«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӨЗ ЗЕРГЕРІ

Қара сөзді орып айтатын, кемел ақыл-парасатпен толқыта айтатын, озық ойлы, заманынан озып туған Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Сафуан Шаймер­денов 1987 жыл­ғы 23 мамыр күні Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитетінің бі­рінші хатшысы Г.В.Колбин қаты­сып отырған Қазақстан Жазушылар одағының пленумында қас батыр­дай қас­қайып, жанартаудай лапыл­дап тұ­рып сөйлеген еді. Ол осынау та­рихи сөзінде қазақтың ұлт ретінде із-түзсіз жо­йылудың аз-ақ алдында тұрғанын айта келіп, ұлтшылдық дегеніңіз бір ғана адамның құрғақ қиялында өмір сүріп отырғанын нығарлай тұрып жеткізген бола­тын. Осы­лай­ша, ұлтының ар-на­мысын бәрі­нен де жоғары қоятын сөз зергері Са­фуан Шаймер­де­новтің шығар­ма­шылық әлемі өзін­дік қырла­ры­мен, халықтық қасиет­терімен, те­рең сыр­ларымен айшықты, мағы­на­лы. Оның сурет­керлік табиғаты­на қа­тысты ойды академик-жазу­шы Зей­нолла Қаб­доловтың сурет­терімен өрбітсек, “сөз өнеріне бе­тіндегі бар ұяты­мен, кеудесіндегі күллі дірілі­мен қарайтындығын”, талғампаз, са­раб­дал, мәдениетті екендігін жә­не нәзік сыршыл­дығын көреміз.

Сөз мәйегі мен мәуесін төгіл­дір­ген жазушы әдебиеттің біраз саласында еңбектенген. Атап айт­қанда, “Болашаққа жол” (“Инеш” романы), “Мезгіл”, “Қарғаш”, “Жыл құсы” (“Битабар балуан”), “Өмір нұры”, “Ит ашуы”, “Мәж­нүн тал” хикаяттары, “Бір таба нан”, “Қолтаңба”, “Мені қалай үй­лендірмек болды”, “Жел ке­руен”, “Шарапат”, “Алтын сағат”, “Селдің екпіні”, “Қоламтадағы ар­ман”, “Көршінің кесірі”, “Қы­ран қияға самғайды” әңгімелері, дра­матургия жанрында “Дөкей келе жатыр”, “Қыр гүлі”, “Төрт бой­дақ, бір қыз”, “Шай­­қақ”, “Өкіл әке”, “Леп бел­гі­сі” және басқа пье­са­лары мен ұлт зиялыларының, әсіресе, атақ­­ты жазушылардың шы­ғарма­шы­лық өмірбаянын тол­ғаған “Аға­лар­дың алақаны” ат­ты естеліктер кі­та­бы бар. Сондай-ақ, бұл тізімге оның көркем әдебиет­тің тілі мен сти­лі, сын өнері, ау­дарманың тари­­хы мен теориясы, мәтінтану, сөз төркіні, терми­нология, халық ауыз әдебиеті, әде­биет тарихы жайлы ой-толғаныс­тарын қосуға болады.

Ол дарын қуатын аударма өне­рінде де танытты. Л.Тол­стой­дың “Альберт” хикаятын, Ра­биндранат Тагордың “Күйреу”, “Гәуірмаһан” романдары мен “Алтын сағым” хикаятын қазақ тілінде жұтынтып сөйлетті.

Жазушының болмыс-бітімі бө­лек­ше әрі тұрлаулы, әрі тұлғалы ке­сек туындысы “Инеш” рома­нын­да адам бойындағы рухани құн­дылықтар, ішкі сұлулық дү­ниесі және оның терең иірім-ағыстары, нәзік құбылыстары Мәу­­лен мен Инештің сүйкімді бей­­нелері арқылы шебер көрсе­ті­леді. Инеш образы күрделі­лігі­мен көркем. Негізінде, “Инеш” – романы қазақтың студент-жаста­ры­ның рухани мәдениеті мен ұлт зиялыларының кескін-келбеті жа­йында жазылған бірегей шығарма. Университет өміріндегі, студент­тер тағдырындағы, білім жүйесін­дегі, ғылым әлеміндегі, аудитория ішін­дегі, жазу, сөйлеу өнеріндегі алуан түрлі мәселелер көркемдік-эстети­калық тұрғыдан сипаттала­ды. Мә­се­лен, “Не оқыдың?”, “Қан­ша оқы­дың?”, “Қалай оқы­дың?” дей­тін сұрақтар студенттер­дің сана­сын жаулап алғаны қы­зық­тырады. Уақытым кетті де­мей­ді, қала кі­тап­ха­наларының бар­лы­ғын шар­лай­ды, уақытты бағалай­ды. “Уақыт деген – көзге көрін­бейтін мазмұн, әлеуетті күш, ше­шегін жармаған гүл, оқылмаған кітап, болуға тиісті оқиға, ашыл­ма­ған ғылыми жаңалық. Келер уақыттың әр секундында ұлы іс­тердің ұры­ғы бар”. Бұл – Мәу­лен­нің түйінді тұжырымы. За­дында, “Инеш” ро­манында оқыр­ман­ның дүние­та­нымын, тарихи-көркем ойлау қа­бі­летін, адамгер­шілік мәдениетін, ізгілік пен сұлу­лыққа деген құл­шынысын арт­тыратын көркемдік көрсеткіштер жеткілікті.

Майталман суреткер Сафуан Шаймерденовтің “Битабар ба­луан” дейтін туындысы өнер дүл­дүлі Балуан Шолақтың салдық-серілік, балуандық өнерін кеме­ліне келтіре келісті сипаттауымен басталады. Иә, қос тізесіне аққу­дың көгілдіріндей қос қызды қон­дырған Балуан Шолақ әйгілі “Ға­лиясын” сұңқылдатып отырады. Балуанның әу бастан бергі дағдымашығы: егер де жас берен аман­дасса, қолын бытырлатып, сүйегін сықырлатып, соншалықты бар қуат-тегеурінімен, батырып-баты­рып жібереді екен. Ондайда әлгі адамның көзі атыздай болып, тіпті шыбын жанын қоярға жер тап­пай­тын көрінеді. Оның екінші бір көрсететін керемет ойыны тағы бар. Балуан өзінің алқымынан алып қылғындыруға рұқсат етеді екен. Демі үзіліп кетсе тәңірі ал­дында сұраусыз. Осы бір заматта жұрт жас пері Битабарға сен өнер көрсет деп қолқалайды. Себебі, бірде Битабар оқыста күректей ала­қанымен көкшуланды кеңір­де­гінен алып, аспанға лақтырып, сілейте өлтірген.

Баба сұңқар рұқсат берген соң, бала сұңқар кірісіп те кетеді. Осы­нау ғажайып сәтті суреткер С.Шай­­мер­де­нов былайша өрнек­тей­­ді: “Бар кү­шімен Балуанды ал­қым­дап жоғары кө­тере берді. Сол кезде Ба­луан қойдың жілігін жемса­уына са­лып жіберіп, бытыр еткізе түсіретін бүркітке ұқ­сап, басын мойнына ала беріп, шұл­ғып қалып еді. Бита­бар­дың қолы сарт етіп шы­ғып кетті. Мойын емес, темір дерсің, тыр­нақ­тың ізі де қал­мапты”. Балуан­ға үш жігіт жабы­лып, жалғыз жұды­рығын аша алма­ды. Он жігіт жабы­лып, жалғыз аяғын бүге алмады.

Әлбетте, Балуанның кісілік қасиет­тері де ерекше еді. Сафуан аға оны Балуан Шолақтың жас арыстан Битабарға берген лебізі арқылы аң­ғар­тады: “Жалғыз-ақ айтарым: күрес те өнердің бір төресі. Мал табар оңай кәсіпке айналдыра көрме!”. Бұл сөз Битабардың жас жүрегіне хат­тай жа­зылып қалғанды. Өмір бойы кір­шік­сіз қалпында бойтұмар­дай сақ­тады.

