Өңірлік коммуникациялар қызметінде орман өртінің алдын алу және өртті сөндіру шараларының барысы баяндалған брифинг өтті.
Тақырып бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Анатолий Усольцев сөз тарқатты. Өрт қауіпсіздігі маусымында ормандарды өрттен қорғау, оның алдын алу шараларын ұйымдастыру, тұтанған өрт пен оны сөндіру бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды үйлестіру – аталмыш мекемеге жүктелетін міндет. Өрт ошағын анықтау үшін 2014 жылы 14 кешенді бейнебақылау орнатылған. Әрбір орман мекемесінде кезекшілік қызмет, Петропавл қаласында орталық диспетчерлік қосын жұмыс істейді. Саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін соңғы төрт жылда облыстық бюджеттен 134 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға өртке қарсы жабдықтар мен техникалар сатып алынған. Сондай-ақ, орман шаруашылықтары өз қаражаты есебінен жыл сайын материалдық-техникалық базаны жаңарта түсуде.
Бүгінгі таңда өңірімізде 16 орман өрті станциясы жұмыс істейді. Олардың барлығында өрт сөндіру машинасы бар, сондай-ақ, 78 тіркемелі трактор, 143 патрульдік автомашина, 44 мотосорғы, 141 ауаүрлегіш, 18 жоғары қысымды қондырғы, 436 бүріккіш, 580 байланыс құралы бар. Бұдан басқа, 8 бақылау мұнарасы, 14 бейнебақылаудың интерактивті жүйесі қызмет көрсетеді. Биыл орманшыларға 77 миллион теңге қаржы бөлінген. Яғни, құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген мекеменің өрт оқиғасына жол бермеуге мүмкіншілігі зор. Былтыр 15 орманды алқапта от тұтанған кезде орманшылар дер кезінде қимылдап, жағдайды ушықтырмаған. Тек Орлиногорск орман шаруашылығының аумағында болған екі өрт 0,38 гектар жердің жасыл желегін жалын ораған. Оқиға материалдары бойынша тергеу жүргізілгенмен кінәлілер анықталмаған. Сол маңда жүрген демалушылардың өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамауынан болған деген ғана жорамал бар. Орманшыларға егіншілікпен айналысатын кәсіпкерлер де аз қиындық тудырмайды. Өйткені, егін мен орманды алқаптың арасындағы жер жыртылып, жолақ салынса дала өрті кезінде орманды оттан қорғауға болады. Алайда, кейбір шаруалар “жолақ тартыңдар” деген өтінішті ескермейді.
Анатолий Усольцев журналистердің сауалдарына жауап бере отырып, бүгінде орман шаруашылығы мекемелерінде 356 орманшы жұмыс істейтінін айтты. Былтыр заңсыз ағаш кесудің қырық төрт фактісі анықталып, кінәлілер айыппұлдарын төлеген. Сондай-ақ, ылғалдың көптігінен тамыры шіріген 2300 түп ағаш – орман қорына тигізілген үлкен залал. Ал ағаштардың жапырақтарын жалмайтын жұпсыз жібек құрты жылдан-жылға азайып келеді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.