Мейірімділік деген майшам сияқты ғой: өзгелерге жарық шашу үшін таусылғанша жанады. Бұл отбасылық деңгейдегі мәселе ғана емес: үлкеннің кішіге қамқорлығы, кішінің үлкенге ізеті, баланың – ата-анаға, ата-ананың балаға мейір-шапағаты және бұдан басқалары өз алдына бөлек әңгіме.
Халқымыздың мына бір қайырымдылығына қалайша таңданбасқа: ішер асқа, киер киімге жарымаған қиын-қыстау заманға қарамастан, топ ете қалған таудың тастарындай елімізге жер аударылған қаншама ұлыстарды аштықтан да, ажалдан да аман алып қалды ғой! Солардың сарқытындай болып көрінетін бірді-екілі ұрпақтары маған да мәлім: Солтүстік Кавказдың топырағын басқаным бар. Соғыстың көбі өтіп, азы қалғанда бұлар бомбадан да сұрапыл сұмдықты бастан кешкенін тарихтан білеміз: қарашайлықтар, шешендер, ингуштар – бәрі де жер аударылды ғой. Таулықтардың тағдырлары қайғы-қасіретке толы болды: бірен-саран әйелдер, балалар мен қариялар жол үстінде көз жұмыпты. Жоғарыда айтылғанындай, соларды аман алып қалған – біздің халқымыз: тар үйлерінің төріне шығарды, жарты нанды бөліп жеді. Нәтижесінде бәрі де жерсініп, түбі бір қазақ халқының қайырымдылығының арқасында қатарға қосылды. Қазақстанның топырағында дүниеге келген солардың ұрпақтарымен тілдесе қалсаң, бәрі де алғыстарын жаудырады келіп!
Солтүстік Кавказ халықтарының қонақжайлылығының сырына үңілгенде бір байқағаным: таулықтардың дәстүрі бойынша бұл адамгершілік парыз ғана емес, сонымен бірге қастерлі парыз. «Менің үйім – сенің үйің» деген сөз солардың ғана аузынан шығады! Табиғаттың өзі де мейірімділіктің мекенін еріксіз елестеткендей: аспанмен таласқан асқар таулар, шөкімдей бұлт жоқ көк аспан, шаңқиып тұрған Күні бар.
Осыдан бір-екі ай бұрын өңіріміздегі шешен-ингуш диаспорасының өкілдері «Қызылжар» облыстық мешітінде ас берді. Бұл шара 2015 жылдың 23 сәуіріндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған жаңа мереке – «Алғыс айту күні» қарсаңында өткізілді. Тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ халқына тағзым қылатын күн бұл.
«Қызылжар» облыстық мешітінде ас берген шешен-ингуш диаспорасының мүшелері қазақтарға айтылып келе жатқан алғыстарын тағы да қайталай келіп: «Кавказға келсеңіздер, сіздерді әр үй қуана қарсы алады», – деген еді.
Сөз жоқ, айтқаны ақиқат: туыстарымыздай болып кеткен солардың соншама бауырмалдығына сүйсінген Жанар деген қызымның бір емес, екі рет жазған тамсандыратын мақаласы 2013 жылы «Карачай», «Тылсым дүние» «Солтүстік Қазақстан», «Северный Казахстан» газеттерінде, ал 2015 жылы «Солтүстік Қазақстан», «Добрый вечер» және «Тылсым дүние» беттерінде басылды.
Кисловодскіде зайыбым мен осы қызымды қарсы алған, екі апта бойы екеуін үйлерінің бір бөлмесіне жатқызған қарашайлық Люаза мен Хасан Мамаевтардай бауырмал адамдар бар деп ойлаған жоқ едік. Люаза: «Туған қызымдайсың, шешең – апамдай», – деп, Хасан: «Құдайы қонақсыңдар», – деп елжіреген олар туыстарымыздай болып кетті: жиі-жиі хабарласып тұрамыз. Бара қалсақ, сый-құрметке бөленеміз: қой сойып, алдымызға кәуап қойып, басқа да ұлттық тағамдары дастарқанда толып тұрады.
Таулары тәрізді тікмінез болғанымен, Күн тәрізді еміреніп тұратын кавказдықтардың көңілдері көлдей екендігін Кисловодскідегі шипажайда бізбен бір үстелде отырған дағыстандық Наргиз Абахаргаджиева мен оның ұлы Гаджимурат та көрсетумен келеді. Екеуі де амандығымызды біліп тұрады және фотосуреттерін жіберуден де жалығар емес. Дағыстандағы Дахадаев ауданындағы Уркарах ауылында тұратын олар бірер апта үнсіз қалса, біз алаңдай бастаймыз… Айтпақшы, Гаджимурат бізді Дағыстанға қонаққа шақырып жүр. Кім біледі, бәлкім, бір күні барып та қалармыз?..
Түрі басқа болғанмен, түбі бір түркітілдес ұлыстар өкілдерінің қол ұшын беріп, қайырымдылық жасауға құлшыныстан танбайтын тамаша қасиетін былтыр да бір мәрте көргенім бар. Тайынша ауданындағы бір-екі ауыл қызыл судың астында қалғанда облыстық мешіт өңірдегі мұсылман диаспораларының көмек көрсетуін өтінгенде бір миллион теңгенің тауарлары жиналғанын өз көзіммен көрген едім. Тәжік диаспорасы – аяқкиім, қырғыз бауырлар – киім-кешек, түріктер – азық-түлік берген. Сөйтіп қаламызда тұратын түркітілдес этностар мұқтаждарға қол ұшын бере білді: мейірбан адамдар екен.
Кезінде көп болған, кейінірек көл сияқты ортайып қалған орыстар туралы айтсам, былай: облысымыздың орталығында қаншама жыл мемлекеттік қызметші болып еңбек еткен Елена Г. деген келіншектің есімі ғана есімде, көрген кісім емес. Отбасылық жағдайына байланысты Ресейге қоныс аударған оның мейірімділігі, меніңше, мыңдарға үлгі.
Қымбат дәрі таусылып қалғанында оны Ресей жақтан іздеуді ойластырғанымызда екінші қызым кезінде әріптесі болған осы Еленаға телефон шалды. Ол сөздің емес, істің адамы екен: бір айдың ішінде осы дәріні қолымызға тигізді. Қорабы құйма алтын сияқты көрінген қымбат дәрінің табылғанына қуанғанымыз-ай!..
Содан бері өте шыққан төрт-бес жыл бойы бұл келіншек біздің отбасымызға мейірімін төгуден танған емес: жыл сайын емес, тіпті, тоқсан сайын сапасы да, бағасы да көңіл көншітетін, ең бастысы – ауадай қажет дәрі-дәрмектің бір-екі түрін әкеліп береді. Мұндай мін-мүлтіксіз мейірімділіктен кейін: «Қайырымдылық пен қалтқысыз адалдық егіз екен-ау…» деген ой түймеу мүмкін емес қой!
Еліміздегі немесе өңіріміздегі өзге ұлыстардың өздеріне тән мейірімділігі халқымыздың қайырымдылығына қайтарған жауаптары да сияқты: солардың бәрі дерлік қиын-қыстау кезеңде өздерін аман алып қалған ұлтымызға әрқашан алғыс айтумен келеді. Бір байқағаным – өзге ұлыстардың рақымдылығы өзгеріске ұшырай қойған жоқ: бұрын қандай, бүгін де сондай.
Иә, бұл ұлыстардың мейірімділігі – өзгелерге өнеге. Мұны қалайша мойындамасқа?!
Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Петропавл қаласы.