«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКТІҢ ҚАЗАНЫНДА ҚАЙНАҒАН

Балалық шағы соғыс уақытымен тұспа-тұс келген Тобыл Әділшінов қанына біткен қайсар мінезінің арқасында өмір толқынына қарсы тұрды. Мектептен кейін Петропавлдағы кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, бір топта оқығандар арасынан жалғыз өзі ІV дәрежелі электрмен дәнекерлеуші куәлігін алды. Кейін “Троицкое” кеңшарында мамандығы бойынша еңбек етті. Осылай ол еңбек арқылы өмір баспалдағымен біртіндеп көтеріліп, ортасына сыйлы болды. Сөйтіп, адал еңбекпен келген бір түйір нанның қаншалықты қымбат екенін сезініп өсті.

Алты жыл ішінде ұжым оны өз ісінің маманы ретінде мойындады. Еңбексүйгіш, белсенді, зерек жігітке соғыс ардагері, Тройцкое кеңшарының бірінші бөлімшесін басқарған Михаил Найданың көзі түсті. Михаил Ивановичтің мінезі тік, әділ кісі еді. Ол Тобыл Әділшіновті трактор-егіс бригадасының жетекшісі етіп тағайындады. Тобыл үміт пен сенімді ақтады. Табиғи қабілеттілік өз ісінің шебері болуға көмектесті. Оның бригадасы жылма-жыл жоғары өнім алды. Кез келген еңбектегі белсенділік адамның лауазымдық мансабының өсіп, қызметінің көтерілуіне бірден бір дәнекер ғой. Тобыл өзі жетекшілік еткен ұжымда беделді, әріптестеріне үлгі-өнеге бола білді.

Ол қай салада еңбек етсе де өзінің іскерлігімен көзге түсіп, қарамағындағылардың ауызбіршілігін сақтауға, шаруаның өрге басуына баса назар аударды, сөйтіп, әріптестерінің қолдауына ие болды. Кейін Ленин ауыл шаруашылығы техникумында агроном-егіс жүргізу ісі мамандығын алған соң Тобыл Мырзабайұлы “Қайранкөл” кеңшарына партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Ағамыз жетекшілік еткен жылдары шаруашылықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, Қайранкөл орта мектебінің, Мәдениет үйінің, балабақшалардың және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандардың бой көтеруіне атсалысты.

Ағамыз Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ең жас депутаты болды. Депутаттық жылдар жерлесіміздің биік шыңдарға жетуіне жол ашты. Өзіне жүктелген зор жауапкершілікті мінсіз атқарып, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметіне ауыстырылды. Еліміз егемендігін алғанға дейін қоғам мүддесі үшін тынымсыз еңбек етті.

“Еңбек түбі – береке” деген кешегі ата-бабаларымыз да әрдайым ұрпағының істеген ісінің пәтуалы болуы үшін ең алдымен оларды еңбексүйгіштік пен жауапкершілікке тәрбиелеген. Еңбек еткен адамның қарыны тоқ, уайымы жоқ, сыйлы азамат болатынын өмірдің өзі де әрдайым дәлелдеп келеді. Тобыл Мырзабайұлы Тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі жылдарда Жамбыл аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалының дамуына өз үлесін қосты.

Кеңшардағы абыройлы еңбегі үшін: “Қажырлы еңбегі үшін”, “Тың игергені үшін” медальдарымен, “Құрмет белгісі”, “ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы” ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ, “Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл”, “Мәслихатқа 20 жыл”, “Құрметті ардагер” медальдарының да иегері Тобыл Әділшінов Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында “Жамбыл ауданының құрметті азаматы” атанды. Еңбектің қазанында қайнаған ардагеріміз жақында сексеннің сеңгірін бағындырды.

Игілік РАХМЕТОВ.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp