«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰМЫТЫЛМАС БЕЙНЕ

Өнегелі сөзімен, үлгілі ісімен көптің көңілінен орын алып, айналасын мейірім-шуаққа бөлей білген қайын атам Қасым Иманқұлұлын еске алсам “Жақсы адам – Алланың нұры” деген нақыл сөз тіліме орала кетеді. Ол сегіз қырлы бір сырлы, адам болатын. Қашанда сабырлы мінезімен ерекшелене білген Қасым атамыздың (балалары, туыстары аға деп айтатын) өмірден өткеніне биыл 20 жыл толса, Жақай шешеміздің бақилық болғанына 28 жылдан асып барады. Арада қаншама уақыт өтсе де, оларды еске алғанда жүрек шымырлап, бойыңды бір қимастық, сағыныш сезімі билейді. Бұл – ұмытылмас жарқын бейнесімен өзінен кейін өшпес із қалдырған адамдарға деген сыйластықтың, құрметтің белгісі.

Иманқұл атамыз бен Рәзиля әжеден алты ұл, үш қыз тараған. Ұрпақ жалғастырған ұлдарының бірі менің қайын атам – Қасым Иманқұлұлы.

Ол кісі танығыш сезімталдығымен, қылыштай қиып түсетін сөздерімен, талай қауымды көздерінен жас аққанша күлдіретін әзілқойлығымен, кез келген ортаны ән мен күйге бөлейтін домбырашылығымен есте қалды. Заман сондай болды ма, әйтеуір әкесі оның домбыра тартып, өлең айтқанын құп көрмеген. Іштей оны сезген баласы жан серігіндей көрген көк домбырасын шошаланың ішіндегі ескі кебежеге тығып ұстап, үйде үлкендер болмағанда алып шығып, ән айтады екен. Бірде мынадай оқиға орын алады. Қыстың күні шошаланың ішінде “пұшық” пештің қасында қызара бөртіп, қайың ағашының көк ала жалыны басылмаған жұдырықтай-жұдырықтай шоқтарын шымшуырмен алып, жер-ошаққа салып бұрқыратып отырған баласының қасына келіп қалған әкесі: “Қасым, осы ананың ішінде не бар?” – деп босаға жақта тұрған ескі кебежені нұсқайды. Қасым атамыз болса, жұмысын сәл тоқтатып, бетінің терін тонының жеңімен сүртіп, әкесіне сезіктене қарап: “Онда…онда әлгі …Қаракер тұғырыңыздың қамыт-сайманы…Кіләм-сіләмдар ғой, әке”, – деп жауап қатады. Баласының сөзіне сенбеген әкесі қасында тұрған Ысқаққа қарап: “Тағы не бар?” – деп сұрайды. Әке қабағынан бәрін ұққан баласы “Домбыра бар” деп жауап береді көзіне келіп қалған жасын зорға тыйып. Ысқақ ағатайымыз бұл үшін домбырашыдан шапалақ жейтінін білсе де, әкесіне өтірік айтуға аузы бармайды. Әкелері Қасым атамызға кебежеден домбырасын алғызып: “Мұны істеген қайсың?” – деп сұрайды. Ысқақ ағатай ойланғанша, оның орнына Қасым атамыз жауап беріп, бәрін өз мойнына алып, “мен едім” деп күмілжіп, төмен қарайды. Балаларының оны-мұны жасап жүргенін байқағанда “Ата кәсібіміз, адал еңбек, үйрене бер”, – деп қолдарын қақпайтын қатал әке домбыраны қолына ұстап, әрлі-берлі қарап, “Осылай ағаш қиыстырып бұйым жасай ма? Құрал-сайман жоқ болса, бір сәрі. Бұл “әуейдің ермегін” көрген жұрт не дейді?! Өзін және сырлапсың… Қақпағын сырлаған домбыраның дауысы шыға ма?” – деп Қасым атамыздың қолына ұстатып, отқа жағып жібер деп қадап айтады. Әке сөзі заң. Одан аттап өтуге ешкімнің дәті бармайды. Сондықтан да Қасым атамыз өзінше қолдан жасап, сыртын сырлап алған домбырасымен қош айтысады. Лаулап жанып жатқан отқа түскен домбыраның алдымен сырт етіп ішегі үзіліп, содан кейін өзі шытырлап жана бастайды. Бірақ, мұнымен Қасым атамыздың домбыра тартып ән айтуға деген құлшынысы арта түспесе, кемімейді.

