Алдағы уақытта қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Осы орайда “Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасының негізгі ережелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, пысықталған толықтыруларды талқылау процесіне халықты кеңінен қатыстыру мақсатында түрлі шаралар қолға алынды. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында құрылған жұмыс тобында әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың тиімділігін арттыру мәселесі пысықталуда. Аталған жұмыстардың қорытындысы бойынша әкімшілік-деликтік заңнаманы жетілдіру және құқық қолдану тәжірибесінде туындаған жеке мәселелерді шешуге бағытталған заң жобасы дайындалады.
Заң жобасы арқылы әкімшілік-деликтік заңнаманы одан әрі ізгілендіру; әкімшілік-процессуальдық нормаларды жүйелеу; жекелеген әкімшілік-құқықтық және процессуальдық институттарды жетілдіру мәселелерін шешу көзделіп отыр. Ал жобада көрсетілген міндеттер қысқартылған іс жүргізуді қолдану саласын кеңейту; судьяға, органға (лауазымды тұлғаға) жеңілдетілген мән-жайларды анықтау барысында мүмкіндік беретін нормаларды қолдану, оның ішінде заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік айыппұлдың сомасын жалпы сомадан 30 пайызға дейін қысқарту; әкімшілік айыппұлдар мөлшерін төмендету, сонымен қатар, жаңа айыппұлдар белгілеуге немесе қолданыстағы айыппұлдарды күшейтуге уақытша мораторий енгізу туралы мәселені пысықтау арқылы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, жеке әкімшілік құрамының санкциясында жаза түрлерін оларды ізгілендіру пайдасына қайта қарау; тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтарды жою кезінде рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын мерзімінен бұрын қайта бастау тәртібін регламенттеу; ҚПК-нің аналогы бойынша әкімшілік-деликтік заңнаманың аясында кезекші судьяларды енгізу туралы мәселені қарастыру; ӘПК пен ҚПК-нің аналогы бойынша кассациялық тәртіпте әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаға, жәбірленушіге немесе олардың заңды өкілдеріне шағым жасау құқығын бере отырып, актілерді қайта қарауға бастамашылық ететін адамдар тобын кеңейту қарастырылған.
Сотқа шағым жасауға балама құқықты жоя отырып, бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енбеген қаулыларды инстанциялар бойынша қайта қарау тетігін реттей отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларға жоғары тұрған уәкілетті органға шағым жасаудың міндетті тәртібін енгізу; автоматты режімде жұмыс істейтін техникалық құралдармен және аспаптармен тіркелген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу рәсімдерін жетілдіру; әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті түзетулерді енгізу жолымен заңнамалық реттеуді қажет ететін құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жою арқылы жүргізу де көзделіп отыр.
Динара ТӨЛЕҢГІТОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша соттар әкімшісінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.