Қазақстанның білім беру саласында үлкен реформалар жүріп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында ең алдымен білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиістігін атап көрсетті. 2017-2018 оқу жылының басты ерекшелігі – орта білім беру бағдарламасының жаңаруы болмақ. Алдымен 5 және 7-сыныптарда “Қазақстан тарихы”, “Дүниежүзі тарихы” пәндерінің бағдарламалары жаңартылады. Ұстаздар осыған дайын болуы тиіс.
“Қазақстан тарихы” пәнінің мұғалімі оқушылардың бойында қазақстандық патриотизм, елінің тарихы мен мәдениетіне құрмет, ата-бабаларының жетістіктеріне мақтаныш сезімін қалыптастырып, оқушының ұлттық, жалпы адамзаттық құндылықтарын, зерттеушілік, ойлау, коммуникативтік дағдысын дамытуы және баланы осыған жетелеуі тиіс.
Ол мақсатқа алдымен Қазақстан аумағындағы қоғамның әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық дамуының негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері туралы білімін қалыптастыру арқылы қол жеткіземіз. Қазақстанның тарихи дамуында қалыптасқан ұлттық құндылықтар жүйесі, негізгі оқиғалары, құбылыстары мен үдерістерінің мәні туралы түсінік беріп, оқушыны тұлғалар қызметін сын тұрғысынан талдауға және бағалауға дағдыландырамыз. Оқушы тарихи оқиғаларды, құбылыстар мен үдерістерді, деректер негізінде дәлелді пайымдауға үйренеді, зерттеу жүргізу дағдыларын қалыптастырып, дамытады. Қазіргі кездегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени үдерістерді бағдарлайды.
Ұстаз оқушылардың ойын ауызша және жазбаша түрде айқын білдіруіне, топпен жұмыс істеуіне, түрлі деректерден алынған ақпараттарды, жарияланым мен электронды құралдарды, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану дағдыларын дамытуы тиіс. Ақпаратты табу, құрастыру және басқару, мәліметтермен және идеялармен бөлісу, бірлесіп әрекет ету, түрлі жабдықтар, қосымшаларды пайдаланып жұмысын бағалау мен жетілдіру дағдыларын дамыту да назардан тыс қалмайды.
“Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясының білім беру мазмұны арқылы жүзеге асырылуы – жаңартылған білім беру бағдарламасының басты ерекшелігі. Жалпыұлттық идеяның мақсаты мен құндылықтары оқу-тәрбие жұмысының барлық түрлері арқылы кешенді түрде жүзеге асырылады. “Мәңгілік Ел” идеясын іске асыру тетіктеріне білім беру құндылықтарын, қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілікті, ашықтық пен ынтымақтастықты қалыптастыру, өмір бойы білім алу және т.б. жатады. Қазақстан халқын біріктіретін “Мәңгілік Ел”, “Қазақстан – ортақ мекеніміз”, “Қазақстан – менің Отаным” жалпыұлттық идеяларын жүзеге асыруда мектептердің, “Қазақстан тарихы” пәнінің рөлі зор.
Мұғалімдер жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында “Қазақстан тарихы” пәні сабақтарындағы тілдік мәселелерге баса назар аударулары қажет. Әр пәннің өзінің жеке сөйлеу стилі, “академиялық тілі” бар. Академиялық тіл – пән мазмұнын меңгеру, ойлау және онда қолданылатын ұғымдармен жұмыс істеу оқушы қабілетін жақсартуға арналған басты құрал. Тілдік мақсат үлгісі оқу жоспарының әр бөлімінде көрсетіліп, академиялық тілдің құрамдас бөліктері ұсынылған, оны оқушылар есте сақтап, пайдалануларын қадағалап отыру керек.
Тарих – ең көне ғылымдардың бірі. Бүгінде оның маңызы артып отыр. Кез келген ғылым саласы ең алдымен оның пайда болу тарихын білуден басталады. Осыған орай ұстаздарға зор жауапкершілік жүктеледі.
Күлзағира НҰРТАЕВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ы
“Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалының жаттықтырушысы.