
Облыс әкімі сапар барысында алдымен Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылындағы құрылысы жүріп жатқан заманауи сауда орталығына ат басын тіреді.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлмира Әбілқайырованың айтуына қарағанда, бүгіндері ауданда 1328 кәсіпкер бар болса, олардың 116-сы – шағын және орта бизнес өкілдері. Өткен жылы ауданда “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 2,2 млрд. теңгенің 11 жобасы мақұлданған. Соның бірі – “Бижов” жеке кәсіпкерлігінің заманауи сауда орталығы.
Серіктестіктің директоры Александр Бижов аталмыш жобаның мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асырылып отырғандығын атап айтты.
– Екінші деңгейдегі банктің филиалынан 17,5 пайыз үстемемен несие рәсімдедік. Несиенің 10 пайызына мемлекет демеуқаржы бөлді. Жобаның құны – 85 млн. теңге. Оның 17 млн. теңгесі өз қаражатымыз. Үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын жобаның аясында 20 жұмыс орны ашылатын болады. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша біз екінші жобамызды да іске асыру үстіндеміз. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 500 орындық тойхана салу жоспарымызда бар, – деді Александр Николаевич.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қазір кәсіпкерлікті қолдау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек еткен облыс басшысы кәсіпкердің бастамаларына сәттілік тіледі.
Бұдан соң Құмар Ақсақалов жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың мектеп-интернатында болды. Интернаттың директоры Елемес Қалиев 59 педагог мекемедегі 91 балаға бас-көз болып отырғанын айтты. Мұнда тәрбиеленушілерге барлық жағдай жасалған, 13 кабинет, компьютер сыныбы мен мультимедиялық кабинет, 100 орынға шақталған асхана жұмыс істейді. Мекеме тәрбиеленушілері жармадан, інжу-маржаннан, шырша түйіндерінен өздері жасаған бұйымдарды және “Бір шаңырақтың астында” атты қуыршақ композициясын өңір басшысының назарына ұсынды.
Балалармен болған әңгіме барысында Құмар Іргебайұлы өткен жылы облыс бойынша жетім балаларға 20 пәтер берілгенін, ал үстіміздегі жылы 42 пәтер бөлінетінін айтты. Кездесу соңында мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері қадірменді мейманға өздері жасаған тұмар домбыраны тарту етті. Бағалы сыйлықты жұмыс кабинетіне іліп қоюға уәде берген облыс әкімі өз кезегінде балаларға теледидар сыйлады.
Содан кейін Құмар Ақсақалов жергілікті “Баянтай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұқым шаруашылығында болып, көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың барысына назар аударды. Аталған серіктестік уақыт көшінен қалмай, серпінді даму үстінде. Осызаманғы техникалармен жарақтандырылған агроқұрылым үстіміздегі жылы майлы дақылдар егісін ұлғайту жолымен әртараптандыру жұмыстарын жүргізбек.
– Өткен жылы әр гектардан 17,8 центнерден өнім алдық. Оның 30 пайызы – үшінші сыныпты. Төртінші сыныптың ақуыздылығы 20-дан асты. Техникаларды “Агроқаржы” АҚ-ы арқылы лизингке және өз қаражатымызға сатып алып жатырмыз, – деді серіктестік директоры Сырымбет Есенғалиев.
Жыл сайын күзгі егін орағы кезінде жергілікті диқандар астықтарын қайда тапсырарларын білмей үлкен қиындыққа тап болушы еді. Осы бір өзекті мәселені біртіндеп шешуге серіктестік өзіндік үлесін қосуда. Осыдан бірер жыл бұрын 20 мың тонналық элеваторын іске қосқан болатын. Облыс әкімі шаруашылықтағы техниканы көріп, көктемгі егіс дала жұмыстарына дайындықпен танысқан соң сол жерде аудандағы ірі агроқұрылым басшыларымен, ауылдық округ әкімдерімен кездесті.
Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміров көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады.
– Біздің егіс алқабымыз 381,9 мың гектар болса, жаздық егіс 353,4 мың гектар. Ал 9,3 мың гектарға жасымық, 20,3 мың гектарға майлы дақылдар, 1,9 мың гектарға жемазықтық дақылдар себеміз. Әкелініп жатқан тұқымдардың бәрі тексерілген. Шығымдылығына қарай ауыстырдық. Агроқұрылымдар қажетті жанармаймен қамтамасыз етілді, – деді Ағзам Ахметжанұлы.
Өкінішке қарай, аудан аграршылары өнімдерінің 20 пайызын ғана өңдеп, қалғанын шикізат күйінде сатуда. Сол себепті, өңір басшысы мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеу саласына назар аудару қажеттігін атап көрсетті.
– Қазір ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Сол сияқты, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының екінші бағыты бойынша да тиімді жұмыстар атқаруға мол мүмкіндік бар. Сондықтан осы мүмкіндіктерді құр жіберіп алмай, қарқынды жұмыс жасау керек. Шаруа қожалықтары белсенділік танытып, көктемгі жауапты науқанға барынша дайындықпен келгендері жөн. Соңғы жылдары облысымызда өсірілген астық өнімінің 50 пайыздан астамы 4-5-сыныпты құрайды. Аудандағы тұқымның 14 пайызы 3-сыныпты болғаны жақсы көрсеткіш емес. Сіздер осы бағытқа көңіл бөлулеріңіз қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.
