«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰТЫМДЫ ЖОБА

2009 жылдан бастап елімізде “Дипломмен – ауылға!” жобасы іске асырылуда. “Дипломмен – ауылға!” жобасында түлектерге жүктелер сенім мол және де олардың бұл қолдауды сапалы ақтауы – парыз. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында жастардың ойып тұрып орын алуға тамаша мүмкіндік туды. Ауыл – қайнаған тіршіліктің ортасы, сезіне, түсіне білген адамға үлкен мектеп.

Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, қазір дағдарыс жағдайында бізді асырайтын – ауыл, ауылда жұмыс болу үшін, қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет”, – деп атап көрсеткен болатын.

Мамандарды ауылдық жерге тарту және оларды сол жерде бекіту мақсатында мемлекет мамандарға қаржылай көмек көрсететін ынталандыру пакетін құрды. Оның шеңберінде ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салалары мамандарының әрқайсысына арналған айлық есептік көрсеткішінің 70 еселік мөлшерінде (158 830 теңге) көтерме жәрдемақы беріледі және 15 жыл мерзіміне айлық есептік көрсеткішінің 1500 еселік мөлшерінен аспайтын жылына 0,01 пайыз жеңілдікпен берілетін несие (3 млн. 403 мың теңге) түрінде тұрғын үй салуға немесе сатып алуға қолдау көрсетіледі.

Аудан әкімдіктерінде мемлекеттік қолдау көрсетуді ұйымдастыру үшін аудандық мәслихат депутаттарынан, ауданның атқарушы билік органдары мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралған тұрақты жұмыс істейтін комиссиялар құрылған.

Әлеуметтік қолдау шарасын ұсыну мөлшері “Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысымен бекітілген.

Жақсы ұйымдастырылған жұмыстың арқасында 2009-2016 жылдар аралығында 3299 маманға (соның ішіндегі 2550-і – білім, 557-сі – денсаулық сақтау, 45-і – әлеуметтік қамтамасыз ету, 61-і – мәдениет, 43-і – спорт, 43-і – агроөнеркәсіптік кешен салаларына) 380,1 млн. теңге көтерме жәрдемақы төленді. 1194 маманға (соның ішіндегі 874-і – білім, 211-і – денсаулық сақтау, 27-сі – әлеуметтік қамтамасыз ету, 31-і – мәдениет, 24-і – спорт, 27-сі – агроөнеркәсіптік кешен салаларына) 2419,4 млн. теңге бюджеттік несие берілді.

Биыл 310 маманды әлеуметтік қолдау шараларымен қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен жеңілдікпен несие беру үшін 656,8 млн. теңге көзделген, аудандық бюджеттерде көтерме жәрдемақы төлеуге 49,2 млн. теңге жоспарланған.

Мамандардың көбі экономикалық даму әлеуеті орташа және жоғары Қызылжар, Айыртау, Ақжар, Есіл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға барады. Сегіз жыл ішінде аталған әр ауданға 280-нен астам адам жұмысқа орналасты.

Бүгінгі күні ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалы өзгерді. Мамандарға қолайлы жағдайлар жасалады, енді олардың келешегі зор. Соңғы жылдары мемлекет осы бағытта ауқымды жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Жанар АХМИЕВА,

облыстық экономика басқармасы ауылдық аумақтарды дамыту

бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp