Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мамандары тәуелсіздігіміздің тұтқасы – мемлекеттік тілдің бәсін биіктетіп, қоғамдағы беделін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде. Жуырда Ғабит Мүсірепов атындағы балалар кітапханасында басқарма өкілдері “Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік тірегі” тақырыбында кездесу ұйымдастырды.
Кездесуде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай мемлекеттік тілдің дамуына зор үлес қосқан аға буын өкілдері мен студенттер бас қосты.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов мемлекеттік тіл саясаты бұқаралық іске айналғанда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болатынын, ана тіліміздің қоғамның жетекші салаларындағы беделі жоғарылағанын атап өтті. Мемлекеттік тілді насихаттау, оның мәртебесін көтеру және қолданыс аясын кеңейту, жастар арасында қазақ тілін кеңінен қолдануды жетілдіру, облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі іс-шараларға жастарды белсене атсалысуға тарту, осының барлығы тіл саясатын толыққанды жүзеге асырудың ықпалды тетіктері болып табылады.
Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы өңіріміздегі мемлекеттік тілді білетін тұрғындардың үлесі 48 пайызды құрағанын, “Береке” шағынауданында қазақ мектебін салу жоспарланғанын айтты.
Кездесу барысында мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге атсалысып келе жатқан тіл мамандарына, республикалық байқаулардың жеңімпаздарына Алғыс хат тапсырылды. Жиында “Тіл жанашыры” төсбелгісімен марапатталған өңіріміздің белгілі аға буын өкілдері мемлекетіміздің көркеюіне және дамуына үлес қосқандары жайлы әңгіме өрбітті.
Кездесу соңында, қатысушылар өңірімізде тәуелсіздік жылдары мемлекеттік және Қазақстан халқының өзге тілдерін насихаттау бағытында атқарылған шаралар жайында баяндайтын фильмді тамашалады.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.