Балуан Шолақ елден аттанар ал­дында Әлім абыз бір нар түйеге, бір ту биеге, он қозылы қойға сатып алған мінсіз қара жорғасын мінгізеді. Сонда Балуан Шолақ:

– Өмір деген қан базар. Мен сол базардың жуан ортасында жүрген жанмын. Базардан қайтқандарға жорғаның керегі жоқ. Есек мінсе де жарай береді. Жорға мен жүйрік қан базарға бет алған жас арыстандарға керек, – деп құлшына түйіп, тұл­пардың тізгінін Битабарға ұстатады.

Бұл бір әдемі тәмсіл, қазақы сұлу дәстүр, мәрттік, мырзалық қой. Осы­­нау сүйкімді, шырайлы жол-жо­раға көз көргендер де, жас балуан­ның анасы да, сүйген сұлуы да ырза.

Суреткер Сафуан Шаймерде­новтің “Битабар балуан” хикаятында басты кейіпкер Битабардың өмірін шытырман оқиғалар арқылы сон­шалықты шынайы, табиғи тұр­ғыдан суреттеп береді.

Шахта бастығы Иван Иванович Левенштерннің арқасында Битабар­дың кеншілік өмірі абыроймен бас­талғаны, тасқа мылтықтың оғындай қадалатын темір сапты қайламен дала көкжалы Битабардың опырып жұмыс жасағаны көз алдыңнан өтеді. Бірде шахта басшысы айтулы кеншілерге арнап, той дастарқанын жаяды. Өмірінде татып алмаған “ащы судан” Битабарға ішкізеді. Сонымен уыздай жас есепші Мария Алексан­дровнаға “көңіл құрығы” түсіп, әб­ден арақтың буына уланған Битабар мәре-сәре болады.

“Мылтықтың басуына құланның қасуы” дегендей, ашық күнде най­зағай ойнап, Битабардың үйі тінті­леді, іс насырға шабады. Айдан бері қонақ болып жатқан Әлім қарттың баласы Бертшектің қапшығынан алтынның құймасы табылады. Өзі­нен-өзі күдіктенген Битабар: “Апыр-ай, арам жолдың ақыры осы бір аз күнгі бейнетпен кетсе жарар еді?! – деп көкірегі қарс айырылады.

Жазушы С.Шаймерденов бейкү­нә Мария Александровнаның қазақ халқы туралы таным-түсініктерін былайша жеткізеді. Оның ойынша, бұл халық – мейлінше көнтерлі, аң­қау, ер, иланғыш, пәк. Мария Алек­сандровна тізерлеп отырып, бажай­лап түсіндіріп, Иван Иванович Ле­венш­тернді уәжіне көндіріп, Бита­бар­дың адалдығын, адамшылығын, арлылы­ғын, артықша азаматтығын дәлелдеп, оны абақтыдан құтқарады.

Шығарма оқырманды толған­дырады, ойландырады. Мысалы, Әлім қарияның Бертшек пен Бита­барға айтқандары: “Біріңде білек пен жүрек бар. Біріңде ақыл мен білім басым. Осы төрт қасиетті тең ұстаң­дар – биікке самғайсыңдар,.. тату жү­ріңдер”. Қандай ұлағатты сөз!

Жазушы кең сахараның кемел тынысын, буырқанған бояуларын, кәусар ауасын, дүлей бораны мен нө­сер жаңбырын суреткерлікпен сөй­летеді.

“Ит ашуы” хикаяты – символика­лық мәні ерекше шығарма. Марғау мейлінше есті, ұғымтал ит. Лезбай­дың малын түгел таниды, бөтен отар­­ға қосылып кетсе, өз отарына қо­са­ды. Кісілердің болмыс-бітіміне де қыра­ғы, сақ. Лезбай онымен адам­ша сөйлеседі, сыралғы Марғау да оны жыға түсінеді. Әрдайым өзі­нің қа­лыптасқан әдет-дағдысы бо­йынша отардың оң мен солын кезек бүйір­леп, орағыта шауып, бөтен көзден, жат қолдан сақтандырады. Отарды ала тайдай бүлдірмекші бол­ған көк­шуланды Марғау қалай сас­тыр­ғанын жазушы С.Шаймерденов былайша кестелейді: “Марғау көк­жалды қарсы қабаққа асыла бергенде қуып жетті де, жұқа шаптан қапсыра қауып, тұмсығымен түйіп өтті, көк­шулан тоң­қалаң асып барып, қайта тартты. Шабынан саулаған қан қар­ды таспадай тіліп, сызып барады”.

