«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Медициналық сақтандыру — заман талабы

Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енеді. Осыған байланысты Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М.Бапанова, Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Л.Гордеева, №3 қалалық емхананың бас дәрігері Ә.Тәшетова халықты ақпараттандыру үшін журналистермен “Азаматтарды амбулаторлықемханалық ұйымдарға тіркеу” тақырыбында брифинг өткізіп, аталған жүйенің мәні мен маңызын кеңінен түсіндірді.

Жаңа жүйе мемлекет пен жұмыс беруші және азаматтардың денсаулық сақтау саласында жұмылып жұмыс жүргізуіне негіз болмақ. Азаматтарға медициналық қызметтің екі түрлі пакеті ұсынылмақ. Бiрiншiсi – бәрiне бiрдей кепiлдендiрiлген тегiн медициналық көмек болса, екiншiсі азаматтар ай сайын төлеген жарна есебiнен көрсетіледі. Ол үшiн тұрғындар емханалардан өздерiнiң мәртебесін анықтап алулары керек. “Емханаға тіркел де, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!” Осындай ұранмен 5 сәуірден бастап тұрғындарды емханаға тіркеудің науқаны басталды. Науқан үстіміздегі жылдың 31 маусымына дейін жалғасады. Бұл жайында медициналық қызметке ақы төлеу комитетi облыстық департаментi басшысының міндетін атқарушы Лариса Гордеева былай дейді:

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын толтырудың 4 негізгі көзі бар. Алғашқысы, ол – мемлекет. Үкімет 14 санат бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайын жарна төлейтін болады. Ал келесісі – еңбекпен қамтылғандар. Бұларға 1 шілдеден бастап жұмыс беруші ұйым жалақыларының 1 пайызын бөледі. Үшіншілері – заңды тұлғалар. Олар екі ең төменгі айлықтың 5 пайызын төлейді. Ал соңғылары – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Бұлар келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі бір айлық жалақының 5 пайызын аударуға міндетті.

Қорға жарна төлеуден азаматтардың 14 санаты босатылады. Олардың ішінде “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері, бұрын “Батыр ана” атағын алғандар, сонымен қатар І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” орденімен марапатталған көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, сондай-ақ, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру мекемелерінің күндізгі бөлімдерінде, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер бар. Жарна төлеуден бала тууға, бала асырап алуға және 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде, сот шешімімен қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар босатылады. Оқуын тамамдаған студенттерге жұмысқа орналасуға үш ай уақыт беріледі. Осы аралықта олар үшін жарна мемлекет есебінен аударылады.

Алдағы уақытта науқастар медициналық мекеме мен дәрігерді өз қалаулары бойынша таңдай алады.

– Емханаға тіркелу тұрақты немесе уақытша мекенжай, жұмыс, оқу орындары бойынша жүргізіледі. Бұл науқан жылына бір рет өткізіледі. Тұрғындар емханаға тіркелу үшін сол ұйымның бас дәрігерінің атына өтініш жазады. Міндетті түрде кішкентай балалар үшін туу туралы куәлігі, ал жасөспірімдер мен ересектер жеке куәлігі немесе паспорттарын әкелулері қажет. Немесе өтінішті “Электронды үкімет” порталы арқылы да жолдауға болады, – дейді №3 қалалық емхананың бас дәрігері Әлия Тәшетова.

Қазіргі таңда өңірде 72 емханалық-амбулаторлық мекеме, 17 емхана мен 67 дәрігерлік амбулатория бар. Жаңа жүйе медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестікті арттыруға серпін береді. Ал бұл қызмет көрсету сапасына ықпал етпек. Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестікті нығайтуға негіз болады.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp