«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢДЕЛГЕН ӨНІМ ПАЙДАЛЫ

 

Қызылжар өңірі жері құнарлы өлке болғандықтан, мұндағы негізгі кәсіп егін және мал шаруашылығы екені белгілі. Ал осы қос саланы табыс көзіне айналдыра отырып, дамытып, жаңғырту – алда тұрған негізгі міндеттердің бірі. Жұмыс сапарымен бір күре жолдың бойында орналасқан Мамлют және Жамбыл аудандарында болған облыс әкімі Құмар Ақсақалов еңбек ұжымдарындағы кездесулер кезінде осы ойды өзек етті.

 

“Мамлют ұн үгу комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысқан облыс басшысы өндірісі толық автоматтандырылған кәсіпорынның әлеуетін бағамдады. Комбинаттың бас директоры Анатолий Шрамконың айтуынша, жоғары сапалы өнім шығару үшін алдымен заманауи құрылғы, шикізат және білікті кадр керек. Осы үшеуімен де толық қамтылған комбинат бірінші және жоғары сұрыпты ұн өндіреді. Өткен жылы 18 мың тоннадан астам ұн шығарған кәсіпорын оның 98 пайызын жақын шетелдерге жөнелткен. Десек те, комбинат басшылығын толғандырып отырған мәселе де жоқ емес. Ол – экспорттық бағыттың азаюы. Бұрындары өнімдерін еш алаңсыз Орта Азия елдеріне жөнелтіп келсе, қазір ол мемлекеттер де диірмен салып, бидай үктіре бастапты. Осының салдарынан Қазақстанның ұн үгу комбинаттары үшін негізгі нарық тарылған. Әзірге Ауғанстаннан сұраныс бар. Бірақ бұл елге барлығы бірдей өнім жібере алмасы түсінікті. Комбинат басшысы бұл мәселені шешуде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деген тілегін жеткізді.

– Нарық – бәсеке алаңы. Кімнің өнімі сапалы болса, соның тауары өтімді. Кәсіпорын иелері жұмыс үдерісін жаңғыртуға баса назар аударулары керек.

Өңдеу мен экспорт – қарқынды жұмысты қажет етеді, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірімізде осы қос саланың кемшін қалып отырғанын ашық айтты. Себебі, өткен жылы қамбаға түскен бидайдың 10 пайызы, сүттің 49 пайызы, еттің 20 пайызы ғана өңделген екен. Ал өндірілген барлық өнімнің тек үш пайызы ғана еліміздің шекарасынан әрі асқан.

Бұл әңгіме аудандағы бетке ұстар агроқұрылымдардың өкілдерімен өткен кездесу барысында да жалғасын тапты. Мамлют ауданының әкімі Ерболат Бекшенов әлеуметтік-экономикалық жағдаймен таныстырып, өткен жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 8 жоба қолға алынғандығын айтты. Ал жыл басынан бері 3 өтінім түскен. Биылғы көктемгі егіс науқаны қарсаңында ауданда дәнді дақылдардың көлемі азайып, майлы дақылдар алқабы 14 мың гектарға дейін көбейіпті.

Осының барлығын күнделікті көріп жүрген жергілікті агроқұрылым басшыларымен міндеттерді еңсеру жолы, жаңа бағыттарды қолға алу жөнінде әдемі әңгіме өрбіді. Әсіресе, облыс әкімі Құмар Ақсақалов құнарлы топырақты тиімді пайдалануға баса назар аударды. Жасыл желекке оранған, егіні бітік шығатын өлкеде сапалы бидай өсіріп, оны өңдеу қолдан келетін іс екені сөзсіз. Ал осы орайда агроқұрылым басшылары жаңашылдыққа бейім әрі ізденімпаз болуы керек екендігі айтылды. Соның бірі – органикалық дақылдар өсіру.

Бүгінгі таңда әлемде органикалық дақылдарға, яғни ешбір химиясыз өсірілген бидайға сұраныс басым көрінеді. Нарықта мұндай астықтың бір тоннасы 400 еуроға бағаланған. Еліміздің өңірлерінде осы бағытта жұмыс істеп жатқан шаруашылықтар да бар. Ендеше құнарлы жердің үстінде отырған қызылжарлық диқандар сұранысқа ие экологиялық таза өнімді өсіруге талпынуы қажет. Сонымен қатар, бізде астықты өңдеу саласын дамыту жұмысы да сын көтермейді. Егер өткен жылы өңіріміз 5 млн. тонна астық жинаса, үктірілген ұнның көлемі 363 мың тонна ғана.

– Өңдеу көлемі аз. Біз ауа райы жағдайына қарамастан сапалы бидай алуымыз қажет. Мұның барлығы технологияға байланысты. Егер біз тиісті технологияларды сақтап, жоғары сұрыпты тұқым себетін болсақ, мақсатымызға жетеміз. Бұл жұмыстың атқарылу барысын аудан әкімдерінен сұрайтын боламыз. Ауылдық округтерге арнайы барып, тексереміз. Мемлекет сіздерге субсидия беріп, жан-жақты қолдау көрсетіп отырғандықтан, мұндай талап қоюға құқылы, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өткен қыста қардың қалың түсуі ылғал қорын молайтты. Ал жазда болатын құрғақшылықта бұл ылғалдан айрылып қалмау үшін оны сақтау амалдарын жасау қажет.