Лезбайдың ширек ғасыр отасқан жары Айған дүниеден озғанда Мар­ғау оның моласының басында үш күн бойы жағы тынбай ұлиды…

Лезбай Ұмсындықпен көңіл қос­ты. Қоныс аударды. Жұртта оның ес­кірген тоны қалды. Марғау өрше­лене арпылдап үреді. Марғаудың өктем, екпінді дауысына шыдамаған Лезбай оны бишікпен тартып жібе­реді. Содан Марғау ізім-қайым жоғалады. “Қайт­се де Марғаудың тон күзетіп қал­ғанына талай уақыт. Тұмсығын со­зып, ауадан Лезбайдың иісін іздейді”.

Лезбай Марғауды іздеп келіп көреді. Айтпақшы, бірде Лезбай­дың үйіне ферма бастығы Қарға­бек келеді де, Лезбай далаға ұзағы­рақ шығып кетеді. Соны пайда­ланған арам пиғылды Қарғабек Ұмсындыққа қол салады. Мұның қимылын үнсіз бағып жатқан Марғау Қарғабекті талап тастайды.

Содан Лезбай қамауға алы­нады. Жалпы, Марғаудың таным-түсінігі, іс-әрекеті, сезімталдық қасиеттері, нені болсын қас-қаба­ғымен меңзеп сездіруі, білдіруі құдды адам­дікін­дей. Жазушы адам болмысын Мар­ғаудың көзімен үңіліп барлайды.

Ең соңында фер­ма бастығы Қарғабек сияқты сұмырайға “қар­сы тұрар қай­раты жоқ” жаралы Мар­­ғау тұм­сығын көк­­ке беріп, ұзақ ұлып үрді де, бір жам­бастап келіп су­дан өтті. Бет алды – қалың жы­ныс тау беткейі деп Марғаудың мәңгілік белгісіз әлемге сіңіп бара жатқа­нын сипаттайды.

Тегінде, жазушы С.Шаймер­деновтің “Мезгіл”, “Мәжнүн тал” хи­каят­тарын оқығанда кейіпкер­дің жан жү­йе­сін терең бейнелеп суреттеуде оның диа­логты ұсталықпен қол­данатынын бай­қай­­­сыз. “Мезгіл” хикаятында: “Адам кө­ңілі ғажайып үндерге, ғажайып сыр­ларға тұнып тұрған нәзік пер­не сияқты емес пе?” – дейді ол. Иә, Сафуан аға өз кейіп­кер­лерінің психологиясын тереңнен ашады. “Жел керуен” шығарма­сын­дағы бақай есепті білмейтін, шы­найы үйлесімділікті тілейтін, бе­ре­келі тату тірлікті сүйетін, кө­ңіл­дің жыр­тығын жамайтын біртоға, шалқар пейілді, мейірлі Кәмила, “Мезгіл” хикаятындағы үйдің құты, табанын тасқа тілдірген, маңдайын отқа қарытқан Бибігүл, “Мәжнүн тал” туындысындағы “түп-түгел асыл заттан құя салғандай” Әспет образ­дары кіршіксіз сұлулығымен, өлшеусіз адамгершілік қасиет­тері­мен, рақымшылық-ізгілік сәуле­сімен ұлт руханияты тарихында жасай бермекші.