Шаруалармен кездескен өңір басшысы мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдалану қажеттігін тағы бір ескертті. Әзірге бұл бағыттағы жұмыстар бойынша ауданда ауыз толтырып айтатындай нәтиже шамалы.
Бұдан кейін жергілікті тауар өндірушілер өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын айыртаулық “Гормолзавод” ЖШС-і – өңірімізге танымал “Зенченко және К”, “Родина” фирмаларымен бәсекелесе алатын кәсіпорынның бірі. Шикізатты жергілікті елді мекен тұрғындарынан сатып алатын зауытта қатты ірімшік жасайтын өндіріс іске қосылмақ. Ол үшін кешен күрделі жөндеуден өткізілген. Серіктестіктің директоры Асен Жақсылықов алдағы уақытта Украина елінің кәсіпкерлерімен әріптестік орнатуға ниетті екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде облыс әкімі ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға басымдық беру қажеттігін айтты.
Жас кәсіпкер Вера Сухова итальяндық қаз тұқымдары мен күркетауық, брама, цесарка өсіруді қолға алған. Базарға құс еті мен балапандар шығарады. Болашақта өңіріміздің басқа аудандары мен Петропавл қаласында саудалауды жоспарлап отыр. Ол жартылай өнім шығарумен де айналысуда.
Ал “Сырымбет” АҚ-ның өкілі Аркадий Ли аудан аумағында қалайы кенін өндіру жөніндегі жобаның жүзеге асырылу барысы жайлы әңгіме өрбітті. Аудандағы “Сырымбет” кен орны – тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы қалайы өндіру ісі бойынша ірі жоба. Жылына 2 млн. тонна қалайы шығара алатын тау-кен комбинаты жобасының құны 10 млрд. теңге. 2019 жылы іске қосылуы тиіс комбинатта 600 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сырымбет кен орнына былтыр электр желісі тартылса, биыл мемлекет есебінен темір жол салынбақ.
– Құрылысқа қажетті жерді алдық. Комбинат құрылысы мен карьер үшін жер әзірлеуге жалпы аумағы 60 гектар орман алқабын кесуге рұқсатымыз бар. Жұмыс істейтін бас мердігер сәуір айының соңында жұмысқа кіріседі. Жалпы 500 млрд. теңгенің өнімін шығаруды жоспарлап отырмыз. Ауданға түсетін салық көлемі шамамен 2,5 млрд. теңгені құрайды, – деді компания өкілі Аркадий Ли.
“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жергілікті бизнесті қолдауға 1 млрд. теңгеден астам қосымша қаражат бөлінетінін тілге тиек еткен Құмар Іргебайұлы өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге бастамаларында сәттілік тіледі.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жалғасты. Құмар Ақсақалов бірінші кезекте “Масло-Дел” ЖШС-де болып, кешеннің тыныс-тіршілігімен танысты.
Аталмыш компанияның бас инженері Сергей Демин облыс әкіміне серіктестіктің жұмысы мен жетістігін қысқаша баяндады. Алматы қаласындағы “Масло-Дел” компаниясының бір бөлімшесі Новоишимка ауылында 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғашқыда май зауыты ретінде құрылып, 3,7 миллион еуроның шетелдік қондырғылары мен құрал-жабдықтары орнатылған. Тағамдық рапс майының 65-70 пайызы ғана елімізде шығарылатынын ескерсек, экономикалық тұрғыдан өте тиімді және қайтарымы мол сала екені анық. 120-ға тарта адам тұрақты жұмысқа тартылып, өсімдік майын сығымдап өңдеудің озық әдісі игерілген. Шикізат осында алғашқы өңдеуден өткеннен кейін Алматыдағы май және маргарин зауытына жөнелтіледі. Одан әрі сапалы май, маргарин, майонез, кетчуп, өсімдік майы, сарымай секілді халықаралық стандарттарға жауап беретін тағам өнімдері шығарылады. Бірыңғай өңдеу ісіне көшкен кәсіпорынды шикізатпен тиісті агроқұрылымдар қамтамасыз етеді. Майлы өсімдіктерден майы сығылып алынғаннан кейін қалатын күнжара мал шаруашылығы үшін құрамажем өндірісінде қолданылады.
Өңір басшысы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынға майлы дақылдар алқабын кеңейтуге кеңес берді.
– Майлы дақылдар өндірісін алғаш бастаған жылдары қажетті техника мен кадрларымыз тапшы еді. Озық технологияларды ескермедік. Қазір жағдайымыз түзелді. Өнімдерімізді өткізетін нарығымыз да бар. Енді қол жеткізген жетістіктен айрылып қалмауымыз қажет. Бүгін нарықтағы сұранысты ескере отырып, облыс бойынша майлы дақылдар алқабын 200 мың гектарға ұлғайттық. Сөйтіп, республика көлемінде май өндіру бойынша үздіктер қатарына еніп, майды өзімізде әрі қарай өңдеуге көңіл бөлетін боламыз, – деді Құмар Іргебайұлы
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Владимир Дудов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпарат берді.
