
Жер – халықтың басты байлығы. Ол ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалардың сақталуы жайлы баяндаған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есенгелді Кәрібаев мыңдаған гектар алқапты иеленгенмен, тиімді пайдаланбаған “Богви” және “Трансавто” сияқты алпауыт компаниялармен соттасып жатқандарын хабарлады. Егістік алқаптардың біраз бөлігі мемлекетке қайтарылса, қалғандары бойынша іс әлі жалғасуда.
Басқарма басшысы жемқорлыққа жол бермеу үшін тұрғындардан келіп түскен өтініштер бойынша дер кезінде шара қолданылатынын айтты. Мысалы, 2016-2017 жылдары 80 өтініш қаралып, тиісті жауаптар берілген. Өткен жылы облыстық жер комиссиясы алты отырыс өткізіп, мемлекеттен жер алғысы келген адамдардың 21 өтінішін қарап, 17-сін мақұлдаған екен.
Тұрғындардың арыз-шағымын қарап, шешімдер қабылдауда кемшіліктер де жоқ емес. Мысалы, Шал ақын ауданындағы “Мұса” шаруа қожалығының иесі 2012 жылдан бері басшылардың есігін тоздырумен келеді. Комиссия отырысына селекторлық режімде қатысқан аудан әкімі Ербол Сағдиев даудың басы бұрынғы аудан әкімі орынбасарларының бірінің “Мұса” шаруа қожалығының жерін өз әкесіне алып бергенінен басталғанын айтты. Әділетсіздікке төзбеген шаруашылық басшысы сотқа жүгінсе де әлі жерін қайтарып ала алмай жүр екен. Өкінішке қарай, жер қатынастары басқармасының басшысы бұл дау-дамайдан бейхабар болып шықты.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов сыбайлас жемқорлық еліміздің беделіне нұқсан келтіріп, экономикаға инвесторлар тартуға кері әсер ететінін жеткізді. Жергілікті шенеуніктердің бюрократиялық әрекеттерін, бітетін іске қасақана тосқауыл қою сияқты жымысқы қылықтарын тоқтату қажет.
– “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2016 жылдың қорытындысы бойынша арнайы жүргізілген сауалнаманың нәтижесін жариялады. Сауалнамаға негізінен кәсіпкерлер қатысқанын айта кеткен жөн. Біздің облыс бюрократияға бой алдырған өңір атанған. Ал әкімшілік реттеу, яғни жергілікті биліктің жұмысын бағалау бойынша 16 аймақ ішінен 15-інші орында екенбіз. Бұл іскерлік ахуалдың тұрақсыздығын, бұл ретте кедергілердің әлі де көп екенін аңғартады, – деді өңір басшысы.
Құмар Іргебайұлы комиссия отырысы алдында барлық аудандық әкімдіктердің ресми сайттарын қарап шыққанын, көптеген ақпарат қолжетімді емес екенін айтты. Кез келген адам, оның ішінде инвесторлар үшін ақпарат ашық болуы керек. Бос жер телімдері туралы мәлімет, жер алған адамдардың аты-жөндері жариялануы қажет. Өңір басшысы ауыл шаруашылығымен айналысқысы келген кәсіпкерлерге жер әділ жолмен, яғни аукцион арқылы берілуін қадағалауды бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровқа тапсырды.
Ведомствоаралық комиссия отырысында мектеп оқушыларының бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесі де қаралды. 2016 жылдың қыркүйегінен бастап облыстағы 432 білім беру мекемесінде “Адал ұрпақ” мектепішілік клубтары құрылып, “Парасатты азамат” бұрыштары ашылған. Мақсат – оқушылардың бойында сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру. Өңір басшысы мектепке тамыр-таныстықпен жұмысқа кіру, ата-аналардан әртүрлі сылтаумен ақша жинауға жол бермеу қажеттігін ескертті.
Ведомствоаралық комиссияның мүшелері “Жасөспірім” жедел-алдын алу шарасының нәтижесін қарап, Жамбыл және Мағжан Жұмабаев аудандарында атқарылып жатқан құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы аудан әкімдері Иван Турков пен Асқар Бегмановтың есептерін тыңдады. Облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Айтбаевтың мәліметінше, өңірімізде жасөспірімдер жасаған қылмыстар саны азайған. Тұрмысы төмен және ата-аналары ішімдікке салынған отбасылар арнайы есепке алынып, үнемі қадағаланады екен. Түнгі уақытта көше кезетін кәмелеттік жасқа толмағандар ерекше назарда. 4 жеткіншек түнгі клубтарға барғаны үшін, ал 207 бала қас қарайғанына қарамастан қаңғырып жүргені үшін олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылыпты.
Құмар Ақсақалов жасөспірімдер қылмысының алдын алу үшін оларды әртүрлі үйірмелер мен спорт секцияларына тартудың маңызы зор екенін айтты. Балалардың көше кезуге немесе қандай да бір жаман қадамдарға баруға бос уақыттары қалмауы қажет. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владимир Ткаченко облыс оқушыларының 50 пайыздан астамы мектептен тыс әртүрлі шаралармен қамтылғанын хабарлады. Басым бөлігі спорт секцияларына барады екен.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.