Қыз баланың арманы өзіне лайықты өмірлік серік тауып, тұрмыс құрып, перзент сүю емес пе?! Гүлбаршын да сүйікті жар, аяулы ана болсам деп армандайтын. Алайда, дәстүрлі емес дінді ұстанған жігіті және өзгелер оның тағдырын шырғалаңға салып, тура жолдан тайдырды. Ол өмірінің сол бір күңгірт сәттері жайлы әңгімелеп берген еді.
Гүлбаршын, 25 жаста
– “Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде”, демекші, танысқан жігітім мен жат ағымның жетегінде жүрген қыз-келіншектер тағдырымды ойыншыққа айналдырғанын кеш ұқтым. Өзегімді өкініш өртегенімен өткен күндер қайтып оралмайды. Қазақ қыз-келіншектерінің менің қателігімді қайталап, опық жеп қалмауы үшін басымнан өткен жайды баяндағалы отырмын.
Мен жоғары оқу орнында білім алып жүріп, намазға жығылдым. Алғашында “Әбу Ханифа” мәзһабын ұстанған болатынмын. Құранның екі парасын жаттап алдым. Бес уақыт намазымды да қаза қылмаймын. Алайда, мешітте қыздармен жиі-жиі сөзге келіп қалатын болдық. Жанжалдасуымыздың басты себебі, діни көзқарастарымыз әртүрлі, яғни олардың ұстанған бағыты басқа. Мен хиджаб кидім, ал олар ниқабпен жүреді. Күн өткен сайын арадағы кикілжің ұлғая берді. Бірде олар бізді ауызашарға шақырды. Құрбым екеуіміз олардың ұсынысын қабыл алдық. Жат ағым жетегіндегілер бұл кешке тиянақты дайындалған сыңайлы, бірінің сөзін екіншісі жалғап, аузымызды аштырмады. Қазақта “Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады” деген сөз бар емес пе?! Шат көңілге – шабыт, қам көңілге демеу болатын әрі тәтті, әрі қатты, әрі майда, әрі алмастай өткір тілдің әсеріне алданып қалдым ба, білмеймін, әйтеуір алғашқы әңгімеден кейін мен олармен тіл табыса бастадым. Тіпті, осы жамағатқа деген көзқарасым өзгеріп, сенім ұялағанын өзім де аңғармай қалдым. Ал құрбым олардың сөзіне ере қойған жоқ. Осылайша, салафизмнің уағызын тыңдаған сәттен бастап, өмірім өзгере бастады. Құрбымның мені ойымнан қайтармақшы болған әрекетінен түк шықпады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы ұстаздармен де кездестіргісі келді. Одан да нәтиже болмады. Ешкімнің сөзіне құлақ аспадым, өзімдікі ғана дұрыс екеніне шын иландым. Дәстүрлі емес діни ағымның қатарына қосылғаннан кейін маған айналамдағылардың бәрі адасып жүрген секілді көрінді.
Мадхалиттермен араласып жүріп, суруриттер деген екінші бір топтың өкілдерімен де таныстым. Олар өздерін “салафилер” деп атайды. Мақсаттарымызға қарай осылай бөлінеміз. Аса бір айырмашылық байқалмайды. Сондағы бір қызбен жақсы араласып жүрдім. Ол шетелде білім алған екен. Мені бір күні үйіне қонаққа шақырды. Маған діннен бір-екі сауалын қойды. Мен азын-аулақ білгенімді айттым. Сонда ол: “Иурджиттен екенсіз ғой?” – деді. Алғашында таңданысымды жасырмадым. Себебі, жүріс-тұрысымызда айырмашылық жоқ. Ол кісі де ниқабта. Ақыры танысым мені өз жамағатына қосу үшін үйіндегі оқулықтарды парақтап, сөзінің шындығына көзімді жеткізді. Кеш-құрым басталған әңгіме түннің бір уағына дейін жалғасты. Осылай көз-қарасым тағы да өзгеріп шыға келді.
Алты жыл өмірім осы ортада өтті. Өзімізді ақиқатты айтушы деп әспеттедік. Өзгелердің пікіріне құлақ аспаймыз. Біздің ойымызша, намаз оқымағандар мұсылман емес. Сонымен қатар, мұндағы жамағат әйел адамның жалғыз жүруіне жол бермейді. Бұрынғы күйеуім де осы топтың мүшесі еді. Бүгінгі күні ойлап отырсам, олардың “сүннет” дегені бос сөз екен. Олай дейтінім, оған тұрмысқа шыққаннан кейін жағдайым, тіпті, өзгерді. Әрине, жақсы жағына болса, өкініш жоқ қой. Күйеуіммен бірге тұрған уақытта салафизмнің кәдімгі секта екендігіне көзім жетті. Олардың істері сүннетке мүлдем сай келмей жататын. Жүкті болып, перзент тосып жүрген уақытта да жұбайымнан жанашырлық байқалмады. Сәбиімнің айы-күні жетіп тұрғанда күйеуім талақ айтып, тастап кетті. Сылтауы, оған екінші әйел алу керек екен. Жүкті әйелге талақ жүрмесе де, жалғыз қалдым. Ажырасқаннан кейін оның бауырсымақ ахилары бірінен соң бірі маған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаумен болды.
Тағы бір айта кететін жайт, ондағы қыздар мен жігіттер анайы тақырыпта еркін сөйлесе береді екен. Мұны өзім кеш білдім. Бір-біріне жалаңаш түскен суреттерін жібереді. Олардың осындай адам шошырлық жиіркенішті әрекеттері мені қатты ойландырды.