– Өткен жылмен салыстырғанда екі айдың қорытындысы бойынша аудандағы инвестиция көлемі 1,8 пайызға өсті. Оның басым бөлігін кәсіпорындардың өз қаражаты құрайды. Аудан тұрғындарының 52 пайызы экономикалық белсенді. Үстіміздегі жылдың соңына дейін 1248 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында 806 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жаппай кәсіпкерлік жөніндегі бағдарламалар аясында 274 млн. теңгенің қаржысы бөлінді. Биыл 70 адам қайта оқытылмақ, – деді Владимир Дудов.
Ауданның агроқұрылым басшыларымен өткен әңгіме барысында Құмар Іргебайұлы көктемгі дала жұмыстарына әзірлік мәселесін талқылап, жергілікті ауыл шаруашылығы басшыларының өтініштерін тыңдады.
Бұдан кейін өңір басшысы Новоишимка ауылындағы 200 орындық жатын корпусы бар 400 оқушыға арналған мектеп-интернатта болды. Өткен жылы пайдалануға берілген мектепте 50 мұғалім сабақ береді. Оқу орнының дене шынықтыру және еңбек сабағына қатысқан өңір басшысы жатақханаға бас сұқты. Новоишимка орта мектебінің директоры Сәрсенкүл Сүйесінова жатақханада жақын ауылдардың балалары тұратындығын, аптаның әр сенбі күні балаларды мектептің автобусы үйлеріне жеткізетіндігін айтты.
Жатақханада облыс басшысы еліміздің жұмысы аз өңірлерінен қоныс аударған оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесті. Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы облысымызға 7 отбасы көшіп келсе, олардың еңбекке жарамды 31 адамы жұмысқа орналасқан. Жураевтар отбасы жеті баланы тәрбиелеп отыр. Мұхамеджог Жұраевтың айтуынша, олар Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданынан қоныс аударған. Бүгінде Буденный ауылында тұрады. Оларға аудан басшылығы қолдау көрсетіп келеді. “Новоишимская Нива” ЖШС-інде жұмыс істеп жүрген отағасының мақсаты – өз ісін ашу. Тағы басқа ерлі-зайыптылар дәрігерлік амбулаторийде, орталық аудандық ауруханада, Новоселовка ауылдық округінде табысты еңбек етуде.
– Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан 700 адам біздің өңірге көшіп келді. Биыл бір мыңға жуық адамды көшіріп әкелуді жоспарлап отырмыз. Қоныс аударушыларға мемлекет пен облыс әкімдігі тарапынан қажетті көмек көрсетілетін болады. Өз істерін ашамын деушілер үшін арнайы бағдарламалар қарастырылған, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бұдан соң облыс әкімі 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты. Былтырғы жаз айынан бері құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан “Солтүстік Құрылыс” компаниясының басшылығы нысанды алдымыздағы қыркүйек айында пайдалануға беретінін жеткізді. Жергілікті 46 адамды жұмыспен қамтып отырған құрылыста 90 пайыз қазақстандық мазмұндағы өнімдер, оның ішінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда да шығарылатын материалдар пайдаланылуда.
Ауданда құрылыс саласының даму үрдісі байқалуда. Соңғы бес жылда аудан бойынша 34 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы 8100 шаршы метр тұрғын үй іске қосылмақ.
– Солтүстікқазақстандық кәсіпорындар барынша жұмыс істегенін қалаймыз. Олар салық төлеуге де, өнім шығаруға да тиіс. Біздің зауыттар шығаратын кірпіштер құрылыс алаңдарында сұранысқа ие болуы қажет. Сырттан құрылыс материалдарын жеткізуді азайтуымыз керек. Біздің зауыттарда сэндвичпанельдер шығарылады. Өңірімізде қиыршықтас шығаратын зауыттарымыздың бар болғанына қарамастан, құрылыс компаниялары материалды Ақмола облысынан жеткізеді. Бұл – дұрыс емес. Қазір мемлекеттік тапсырыстарды облыс аумағында жұмыс істейтін жергілікті компанияларға беруге тырысамыз. Себебі, қаржы облысымызда қалуға тиісті. Біз жаңа жұмыс орындарын ашу үшін еңбектенуіміз керек. Сонда біздің өнімімізге деген сұраныс артады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Құмар Ақсақалов “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалында жергілікті қоғам өкілдерімен болған кездесуде жұмыс сапарының соңғы нүктесін қойды. Шара барысында облыс әкімі аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне “ГАЗель” автокөлігінің кілтін табыстады.
Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан және жергілікті агроқұрылымдар басшыларына көктемгі егіс науқанына сақадай сай болу және өнімдерді қайта өңдеу саласын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Өңір басшысы айтылған сын-ескертулердің орындалуын қатаң қадағалайтынын ескертті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.