Әкесі оны жастайынан молдаға беріп оқытып, үйде өзі Құран кітаптан бас алдырмай қадағалап, “Қырық қадес”, “Мұхтасар”, “Нақусарыпты” тамамдатып, үлкен молда етіп шығарған. Бірақ та Қасым ата молда болмады. Себебі, Жағыппар дейтін үлкен ағасы қалыңдығына ұрын бара жатып, тосыннан қазаға ұшырайды. Мұндайға ана жүрегі шыдасын ба? Көп кешікпей шер мен мұңға бөленген кейуана о дүниелік болып, бар шаруа Қасым атамыздың мойнына жүктеледі. Келін алуға қарттың дәулеті келмейді, қалың беріп қойған Жағыппардың болашақ жары болса, Қасым атамызды жассынып онымен тұрмыс құрудан бас тартқан. Сондықтан, барлы-жоқты сауынды Қасым атамыздың өзі сауып (ол кезде бозбала), өзінен кейінгі бауырларына тамақ пісіріп, киім-кешектерін жуып, жамап, оларға қолынан келгенше қамқорлық көрсетуге тырысқан. Жарты жолда жалғыз қалған әкесіне көмектесіп, дала мен үйдің жұмысын бір өзі-ақ тындырып жүрген Қасым атамыз арабша оқу оқып, табиғат сыйлаған әсем әуен көмейінен құйылған кезде тыңдаушыларын ерекше ләззатқа бөлейтін. Ауылдағы кемпір-шалдар уақыттарын бөліп, анда-санда қисса, айтыс, я болмаса газет беттеріне шыққан өлең шумақтарын оқытуға Иманқұл ақсақалдың үйіне әдейі келеді екен. Қасым атамыздың бойына мұндай өнер әкесінен жұққан.

Иманқұл ақсақал “Жоқ, бұлай болмайды деп”, – баласын үйлендіріп, бөлек отау етіп шығарады. Әкесі молда болады деген Қасым атамыз партия мүшесі болып, Көктеректе колхоз басқарған. Ел басына қатер төнгенде қатарластарынан қалмай, майдан даласына аттанады. Соғыста Ленинград түбінде ауыр жараланып, елге келіп, мүгедектігіне қарамай, техникамен айналысқан. “Движок – диірменнің пірі” атанып жүріп, құрметті демалысқа шығады. Жастайынан ауылдастарының “Әзілкеш Қасым”, “Ауыл әртісі” деп кеткен Қасым атамыздың ойын-шыны аралас мағыналы сөздері ауыл жайында жазылған “Көктерек” атты кітапқа енгізілсе, балаларының әкеге деген сағынышын, анаға деген ерекше құрметін Қасым атамыздың інісі Ысқақ Иманқұлұлының “Осы ма Көлмек атты туған жерім…” атты шығармашылық еңбегінен оқуға болады.

Отбасының қамқоршысы, балаларының ақылшысы бола білген Қасым атамыз адамгершілік қасиетімен, жан дүниеңді жете түсінетін түйсіктілігімен, мұсылмандық көркем мінезімен, қарапайымдылығымен жұрттан ерекше болып тұратын. Бір өзі жүз кісідей берекесі бар ардақтымыз мақтану, көлгірсу дегенді білмейтін. Балаларын да адал жолмен жүруге тәрбиелеп, әкелік парызын қолынан келгенше барын салып өтеуге тырысты. Қызы Кәмеш, Кәмилә, күйеу балалары Қайыржан, Баһрам үшін де олардың орны ерекше.

Тоқсан төрт жасында дүние салған Қасым атамыз “Жақсы мінез – жан азығың” деп жиі айтып отыратын. Түсіне білген адам үшін бұл сөздердің мән-мағынасынан көп нәрсені ұғынуға болады.

Алтай ҚОЖАХМЕТҰЛЫ,

СҚМУ профессоры,

экономика ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp