды қолға алып, еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ мектептерінің ашылуына жағдай жасады.
Әлемдегі қай халықтың болса да, алтын діңгегі, ұлттық санасының негізі, болмысы тілден басталады. Тіл – сөйлеу үшін ғана емес, өмір сүру, еліңді, халқыңды танып-білу үшін қажет. Қазақ тілімен өмір сүру – халқымызға рух беріп, елімізді өркениетке бастар жол. Сондықтан ауданымызда тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарының өзінде-ақ таза қазақ мектебі ашылды. Бұл игі іске аудандық білім бөлімінің басшысы Жәнібек Есенов пен қазақ мектебінің алғашқы директоры Райхан Махметова мұрындық болды. Білім ошағы кейін Зайнидден Әлижановтың басқаруы кезінде “Қазақ мектеп-гимназиясы” мәртебесіне ие болды.
Қазақ мектеп-гимназиясы республикалық, облыстық, аймақтық, аудандық ғылыми конференцияларда, семинарларда, кездесулерде өзінің оқу-тәрбие жұмысының іс-тәжірибесін таратып, аудан көлеміндегі қазақ мектептерінің тірегіне айналды. 2008-2009 оқу жылында Уәлиханов ауданындағы қазақ мектептері еліміздің осындай білім мекемелері арасында алдыңғы орынға шықты. Бұл жетістікке Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясының қосқан үлесі зор.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде еліміздің ең дарынды оқушылары үшін жасалған мүмкіндік – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ашылуы болды. Біздің оқушымыз Олжас Сейпілов облыс бойынша алғашқылардың бірі болып, Астана қаласындағы аталмыш мектепті бітіріп, білімін шетелде жалғастыруда. Оның ізін басқан бірнеше оқушымыз Назарбаев Зияткерлік мектебінен, қазақ-түрік лицейінен білім алып, жоғары оқу орындарының грант иегерлері болды. Білімді жастар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Өнер, спорт салаларының да биігінен көрініп жүрген түлектеріміз аз емес.
Бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Мәңгілік Ел” болу идеясын ұсынып отыр. Осы идея және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына әзірлік аясында аудандық мұғалімдер мен оқушыларға арналған “Қазақ тілі – Мәңгілік Ел тілі” атты семинар өтті. Шара барысында білім мазмұнын жаңарту бағытындағы бағдарлама негізінде бастауыш сынып мұғалімдері ашық сабақтар, деңгейлік курстан өткен мұғалімдер шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, оқушылар “Болашақ” атты зияткерлік ойынын өткізді. Мектеп оқушыларының көмегімен үш тілде шағын көрініс-қойылымдар көрсетілді.
“Біздің жастарымыз оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, инновациялық технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек”, – делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында.
Биылғы оқу жылында мектебіміз күрделі жөндеуден өтті. Жарық та жылы ғимаратта білім мен тәрбие алып жатқан оқушылар, ата-аналар Елбасының алға қойған мақсаттарының алыстағы ауыл мектептерінде жүзеге асырылуын зор қуанышпен қабылдап, олардың болашаққа деген сенімі арта түсті.
Зәмзем ЖҰМАЖАНОВА,
Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясының тарих және қоғамтану пәндерінің
мұғалімі.