Кеше облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова төрағалық еткен бұл отырысқа кеңес мүшелерімен қатар өңіріміздегі діни конфессиялардың, жергілікті билік және құқық қорғау органдарының, білім мекемелерінің, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Алқалы жиында Петропавл қаласы мен Ақжар ауданы әкімдерінің орынбасарлары Евгений Глотов пен Ғалымтай Айтмұхаметов діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің атқарған жұмыстары туралы хабарлама жасады.
Дана халқымыздың өзі “Дініңді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің” деп тегін айтпаған. Жергілікті атқарушы органдардың діни ақпараттық жұмыстарды ұйымдастырудағы бірінші кезекте бақылауға алатын мәселесі – жастарға дін мен оны таратушы діни ұйымдардың мақсат-мүдделерін айқын тануына, әрбір жағдай мен үдеріске сыни көзқараспен қарауға бағыт-бағдар беру болып табылады. Елімізде Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында этносаралық, конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасқан. Облыс орталығында діни ахуал бірқалыпты. Петропавл қаласында 23 діни бірлестік пен филиал, 20 ғибадатхана жұмыс істейді. Қазақстандық патриотизмді насихаттау, діни экстремизмнің алдын алу мақсатында қала әкімдігі жанында ақпараттық-насихат тобы құрылған. Олар жүйелі жұмыс істеу үшін жылдық жоспар жасаған. Былтыр екі мыңға жуық адам қатысқан жиырма іс-шара өткізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар Ақжар ауданында да жүргізіліп жатыр.
Алайда, шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес. Әкімдіктерде діни бірлестіктермен жұмыс істейтін теологтар тапшы. Елді мекендерде көрнекі үгіт материалдары тапшы, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дәстүрлі діндерді насихаттайтын, діни экстремизмнің алдын алуға арналған материалдар жүйелі жарияланбайды.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент басшысының міндетін атқарушы Мәдина Қасенова “Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша біздің өңірде білім алып жатқан оңтүстік облыстардың студенттері арасында тәрбие жұмыстарының жүргізілу барысы жайында ақпарат берді. “Серпін – 2050” бағдарламасы осыдан үш жыл бұрын қабылданған болатын. Бүгіндері еліміздің оңтүстігінен келген 616 студент М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде және 357 жас облысымыздың алты колледжінде білім алып жатыр. Олардың басым бөлігі оқу орындары жанындағы жатақханаларға орналастырылған, шәкіртақы алады. Оқу орындарында өткізілетін спорттық-мәдени бұқаралық шараларға белсене қатысады. Облыстық білім басқармасы басшысының, білім мекемелері жетекшілерінің сенім телефондары арқылы серпіндіктер кез келген мәселесін шеше алады. Биыл серпіндік колледж түлектерін жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, оларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі күн тәртібінде тұр.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова Петропавл қалалық және аудан әкімдіктері өкілдерінің назарын діни бірлестіктермен байланысты нығайту, жастар арасында тәрбие істерін жандандыру мәселелерін барынша ширата түсу қажеттігіне аударды.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.