Біздің бағытымыздың бұрыстығын дінтанушылар, имамдар, басқа да арнайы органдардың мамандары түсіндіруге тырысып баққандарын да айтып өткім келеді. Бірақ біз оларды адасушылар деп айыптағандықтан, сөздеріне мүлдем құлақ аспайтынбыз. Әрі ұстаздарымыз өздерін ғана тыңдауға шақыратын. Ұстанған бағытымыздың дұрыстығына кәміл сеніп, басқаларға жиіркенішпен қарауға әдеттендік. Сондықтан ондай түсіндіру жұмыстарының нәтижесі болмайтын.
Бізді уағыз айтушылар радикалды бағытқа үндеді. Өз арамызда “Skype” желісі арқылы онлайн сабақтар өтіп тұратын. Жезқазған, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Ақтау, Алматы, т.б. қалалардағы жамағаттарымызбен хабарласып тұрдық. Бұл топтағылар түрлі әлеуметтік желілерге арқа сүйейді. Олардың көбі “ВКонтакте”, “Facebook” сияқты желілерде танымал болмағандықтан, қарапайым қолданушылар күмәнданбайды. Уағыз-насихат жұмыстарының күштілігі сондай, Сирияға да аттанбақшы болдық. Бір топ адам алыс сапарға мұқият дайындалдық. Бірақ арамызда “сатқындар” болды ма, біздің дайындығымыздан арнайы органдар хабардар болып, дер кезінде тоқтатты.
Елге танымал Ділмұрат әбу Мухаммад, Абдуразим Башпаев, Октам Заурбеков және т.б. уағыз айтушыларды мадхалиттердің қатарында жүргенде таныдым. Ал суруриттерге қосылғанда Шейх Халил, Дарын Мубаров, Саид Бурятский, Надир Абу Халид сынды ұстаздардан білім алдық. Екі жамағаттың да ғалымдары бір. Жұрт олардың ішінен радикалдарды айыра алмасы анық. Мен де олардың айырмашылықтарын білмей, екі ортада өз өміріме балта шаптым.
“ВКонтакте” желісінде “Халифат”, “Аль-Хаят” деген бірлестіктеріміз бар еді. Тек осында берілген мақалаларға ғана көз жүгіртеміз. Ал Сириядан қайтып келгендердің басынан өткен оқиғалар жайлы материалдар бізді, тіпті, елең еткізбейтін. Олардың өздерін кінәлаушы едік. Шынымен де, салафизм бағытындағыларды дәстүрлі дінге қайтару жеңіл емес. Алысқа бармай-ақ биыл жазда Ақтөбе қаласында орын алған қанды оқиғаны еске алайықшы. Әлі күнге дейін кейбір кінәлі тұлғалардың әйелдері жұбайларын жақтайды. Оларға дәстүрлі дін өкілдері қаншама жазықсыз жандарды жер жастандыру шариғат бойынша үлкен күнә екенін айтып, түсіндіргенінен нәтиже жоқ. Күйеулерін “шахид” болды деп есептейді. Әрине, олардың ісін еліміздің заңы да құптамайды.
Бұл жамағаттағы жалғызбасты әйелдердің көбінің күйеулері экстремизм бабы бойынша сотталып кеткендер. Мұны олар Алланың сынағы деп қабылдайды. Сондықтан бұл қиындықтарға мойымауға тырысады. Жасыратыны жоқ, өзім де кезінде осындай ойдың жетегінде жүрдім.
Салафизм бағытын ұстанған уақытта ата-анаммен, туған-туыстарыммен тіл табыса алмай, алшақтап кеттім. Өйткені, сол уақытта оларды намаз оқымағандары үшін сөгетінмін. Түн ұйқысын төрт бөліп, өсіріп, жеткізген анашымды да аямадым. Олардың мені оқытып, өз қолымды өз аузыма жеткізген еңбектерін де ескерген жоқпын. Алғашында жақындарым менің мүлдем өзгеріп кеткенімді түсіне алмай, аң-таң болатын. Маған дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар беруге тырысты. Бірақ олардың сөздеріне мен ол кезде құлақ астым ба?! Анамның әзірлеген тамағынан дәм татпай, бірнеше рет төгіп тастадым. “Сендер кәпірсіңдер”, – деп айыптап, теріс айналдым. Күйеуім де ата-анама жолатпады.
Анам талай рет жүрегі қан жылап, қайта оралуымды сұрады. Мен бейбақ артыма бұрылмадым. Енді, міне, олардың емес, менің таңдаған жолымның бұрыстығына көзім жетіп, өзегімді өкініш оты өртейді. Бірақ қайта оралуға дәтім шыдамайды.
“Ата-ананың қадірін, балалы болғанда білерсің”, – деп бұрынғылар бекер айтпаған екен. Перзент сүйіп, ана атанғаннан бері қызымның тағдырына алаңдаймын. Бар тілегім, аман-есен бойжетіп, өмір жолында адаспаса екен.
Айтпақшы, бүгінгі күні балмұздақ сатып, күнімді көріп жүрмін. Таңның атысынан, кеш батқанға дейін тыным таппаймын. Ең бастысы, адал еңбекке бет бұрғаныма шүкіршілік айтамын. “Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапса”, демей ме?! Әйтеуір, шырғалаңға толы күндер артта қалған сияқты…
Дайындаған
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.