Өңірде өсірілетін бидайдың 50 пайызы 4-5-санатты. Бұл – жерді емген шаруаларды толғандырып жүрген мәселелердің бірі. Мәселен, “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің басшысы Еркебұлан Мәмбетов өткен жылы өсірген бидайының 90 пайызы үшінші санатты болғанын және бүгінгі таңда оған бағасына сай сұраныс жоқ екендігін айтты. Себебі, сатып алушылардың дені бағасы арзан төртінші санатты бидайға басымдық береді екен. Шикізаттың бағасы төмен болса, ұнның да құны арзандайды. Рапсты сатуда да осындай қиындықтар туындаған. Өткен күзде бір тоннасын 130 мың теңгеге саудалаған диқандар қазір 100 мың теңгені қанағат тұтып отыр.

Осы орайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Маусымдық емес, күнделікті еңбекті қажет ететін мал шаруашылығы арқылы жұмыссыздар санын азайтуға болатынын жеткізді. Бүгінгі таңда өңірімізде жұмыссыздардың үлесі – 4,9 пайыз. Ал мал шаруашылығы жанданса, аудандарда сүтті-тауарлық фермалар ашып, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы екі қолға бір күрек іздегендерді, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды еңбекке тартуға болар еді.

Мамлют ауданында өңір басшысы “Х.М. Өндірістік-өнеркәсіптік корпорация” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, кейін қоғам өкілдерімен кездесіп, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында сөйлесті.

Осы күні облыс әкімі Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылында орналасқан “Атамекен Агро” және “Династия Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысымен танысып, жергілікті агроқұрылымдардың өкілдерімен кездесті.

Аудан әкімі Иван Турков осы күнге дейін атқарылған жұмысын баяндап, жамбылдықтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті туралы айтты. Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, барлық көрсеткіштер бойынша жүйелі жұмыстар атқарылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауданда мал шаруашылығы айтарлықтай дамыған екен.

Ал аудандағы ең ірі агроқұрылым – “Атамекен Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Виктор Суховтың айтуынша, биыл 66 мың гектар алқаптың 58 мыңын көктемгі егіске пайдалану жоспарланып отыр. Бұдан 1,5 млрд. теңге пайда табуды көздеп отырған серіктестікте бүгінгі таңда 282 адам еңбек етеді. Ал көктемгі егіс, күзгі орақ науқаны кезінде жұмысшылардың саны 360-қа дейін жетеді екен. Шаруашылық қажетті техникамен толық қамтылған. Серіктестіктің автопаркінде тізіліп тұрған шетелдік 20 егіс кешені, 34 комбайны, 34 жүк көлігі және тоқсаннан астам өзге де ауыл шаруашылығы техникалары көздің жауын алады. Жыл сайын 58 млн. теңге салық төлейтін серіктестікте орташа еңбекақы – 82,5 мың теңге.

Ал “Али Сарай” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Арман Қасымғожин қазір мал өсіру пайданың көзі екенін тілге тиек етті. Әрі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылық қолдаулар істің мәнін білетіндер үшін зор көмек болып отыр. Осыны тиімді пайдаланған кәсіпкер өз кірісін еселеп қана қоймай, қырыққа жуық адамды жұмыспен қамтыған.

Жамбылдық агроқұрылым басшыларының еңбек етуге деген ынталарын көрген өңір басшысы аудан әкіміне индустриялық-инновациялық жобаларды әзірлеуге тапсырма берді.

Ал аталған ауылдағы “Династия Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі майлы дақылдарды өңдеумен айналысады. Кәсіпорынның бас директоры Владимир Кан өңір басшысына зығыр майы қалай өндірілетіндігін көрсетті. Қазіргі таңда кәсіпорын жылына үш мың тонна өнім шығара алады. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Онда жылдық өнім көлемі 6-7 мың тоннаға жетпек.

– Зығыр майына қытайлықтар тарапынан қызығушылық басым. Қытайлық бірнеше фирма келіп, өнімдерімізді алуға ықылас танытты. Сұранысқа сай кәсіпорын жұмысын кеңейту жоспарда бар. Алайда, қаржының аздығы қолбайлау болып отыр, – деді серіктестік басшысы Владимир Кан.

Қазіргі таңда олар бизнес-жоспар әзірлеп, несие алуға талпынып жүр. Облыс әкімі Құмар Іргебайұлы әлеуеті зор кәсіпорынға қолдау көрсетілетіндігін айтты.

– Бүгінгі таңда өңірімізге 5800 тонна май қажет. Біз бұл сұранысты жабуымыз қерек. Еліміз бойынша отандық кәсіпорындар майға деген сұраныстың тек 50 пайызын ғана өндіреді. Яғни, өнімді сататын нарық бар. Сондай-ақ, бұл – экспортқа бағдарланған өнім. Шетелде зығыр майына сұраныс жоғары, – деді өңір басшысы.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі №2 Пресновка орта мектебін аралап, Қожаберген жырау атындағы мұражайды тамашалағаннан кейін тұрғындармен кездесті.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp