Қазіргі уақытта өңір диқандары күзгі орақ науқанына білек сыбана кірісуде. Солардың қатарында ауданымыздың Архангелка ауылдық округіне қарасты Баян ауылындағы “Ақ Жер – 2010” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан шаруашылық бүгіндері дәнді және майлы дақылдар егумен айналысады. Серіктестіктің бас агрономы Марат Мұсариновтың айтуынша, үстіміздегі жылы агроқұрылым 13,5 мың гектар алқапқа бидай, арпа, бұршақ, сондай-ақ, жасымық, рапс, зығыр, күнбағыс және нұт сіңірген. Ауа райының қолайлы әр күнін тиімді пайдалана білген шаруашылық диқандары бүгінде егіс алқабының 40 пайызын дестеге түсіріп үлгеріпті.
– Биыл біз өнімділікті екі есе ұлғайту мақсатында жеті түрлі дақыл сіңірген болатынбыз. Жауапты науқан барысында бірінші кезекте уақытынан бұрын пісіп-жетілген бұршаққа орақ салдық. Қазіргі уақытта 1800 гектар жасымық бастырылды. Оның өнімділігі жақсы, гектар басы орта есеппен 29 центнерден өнім алудамыз. Дәнді дақылдардың орташа шығымдылығы 26-29 центнерден айналуда. Екінші бригадамыз Ұзынкөл ауылы жанындағы танап басында жүр. Онда да астықты жинау ісі қарқынды жүргізілуде, – дейді Марат Мұсаринов.
Астықтың сапасына мән берген серіктестік соңғы жылдары нөлдік технологияны қолдануда. Үстіміздегі жылы шаруашылық алқаптарының 90 пайызына өсімі жоғары тұқымның гибридтік сұрыптарын сепкен.
Бұл жұмыстардың нәтижесінде жергілікті диқандар рапс алқабынан мол өнім жиналады деп күтіп отыр. Былтыр бір гектар жерден 2,5 тонна бұршақ алынса, биыл 3 тоннаға жуық өнім жиналады деген үміт бар. Күнбағыстың өсіп-жетілу кезеңі ұзақ екенін ескерген серіктестік 605 гектар жерге оның бес түрін сіңірген.
Агроқұрылымның бас инженері Самат Мұқатаев қазіргі уақытта егістік алқаптарында “CLAAS” және “ACROS” маркалы 9 комбайнның жұмылдырылғанын тілге тиек етті. Бірер күннен соң олардың қатарын “TORUM” маркалы екі комбайн толықтырады. Орылған астықты агроқұрылымның қоймасына жеткізу жұмысына 11 “КамАЗ” бен тіркемелі екі трактор тартылған.
Жұмысшылар күн-түн демей, танап басында жүр. “Claas” тракторын тізгіндеген Ербол Бітіков – еңбегінің жемісін көріп отырған көп жұмысшылардың бірі. 24 тонналық “Бурлак” маркалы қос тіркемесімен тракторшы күніне 3-4 рет қырманға астық апарады. Қырман басындағы астық кептіріліп, тазаланғаннан кейін қоймаларға жеткізіледі. Осы орайда қырманның меңгерушісі Е.Жақыбаев, астықты тиеуші Р.Бәкіров, астықты кептіру және өңдеу жұмысында тер төгіп жүрген Қ.Жамалитдинов, И.Гарибжанов, О.Аймурзин, Р.Шақабаев, Р.Гарибжанов, Б.Байдосовтардың еңбегін атап айтуға болады.
Серіктестіктің басшылығы өзге агроқұрылымдар сияқты жұмысқа қолбайлау болып келген ескі техникадан біртіндеп арылуды қолға алған. Мәселен, биылғы көктемде шаруашылықтың техника паркі “John Deere” маркалы екі жаңа трактормен толыққан. Заманауи техниканы сатып алуға 400 мың АҚШ доллары жұмсалыпты. Серіктестік өкілінің айтуынша, бір трактормен тәулігіне 400 гектар жерге дән себуге болады.
“Ақ Жер – 2010” ЖШС-нің базасында асхана, монша, жатақхана және тағы басқа ғимараттар бар. Басшылық танап басындағы жұмысшыларды тегін тамақтандыруды ұйымдастырып, алаңсыз жұмыс істеулеріне жағдай жасауда. Диқандар алдағы он күннің ішінде күзгі орақ науқанын аяқтауды жоспарлап отыр.
Игілік РАХМЕТОВ.
Жамбыл ауданы.