1982 жылы көгілдір экран арқылы сөйлеген сөзінде Сафуан Шаймерденов “мен жазушыны өз халқының рухани көсемі деп танимын” деп айтқанды. Сөзіне ісі, ісіне болмысы сай, заманмен аяғын тең басқан қалам қайрат­кері тарихи дәуір әдебиетінің тыныс-тіршілігін тамыршыдай бақылап, зерделеп отырды. Мұх­тар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әлжаппар Әбішев, Ғабиден Мұс­тафин, Жұмағали Саин, Өтебай Қанахин, Бердібек Соқпақбаев және т.с.с. сөз саң­лақтарының шы­ғармашылық шеберханасы жөнінде ой-пікірлер өрбітті.

“Сегіз қырлы жазушы” дейтін мақаласында (1983) Тахауи Ахта­новтың “Қаһарлы күндер”, “Бо­ран” романдары жайлы өрелі ой өрсе, Тәкен Әлімқұловтың новел­лаларын талдауы да оқырманды сүйсіндіреді. Зейнолла Қабдолов­тың майдан қыл суырғандай сың­ғыр қаққан жатық, мөлдір тілі мен шығармасы хақында да өзіндік сыр ақтарады. Сондай-ақ, “Көз­қуа­ныш” мақаласында (1965) Әбіш таразы­сы әрі таза, әрі әділ, “жазу, ойлау жүйесі, суреттеу әдісі, сөз саптауы” ерекше екен­дігін бажайлап тү­сіндіреді.

“Қорытпа” деген ой-толға­ны­сында (1991) Мұхтар Шахановтың қайраткерлік, ақындық еңбегіне айрықша тоқталып, ақындық то­лым­ды талант пен күрескер аза­мат­тық қасиеттердің қорытпасы­нан жаралған өрелі тұлға деп ой қо­рытады.

Ұлттық әдебиеттану ғылы­мын­да мәтінтану мәселесі кенжелеп қалғаны өкінішті. Дегенмен де, ақын-жазушының өнернамасында, нақтылы айтқанда, Сафуан Шай­мерденовтің әдеби мұрасында әдемі ой-түйіндер баршылық. “Гауһар ма әлде сусар ма?” дейтін ой-топ­шылауларында, айталық, Ақан серінің “Маңмаңгер” әніндегі “Кекілің келтенің” – “Кекілің күлте” екені, ал Балуан Шолақтың “Сұрша қыз” әніндегі “Әндір, ән­дір, әндірайдың” – “өндір” екені бәсенеден белгілі дейді. Себебі, “өндір – балғын – балауса­лықтың, сындарлы сұлу­лық­тың баламасы ғой” деп орын­ды ұсыныс айтады. Сондай-ақ, Біржан салдың “Шетіне орамал­дың түйдім сусар” деп келетін “Жамбас сипар” әнінің жолын­дағы “сусардың” тек-төркініне сұңғылалықпен үңіледі.

Және де “Сөз тегінен” деген байыптамасында “Зеренді”, “Бу­рабай”, “Сібір”, “селеңдеу”, “қы­руар” сөздерінің төркінін қисын­ды саралайды.

Кең құлашты қаламгер көркем аударма мәселелеріне арнап 14 мақала жазыпты. Ақтарып-тек­серіп қарағанда, ғылыми-теория­лық ой-пікірлері соны пайым­дауларымен, жаңалықты ой-түсініктерімен ерекшеленеді. Сон­дай-ақ, ол Әбу-әли Ибн-Сина, Жәми, Махатма Ганди, Рабин­дра­нат Тагор, А. С. Пушкин сынды жаһанға мәшһүр тұлғалардың өмірі мен өнер­паздығы жөнінде де ой тербейді.

Көркем сөз зергері, драматург, әдебиет пен театр сыншысы, көсемсөзші, аудармашы Сафуан аға университет студенті шағында Рабиндранат Тагордың “Бағбан” дастанындағы “Біздің қыстақта балдырған жас уыз бар, мен де сондай мәңгі бақи балғынмын, біздің қыстақта көне заманның өзіндей қария, мен де сондай мәңгі бақи қариямын” деген жолдарды сүйсініп оқығанын жазады. Ойлап қарасақ, оның өмірі де артына қалдырған мол мұрасы арқылы осы жолдармен үндесіп жатқандай.

Серік НЕГИМОВ, фило­ло­гия ғылымдарының

докторы, профессор.

Астана қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp