Үстіміздегі жылы көктемгі су тасқынның алдын алу және оның салдарын азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары қаупі ықтимал су айдындарын назарға алып, мониторинг жүргізуде.
Есіл ауданында орналасқан Үлкен Тораңғұл көлі – осындай қауіпті айдындардың бірі. Бұл көлді толтырған жайылма сулар ескі арнамен Қамыстысай деп аталатын бүгінде жоқ өзенге қарай ағады. Былтыр су деңгейінің көтерілуінен жайылған су Аралағаш, Рублевка елді мекендеріне дейін жеткен болатын. Мамандар тарапынан үстіміздегі жылы да көл ернеуінен асса, бірнеше ауыл, тасжол мен шойын жолдар су астында қалуы мүмкін деген болжам айтылуда.
Жуырда төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Ерік Сарыбаев бастаған жұмыс тобы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Қанат Едрісовпен бірге Қамыстысайды зерттеп, тасқын кезеңінің болжамды ахуалына баға берді. Департаменттің мамандары Есіл ауданы әкімдігі қызметкерлерінің күшімен Қамыстысайдан шығатын арналардың су өткізгіш қабілеттілігін арттыру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесімен танысты. Арналардағы су деңгейін өлшеді.
– Үлкен Тораңғұл көлінен шығатын арналарды тереңдету және кеңейту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде судың ағу жылдамдығын екі есеге дейін арттыру мүмкін болды. Енді бұл көрсеткіш секундына 3 текше метрді құрайды. Атқарылған жұмыстар ауданда су тасқыны қаупін азайтады деп ойлаймыз, – деді Ерік Темірханұлы.
Департамент бастығының орынбасары өзенде де, Қамыстысайдың су айдындарында да судың деңгейін қадағалау шаралары тәулік бойы жүргізілетінін атап айтты. Тұрғындарды су тасқынынан қорғау бойынша қажетті шаралар жалғастырылатын болады.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.